Сәкен Сыбанбай. Өмірдің өзі – кино

Screenshot_5.jpg

Қазір жұрттың ештеңеге сенбейтін болғаны рас. Тіпті кино көріп отырып та «Өмірде бұлай болуы мүмкін емес» деп үзілді-кесілді бір-ақ қайырады. Бұрын оқиғаларының дені ойдан құрастырылған жайдақ мелодрамалардың өзінен жанарлары жасқа шыланып шығатын «шырағымдардың» жүрегін бұ күнде мейлінше шынайы түсірілген сұрықсыз фильмнің сұрқия көріністерімен де шайлықтыра алмайсыз. Не адамдар қатыгез боп бітті, не өмірде кеудеміздегі жұдырықтай етті дір еткізер ізгі дүние қалмай барады.

Төменде баяндалатын хикая – сол әлгі «өмірде болуы мүмкін емес» жағдаяттар. «Тіршілікте болмайтын нәрселерді қалай-қалай қиыстырады, ә?» деп кейбірінің келеке етуі де мүмкін. «Үнді фильмдеріне елігіп, есі кеткен біреудің еліктеп-солықтаған эклектикасы» деп, бірден «диагнозын» қойып тастайтындар да аз болмас. Алайда сенсеңіз де, сенбесеңіз де, қалауыңыз білер: мұндағы оқиғалардың бәрі – өмірде шын болған жайттар.

Мүмкін емес!

Жақын досымыздың бірі Түркістанға туысқан інісінің үйлену тойына барып келді. Ол бауырын біз де жақсы білетінбіз: мединститутта оқыды, досымыздың үйіне жиі келіп тұрушы еді. Есімі Жантас болатын. «Менің атым Қожадағы» аттасына байланысты талай мазаққа қалып жүретін-ді. Алайда өзі фильм кейіпкеріндей емес, біртоға, түзу жігіт-тұғын. Таңдаған жары да түбі түркістандық болып шықты, бірақ ата-анасы сонау 1988 жылы-ақ Алматыға қоныс аударыпты. Ол кезде болашақ келін небәрі 4 жаста болса керек. Бір қызығы, қыздың есімі... Жанар екен! Фильмде де Жантас үнемі айналсоқтап Жанардың жанынан шықпаушы еді ғой!

– Дегенмен, қызықтың көкесі бұл емес, – дейді досымыз тойдың жай-жапсарын әңгімелеп отырып. – Әуелде жастар өздерінің көңіл қосқанын ата-аналарына жеткізгенде, үлкендердің тек тергеп, әріден сұрастыратындары бар ғой. Сондай кезде Жантас өз әке-шешесіне болашақ құдаларының да түбі түркістандық екенін айтуды ұмытып кетсе керек. Кейін тереңірек танысу үстінде қос құдағи бірін-бірі бұрыннан білетіндей әсерде екенін, алайда қайда танысып, қандай байланыста болғанын естеріне түсіре алмай отырғанын айтып қалыпты. Әңгіме барысында балаларының бір жылы дүниеге келгені, тіпті туған күндерінің де шамалас (Жантастікі 4 ақпан, Жанардікі 5-і) екені де сөз болған дейді. Ақыры қыздың шешесі «Жанарды 1984 жылы Түркістанда босанғам» деп қалған екен, менің жеңгем дереу бәрін есіне түсіріпті. Сөйтсе, бұлар сол кезде бір перзентханада, бір палатада жатқан екен! О заманда әйелдерді қазіргідей босанған күннің ертесінде-ақ шығарып жібермейтін болса керек, екеуі бір аптадай бірге жатқандықтан әжептәуір жақындасып қалғанға ұқсайды. Тіпті бірінікі – ұл, екіншісінікі – қыз болған соң, әзіл-шынын араластырып, «құда болайық» дескен де көрінеді! Көрдіңдер ме, періште «әумин» десе, өмірде бәрі мүмкін!

Досымыз баяндаған хикая – расында да, таң қаларлық жайт. Кездейсоқтық па, әлде Жаратқанның өзі әдейі иіп әкеліп отырған жарасымды сәйкестік пе – ол жағын білу бізге бұйырмаған. Әйтеуір бұдан 25 жыл бұрын әзілдеп болсын, шындап болсын, ізгі ниетпен атастырылған қос періштенің екі миллион тұрғыны, оның сан мыңдаған студенті бар Алматыдай алып шаһарда бірін-бірі адаспай табуы тегін нәрсе емес екені анық. Әйтпесе Жантасқа басқа қыз табылмай қалып па? Жанардың жүрегін жаулар өзге жігіт жоқ па екен?

Бір қызығы, олар сәби кезінде бір-біріне атастырылғандарын да, тіпті шешелерінің бір перзентханада, бір палатада жатқанын да білмеген. Білудің де қажеті болмаған шығар, сірә. Өйткені, оларды Тәңірдің өзі табыстырғалы тұр еді...


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұрлықшы оқушы
  • Жолаушыларды ажалдан аман алып қалған ақылды келін
  • Маскүнемді тәубесіне түсірген бір ауыз сөз
  • Жетпіс бес қабат
  • Бақытсыз бай
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика