Жаңа Жыл қайдан шыққан?

Oinet.kz 18-03-2019 1578

Screenshot_20.jpg

Барлық адамзатқа ортақ бір ғана мереке бар. Ол жыл басы—Жаңа жыл. Рас, жаңа жылды әр халық әрқалай және әр мезгілде қарсы алады. 

Тарихшылардың айтуынша, жаңа жылды тойлау алғаш рет біздің жыл санауамызға дейінгі үшінші мыңжылдықта Месопотамияда пайда болған екен. Диқаншылықпен айналысқан месопотамиялықтар бұл мерекені Тигр мен Ефрат өзендері таси бастаған наурызда қатарынан 12 күн бойы сән-салтанатпен, ұлан-асыр тойменен атап өтіпті. Бұл кезде жұмыс істеуге және сот істерін қарауға тыйым салынған. Бірте-бірте бұл дәстүр Таяу Шығыс халықтарына, одан кейін гректерге, ал гректерден Батыс Еуропа елдеріне тараған. 

Ежелгі Рим императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбені (қазіргі юлиан күнтізбесін) енгізген кезде жыл басын қаңтардың 1-інен бастаған. Содан бастап римдіктер бұл күні Янус құдайына құрбандық шалып, жыл берекелі болсын деген ырыммен жылдың алғашқы күнін мол дастарханмен қарсы алған. Қаңтардың, яғни январь айының аты  да осы Янус құдайымен байланысты.   

Жаңа жылды жасыл шыршамен атап өтуді алғаш рет немістер орта ғасырларда қалыптастырған. Жаңа жыл қарсаңында герман тайпалары орманға барып мәңгілік жасыл шыршаны түрлі-түсті шүберектермен безендіріп, осы жерде өздерінің діни рәсімдерін орындаған. Бертінде олар шыршаны кесіп, үйге әкеліп, оны балауыз шамдармен, тәтті алмалармен әшекейлеп отырған. Герман тайпалары шоқындырылғаннан кейін бұл дәстүр бірте-бірте христиандық әдет-ғұрыптармен сабақтаса бастайды. Шырша безендіру дәстүрі енді Рождество мерекесі қарсаңында атқарылған. 

Рождество шыршасының алғаш рет қай елде орнатылғаны жөнінде әлі күнге нақты бір байлам жоқ. Тарихи деректерде 1510 жылы Ригада шырша орнатылып, онда діни рәсімдердің орындалғаны туралы мәліметтер сақталған. Алайда жуырда эстондық зерттеушілер алғаш рет Рождестволық шыршаның Таллинде 1154 жылы, яғни Ригадағы шыршадан 400 жыл бұрын орнатылғанын дәлелдедік деген мәлімет таратты. Бұл мәлімдеме Эстония мен Латвия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа әжептәуір салқындық алып келген. Рига мэрі көршілерінің мұндай мәлімдемесіне реніш білдіріп, «шаршалар соғысының» елдің коммерциялық мүддесіне елеулі түрде нұқсан келтіргенін және оған тез арада жауап қайтаратынын жеткізіпті.

 Ресейде Жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрі 1700 жылы қаңтардың 1-інде I Петрдің енгізген. Дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталған. Дегенмен бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтардың шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады.

Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында «Шыршалар мерекесі» деген тарау бар. Оның жазуынша, мереке ең басында құдайлар мен аруақтар мекені – жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер – Судың (Иерсу) құрметіне арналыпты. Жер – Судың жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүрсе керек. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті. Мұрат Әджінің дәлелдеуінше, ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып: «Түн кетіп, Күн келсін», деп ән салған. Осылайша Мұрат Әджі Жаңа жыл түніндегі «үлде мен бүлдеге» бөленген шырша мерекесінің І Петр патшадан да әріде болғанын баяндап, ол түркілер дәуірінде сол халықта тойланғанын дәлелдейді.

Белгілі этнограф – тарихшы, марқұм Ақселеу Сейдімбек Жаңа жылдың көшпелілер мейрамы екендігі туралы былай деп жазған екен: «Өмір – тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы, адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар, Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсан-ның 25-і Исаның туған күні деп тойлайды. Мен, бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде, қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін.

Тарихи дерек бойынша, 532 жылға дейін бүкіл Еуропа Диоклитан календарын тұтынған. Ол христиан дініне қарсы адам. Сол кезде христиан дінін басқарушы кординалдардың бір басқосуында жыл басын Исустың туған күнімен бастау жөнінде қарар қабылданады. Бір қызығы, сол басқосуға қатысқандардың ішінде Исустың туған күнін ешкім білмейтін болып шығады. Сонда босаға жақта отырған скифтен шыққан есепші-жұлдызшы  Диониси деген кісі: «Жарықтық, Иса пайғамбардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген», - дейді. Оған ешкім де дау айта алмайды. Өйткені, Иса пайғамбардың туған жылын айғақтайтын ешқандай тарихи дерек болмайтын. Ал Дионисидің аузынан шыққан 532 деген сан көшпелілер үшін киелі сан болатын. Яғни, көшпелілер табынатын аспан денелері – Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы Айдың дөңгелегінің саны 19 бен Күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532. Демек, Жаңа жылды тойлағанда бұл мерекенің де көшпелілер пайымымен байланысты екендігін ескерген жөн. 

Қысқасы, сол деректерге ден қойғанда, Жаңа жыл таза көшпелілердің мейрамы екенін мойындауға тура келеді. Бірақ Еуропаға бұл мейрам жерсінді. Бұған Аяз ата, шырша, шырақ жағу сияқты Еуропа елдері өздерінің этнографиялық реңктерін беріп, байытты. Содан бүгінгі күні мүлдем танымастай өзгеріп, Еуропалық мейрам болып шыға келді.»

Расында да, діни күнтізбе бойынша, католиктер Иса пайғамбардың туған күнін, яғни Рождествоны 25 желтоқсанда, ал православтар 6 қаңтарда атап өтеді.  Інжілді зерттеушілер Иса пайғамбардың біздің жыл санауымыздан бұрынғы 5-7 жыл аралығында дүниеге келген деп есептейді. Христостың қай жылы дүниеге келгенін анық білмейтін христиандар оның туған күнін қайдан біле қойсын? Бұл жөнінде болжамдар көп, бірақ нақты дәлел жоқ. Олай болса мерекенің 25 желтоқсанда атап өтілуі қайдан шыққан және бұл датаның ежелгі көшпенділердің тойлап жүрген «күннің түнді жеңген»--қысқы тоқыраумен және «шыршалар мерекесімен» бір уақытқа сәйкес келуі тегін емес-ау.  

Ежелгі көшпенділер аспан денелерін жіті бақылап отырған. Айдың жерді бір рет айналып шығуы, яғни 30 күн--бір ай, жердің күнді бір рет айналып шығуын--бір жыл деп есептелген. Ал алып ғаламшар Юпитер күнді 12 жылда бір рет айналып шығады екен. Осыны жақсы білген ежелгі көшпенділер 12 жылды бір мүшел деп есептеген және 12 жылдың әрқайсысына жан-жануарлардың аттарын берген. 

Созақта Асқар Сүлейменовке ескерткіш қойылды
«Өз ойым» бағдарламасына шүйліккен Нұрболхан Шарапов той жүргізгеніне 500 мың теңге алатынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу