Қаламгерлер қалжыңы. Слам Нұрмаханбетұлы

Oinet.kz 22-03-2019 924

Screenshot_11.jpg     

Журналистер, ақын-жазушылар, жалпы қолына қалам ұстаған қауымның ортасы әзіл-қалжыңның кені саналады. Сондай әдемі әзіл, қазақы қалжыңдарды қағазға түсіріп, «Оңтүстік» баспанасынан «Қаламгерлер қалжыңы» деген атпен кітап етіп бастыртып шығарған Слам Нұрмағанбетұлы жуырда пайғамбар жасына толып, өзі істеген «Оңтүстік Қазақстан» газетінен құрметті зейнеткерлікке шықты.

Журналистердің кәсіби мерекесіне орай Слам Нұрмаханбетұлы жинақтаған оңтүстіктегі қаламгерлердің қалжыңынан үзінділерді сүйікті басылымыма  ұсынсам деп едім.

     Түсініксіз сөз

    Аптаның әр сейсенбісінде өтіп тұратын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің лездемесінде кезекті шолу жасаған Мәриям Танашева: «Осы Мұхтар Шерімовтің фельетондарында түсініксіз сөздер өріп жүреді»,- деді. Сол күнгі лездемені жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков басқарып отыр еді.

-- Нақтылап айт, қандай сөздер?- деді.

--Мысалы,-деді Мәриям газетке үңіле түсіп:

--«Дупль мас» дейді, «дуплі» несі?

Еркектер жағы шу ете қалды:

-- Ой, оны түсінбейтін несі бар?

-- Ол өте түсінікті сөз, ары қарай кете бер!- деді Байекең күліп.

      Мойындау

     Ол кезде Мархабат Байғұт «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істейтін. Бірде оның кабинетіне ақын Ханбибі Есенқараева кіріп келеді де, жағын таяна, ойланып отырған Махаңа  қарап:

- Жауатын қара бұлттай түнересің,

Анда-санда  бір келсек сыр бересің.

Тұқшиып қара жерден көз алмайсың,

Түсіріп алғандай-ақ бірдемесін!- деп тиісіпті. Сонда Махаң ойланбастан:

- Бұл жерге келуші еді талай қатын,

Қалай-қалай сөйлейсің адай қатын? – депті.Мынадай тосын жауапқа риза болған Ханбибі:

Мен әлгі шумақты сырттан сомдап, дайындалып келіп едім, ал сіз ойланбай-ақ шиыра жауап қаттыңыз. Жеңілдім, жеңілдім!- депті.

  Айна

           Мархабат «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сол кездері мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Қалқаман Анарбековпен «жезде» деп әдемі әзілдесіп тұрады. «Журналист» қабырға газеті арқылы екеуінің өлеңмен айтысқан тапқыр қалжыңдары көпке дейін жұрт аузында жүруші еді.

     Бірде облыстық партия комитетінің номенклатурасында тұратын бір топ қызметкер жеке есеп карточкасына суретке түсу үшін фотографияға келдік. Ондағы жалғыз айнаға бәріміз топырлай таласып үстімізді түзетіп жатқанбыз. Мархабат Қалекеңнің айнадай жалтыраған басына күлімдеп көз салып:

- Маған қарап еңкейіп тұрсаңызшы! –деді.

- Неге?

- Басыңызға қарап шашымды тарап алайын!

    Өлі балық 

  Белгілі журналист Бекзаттар Дінәсіловті  әншейінде сөйлету қиын, берген сұрағыңа қысқа жауап қайырып отыра береді. Ал аузына жүз грамм тиіп, «кәйфі» ұстаған шақта айғырша кісінеп, көкірегін тоқпақтап шыға келеді де, ешкімге сөз бермей қояды. Бағанағы Бекзаттар мен мына Бекзаттар екеуі екі бөлек адамдай...

   Бірде компьютер операторы Дананың туған күні болып жұмыс соңына қарай шағын дастархан ұйымдастырылды. Алғашқыда елеусіз ғана отырған Бекзаттар бір-екі стакан ішкен соң жарқын-жарқын сөйлей бастады. Тіпті біраздан соң отырысты басқарып отырған атақты журналист Нури Муфтахқа да қарсы сөйлеп, бір-екі тұста бетін қайырып тастады. Бекзаттардан мұндай мінез күтпеген Нұрекең таңырқап:

- Өй, мынауың өлі балық сияқты ғой. Аузына су тисе тіріліп кетеді екен! – деді.

ГАИ

    «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жыл жұмыс істеген, білікті бас редактор болған Оразхан Жарқынбек  екеуміз редакцияның машинасымен әкімшіліктегі бір жиналысқа асығып кетіп бара жатыр едік, машина кенет бағытын өзгертіп, басқа жолға бұрылды.

-- Бұлай жүрмеуіміз керек еді, не болып қалды? –дедік біз таңқалып.

--Алдымызда ГАИ-дың сержанты тұр екен-деді шофер. 

--ГАИ-дың майоры тұрса сен бізді қайтадан редакцияға апарып тастарсың! –деді Оразхан.

Мұрағаттан: 29.06.2012

Айша Абдуллина. Бес жылы кем бір ғасыр
Егіздер қай елде көп туылады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу