Жетпісбаевтың командасы екі сөйлеп, елді алдады

Oinet.kz 13-11-2009 868

20170926160821577_big.jpg

«Шымкент  қаласындағы тұрғын үйлердің қысқа дайындығын  98,5 пайызға орындап тастағанбыз. Бюджеттік мекемелер тіпті тамыздың 12-інде дайын болып қойған».  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қысқа дайындық штабының төрағасы  Нұржігіт Қалмырзаев алғашқы қар жауған күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осындай ақпараттарды бұрқыратып тұрып берді-ай дейсіз. Әй, бірақ әттеген-айы сол қар жауып қатал сыншы -қыс қаһарын төккенде суық үйде бүрсең қағып, «жаңғақ шағып, жиде қаққан» халыққа шымкенттік шенеуніктер шапағатын тигізуге щарасыздық танытып «Мақтаған қыз де тойда осырады» дегеннің керін келтіргенін қайтерсіз? «Ер екі сөйлемейді» деуші еді. Бүгінде шенеуніктер  екі сөйлеуге, өтірік ақпарат айтуға еттері өліп, бойлары үйреніп кеткендері соншалық популистікті күн көретін кәсіпке айналдырып алды. Тұрғын үйдегілер оранып-қымтанып қам-қаракетін жасағанымен бала-шағасы, өздері де жаппай тұмауға шалдығып әбден әбігерге түсті. Әсіресе бюджеттік мекемедегілерге обал болды.  Басқа жақты айтпай-ақ қоялық, көршілес Жамбыл облысы 20 қазанда жылыту маусымын бастап кеткенде шымкенттіктер қар жауған 10 қараша күні жылу болмай азапты күй кешті. Сонда қала әкімі Арман Жетпісбаевтың командасы Нұржігіт Қалмырзаевтың екі сөйлеп, елді алдағандары қалай? Айыптауға айғақ керек еп? Айтайық.

Қарашаның 10 жұлдызын Шымқаладағы жылуды зерттеуге арнадық. Бұл қар жауған күннің екінші күні. Қаланың шеткі аумақтарын емес, орталығынан бастағанды жөн көрдік. Алғаш табалдырық аттаған мекеме Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының ғимараты болды. Есіктен ене сала жылу батареясын ұстап көрдік. Мұздай. Жылудың берілмегенін ішкі салқынның өзі-ақ айтып тұр. Студенттер сыртқы киіммен жүр. Үзіліс кезінде мейлі, сабақта тоңатыны сөзсіз. Бетпе-бет жолыққан студенттер жаурағандықтарын жасырған жоқ. Оқу орнының ақпараттық есептеу орталығының басшысы Мырзабек Сарыбаевтың бөлмесіне бас сұқтық. Ол электржылытқышты пайдаланып отыр екен. Университет ғимаратының орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанын айтты. «Әкімдердің теледидардан, баспасөзден қысқа дайынбыз деген сөзіне сенгеніміз рас, бірақ, нәтижесі керісінше болып отыр» дейді Мырзекең. Оқу орнынан кейін Шымкент қалалық №1 балалар емханасының жылуын көрдік.

- Бізге жылу кеше берілді. Біз орналасқан ғимараттың жоғарғы қабаттары тұрғын пәтер болғандықтан жылу бермеске болмайды. Жылу жүйесін тексеру барысында су ағып кетіпті. Сол себепті кешіктіріп берді. Бірақ, мен тұратын Республика даңғылы 20 «А» үйде әлі жылу жоқ. Жаурамаудың амалын жасап, электржылытқыштарды пайдаланудамыз, - дейді емхананың бас дәрігері Сара Оспанова.

Келесі кезекте негізінен студент жастар жиі бас сұғатын Пушкин атындағы орталық кітапханаға келдік. Мұнда да бәрі дірдек қағып жүр. Жылу жоқ. Сонда студенттер сабаққа сағаттап отырып қалай дайындалмақ? Студент жастар мейлі, бір амалын жасайды, ал балабақшадағы бүлдіршіндердің жағдайына кім жауапты? Дәл қаланың орталығында орналасқан №15 «Жадыра» балабақшасында болғанымызда мұнда да сол көрініс. Бөлмелер электржылытқыштар арқылы жылытылуда.

- Бүгін, әйтеуір, ауа райы қарасып, күн аз да болса жылынды. Кеше қатты қиналдық. Әкімшілікке қаншама рет телефон шалғаныммен нәтиже болмады. Ешкімді ала алмадым, таппадым. Қол қусырып отырмай, шаруашылық меңгерушісін әкімдікке жібердім. Жылудың жоқтығын жазбаша түрде жеткіздік. Қалалық білім бөлімімен үнемі байланыста болдық. Өзіміз амалдап балаларды тоңдырмаудың амалын жасадық. Бүлдіршіндер ойын бөлмесіне келгенде жатын бөлмені, ұйықтағанда ас ішетін жерді дегендей кезек-кезек жылытумен болдық. Бөлме ішіндегі температураны 15,17 градуста әрең ұстап отырдық. Негізінде бөлме ішінің жылылығы кемі 18 градустан төмен болмауы керек. Бүгін осындай температураны ұстап отырмыз. Электр жүйесіне салмақ түспес үшін өзіміз отыратын бөлменің жылытқышын жиі өшіріп қоюдамыз. Бірінші кезекте бүлдіршіндерді тоңдырмауымыз тиіс. Бүгін жылу жүйесін тексеріп жүр. Құбырлар сыртта ашық жатқандықтан тот басқан. Бұранданы күшпен ашамыз дегенде құбырға сызат түсіпті. Соны жөндеуіміз керек деп айтып кетті қазір, - дейді балабақша меңгерушісі Фатима Тілеубердиева.

Бұл күні кешке дейін облыстық балалар ауруханасында да жылу болмады. Халық жиі бас сұғатын қаладағы №3 халыққа қызмет ету орталығына хабарласқанымызда онда да осы көрініс. Кезінде Бауыржан Момышұлы секілді ұлы тұлғалар тәлім алған қаладағы ең үлкен білім ұясының бірі Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектепте де жылудың жоқтығына көз жеткіздік. Орталық Б.Момышұлы, Ильяев, М.Мәметова көшелерінің бойындағы, 8-мөлтекаудан аумағындағы таныстарыма хабарласып шықтым. Барлығы да жылудың әлі берілмегенін айтты. Сонда қаланың 98,5 пайызға дайын екендігі қайда?

- Үйде кішкентай баламмен отырмын, жылу жоқ. Балалар жататын бөлмені амалдап жылытып жатырмыз, қалғандары суық. Өзім суық тиіп, ауырып қалдым. Жөтел де қыса түсті. Енді кішкентайыма жақындауға да қорқып жүрмін. Осы жайт жыл сайын қайталанады. Тараз қаласында бір танысым тұрады, оларға өткен айдың 20-ларына-ақ жылу беріліп қойыпты. Ал бізде қарашаның орта беліне ауып бара жатса да әлі дірдектеп отырмыз. Көрші жатқан Тараз бен Шымкенттің ауа райында анау айтқандай айырмашылық жоқ қой, - дейді Байтіленова көшесі 35 үй, 68 пәтердің тұрғыны Айгүл Смаилова. Осы үйдің тұрғындары О.Воронцова, Н.Гущена секілді бірқатар азаматтар да жылудың жоқтығын ашына жеткізді. Олардың айтуынша әлі үйдің су жүйесіне су жіберу арқылы тексеру (опресовка) де аяқталмаған екен. Бір жолы келіп, су жібергенде құбыр тесіліп, содан қайтып жөндеуге келмепті. «Сонда екі жылдан бері ай сайын бір бөлмелі пәтер иелері 180, екі бөлмелілер 240, үш бөлмелілер 290 теңгеден не үшін төлеп отырмыз» деген наразылықтарын алға тартады.

Міне, республикадағы үшінші қала мәртебесіне ие Шымкенттің тұрғындары осылайша алғашқы қарды дірдек қағып қарсы алды. Ал қалалықтарды жауратпауға тікелей жауапты қала әкімі Арман Жетпісбаев болса біресе қоғамдық ұйым басшыларымен, біресе өзінің бұрынғы кеңесшісімен соттасып, дауласудан, соңынан сөз ертуден қолы босаңқырамай жүр.

   Шадияр Молдабек,

"Рейтинг" газеті №40, 13 қараша 2018 жыл

Болат Жылқышиев: «Әкемді әдебиетке әкелген Әуезов»
Көмекбаева көмектеспесе туысқаны Ахметбаев төсбелгі алар ма еді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу