Айша Абдуллина. Бес жылы кем бір ғасыр

Oinet.kz 22-03-2019 910

Screenshot_8.jpg

Биыл қазақтың бұлбұлы атанған  Күләш Байсейітованың, қазақ биінің ханшайымы Шара Жиенқұлованың, жезтаңдай әнші Жамал Омарованың туғанына 100 жыл толады. Қарап отырсаңыз, үшеуі де бір дәуірдің еркелері, қазақ өнерінің негізін қалаған, аты аңызға айналған тұлғалар. 100 жыл, яғни бір ғасыр. Осыдан бір ғасыр бұрын не болды? Заман, адам қандай еді? 

 Халық әртісі Айша Абдуллина жуырда 95 жылдығын атап өтті. Күні кеше өзі жұмыс істейтін Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында, әріптестерінің, көпшілікті ортасында отырып. 95 жыл, яғни  бес жылы кем бір ғасыр. Айша апа жоғарыда аттары аталған қазақтың алып тұлғалары Күләш, Шара, Жамал сынды тұлғалармен бірге қызмет етті. Қазақ өнерінің уығын бірге қаласты. Бүгінде сахнаның көзі тірі аңызы, Оңтүстік өнерінің абызы атанды.  Сөз жоқ, Айша апа бақытты дегіміз келеді.

Ол дүниеге келген 1916 жыл қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілістің тұтанған кезі.  Бұдан кейін төңкеріс, азаматтық соғыс, аштық, аласапыран, қырғын, қуғын-сүргін, соғыс.  Қилы заман-ай десеңізші.  Осы бір замандарды бастан кешіп, үш дәуірдің куәгері болған, Айша апаның ғибратты ғұмыр-ай десеңізші. 

Күләштің орнын басқан

Айша апайдың дүние есігін ашқан кезде қойылған есімі Бибіғайша екен. Кіндік қаны тамған жер Алматы қаласы. Балалық шағында Күләш Байсейітова екеуі бір көшеде тұрыпты. Бибіғайша шешесінен ерте айырылып, нағашы әжесінің қолында тәрбиеленеді. Нағашылары бұған жетімдіктің тауқыметін тарттырған жоқ. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке оқуға барады. Төкебаева Бибіғайша болып жазылған бүлдіршін уақыт өте келе  нағашы атасының ұйғарымымен Айша Абдуллина атанады.

Өнер жолына мұны жетектеп әкелген ағасы Пірмұхамед еді. Әлі есінде ағасы осы күнгі М.Әуезов атындағы академиялық  драма театрға ертіп әкеледі де, емтиханды сәтті тапсыртып, театр жанындағы екі жылық студияға оқуға түсіреді. Осында Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, ағайынды Абдуллиндермен бірге білім алады. 1933 жылы аталған театрға актриса болып қабылданады. 

Сахнадағы жолы әуел бастан-ақ сәтті басталады. Он жеті жастағы Айша әріптестерінің арасында жарқ етіп көзге түскен. Сол жылдары драмалық театрда басты рөлдерді сомдап жүрген  Күләш Байсейітова опералық театрға ауысып,  «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Еңліктің бейнесін  алмастыру міндеті Айшаға жүктелген. Мұндай жауапты роль екінің біріне сеніп тапсырылмаса керек. Айша бұл ролді ойдағыдай орындап шығып, театрдың негізгі құрамына қосылады. 

Қазақтың маңдайына біткен сахна тарландары Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Күләш, Қанабек Байсейітовтар, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды алыптармен бірге жүріп, сахнада бірге ойнағаны қазір ойлап отырса тарих. Сол дәуірде әртістермен қоян-қолтық араласып жұмыс істеген классик ақын-жазушылар Бейімбет Майлиннің мұның маңдайынан иіскегені де көз алдында. «Қызыл сұңқарларды» қойып жатқан кездегі Сәкен Сейфуллиннің сұлу бейнесі, ол тіктеп қараған кезде, қазақ қызына тән ұяңдықпен төмен қарайтыны да есінде. Дайындық жұмыстары жүріп жатқан кезде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бұған:

--Қалқам, сен қазақтың қызысың ғой. Шашыңды екі өрім етіп, бос жібер, — деп ескерту жасағаны да жадында.

--Астық бастыру, төл алу нуақандарында арбаға мініп, шалғай ауылдарға сапар шегетінбіз. Ол кезде қазіргідей Мәдениет үйі қайда? Егін алқабының басында тіпті, мал қамайтын қораларда ойын көрсетеміз...Жел тұрса, майшам жалп етіп өшеді. Содан сиырдың тезегін жанармайға малып, соның жарығымен ойынымызды қайта жалғастыратын едік,--дейді  сол бір кездерді сағанышпен еске алған Айша апа.

Сахна саңлағы Шәкен Аймановпен сахнада да бірге ойнады. «Қобыландыда». Шәкен Қобалындыны, бұл оның адал жары Құртқаның ролін сомдады. 1940 жылы Шәкен ағасы екеуі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 

Айша апа сұрапыл соғысты да бастан кешірді. Сол бір қаһарлы күндерде концерттік бригадалардың құрамында Екінші Беларусь, Қиыршығыс майдандарында жауынгерлерге мәдени қызметтер көрсетті. 1943 жылы оған шығармашылық табыстары үшін Республиканың еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Айша апа 1947 жылы Шымкентке қоныс аударды.  

«Оңтүстіктің халқына ризамын»

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрда өткен мерекелік жиында сахна төрінде толқып тұрып сөйлеген Айша апа Оңтүстік  халқының ақкөңіл, қонақжай, өнерге деген шынайы сүйіспеншілігіне риза екенін айтты.

--Кейде базарға барғанымда, көптеген кісілер, «Айша апа» деп құрақ ұшып, құрмет көрсетіп жатады. Барлығы да менің өнерімді бала кезінен көріп, құмартып өскендер. Мұндай құрметке қалайша риза болмассың?--деді Айша апа. Кім біледі, бәлкім, сахна абызының ұзақ жасауының сыры да елдің ыстық ықыласында жатқан шығар.  Айтқандай, Айша апаның өнеріне бала кезден ғашық болып өскен Кентаудан шыққан театр сыншысы Әшірбек Сығай екен. Ол өзінің “Ой төрінде – театр” атты кітабында Айша Абдуллина туралы “Айтулы актриса мен сахна төрінде бетпе-бет келмеген авторлар аз деуге болады. М.Әуезов, В.Шекспир, Н.Тренев, Н.Гоголь, А.Островский, Ш.Құсайынов, Ә.Әбішев, К.Гольдони, Ғ.Мүсірепов, Д.Исабеков, Ы.Сапарбаев, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджа­нов, С.Жүнісов, О.Бөкей, С.Мұқанов, С.Ахмад сынды тағы басқа қаламгерлердің туындыларында көсіле қайрат көрсеткен актриса еңбегі әлдеқашан театр тарихында алтын әріппен таңбаланған”, – деп жазды.

            1947 жылдан бастап Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының мақтанышына айналған Айша апа осы шаңырақта тапжылмастан 65 жыл еңбек етті. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі»--Еңлік, У.Шекспирдің «Оттелосындағы» Дездемона, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегіндегі»--Жібек, Қозы Көрпеш--Баян сұлудағы»--Баян сұлу, С.Камаловтың «Ер Тарғынындағы»--Ақжүніс, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында»--Катерина, К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» қойылымындағы--Беатриче, А.Островскийдің «Жазықсыз айыптыларындағы»--Галчиха, С.Ахмедовтың «Келіндер көтерілісіндегі»--Фармон бейнелерімен көрерменнің көзайымына айналды. 1958 жылы Қазақстанның Халық әртісі атағын алды. «Парасат», «Құрмет белгісі», ордендерін, облыстағы өнер адамдарының арасында алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын алды. 

95 жылдық мерекелік кешке Алматыдан арнайы келген сахна саңлағы , халық әртісі Асанәлі Әшімов Айша апаны арнайы құттықтап, «Кезінде қазақ сахна өнерлерінің майталмандарымен бірге жүріп, солардан көп нәрсені сұрап қала алмағаныма өкінемін. Айша апай қазақтың маңдайына біткен біртума дарын иелерімен бірге жүрді. Ол көзі тірі шежіре. Сондықтан кейінгі ұрпақ үшін, тарих үшін  бұл кісіден көп нәрсені сұрап қалуға тиіспіз» деді. Кеште сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев мерейтой иесіне қамзол, басына ақ жаулық жауып, қолына «темір тұлпардың» кілтін табыс етті.

Әдетте қазақ мерейтой иесіне «жүз жасаңыз» деп жатады. Ал, 95 жасқа толған адамға  бұлай деп айта алмайсың. Сахна өнерінің абызы атанған Айша апайға мәңгі жасаңыз, халқыңыздың сізге деген сүйіспеншілігі таусылмасын демекпіз! 

Мұрағаттан: 29.06.2012

Д.Қонаев: «Сталин анық айтатын, ақ сөйлейтін»
Қаламгерлер қалжыңы. Слам Нұрмаханбетұлы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу