Созақтың қарапайым ұлы

Oinet.kz 14-04-2019 1477

Screenshot_19.jpg

1999 жылы Кентау қаласының әкімі қызметіне тағайындалдым. Кезінде ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтен «Қаратау тәжі – Кентау» деген атақ алған көркем қала жастардың ыстық ұясы еді. Әкем Қызылқұм ауданында қызмет етіп жүрген шағында Кентауға менің жақсы көретін ағаларымның бірі, жазушы Әзілхан Нұршайықов та келген. Онда өзінің бірге оқыған  курстасы Нұрғамила Нұрбосынова деген қызға кездеседі. Нұрғамиланы шешесі еркелетіп Мәнтай атап кеткен екен. Ә. Нұршайықовтың атақты «Махаббат қызық мол жылдар» кітабындағы Меңтай – осы Нұрғамила. Жазушының Кентауға баруының мақсаты, Мәнтайдың рұқсатын алу екен. Әрине ол кісі өзінің рұқсатын берген. Міне, осылайша «Махаббат қызық мол жылдар» осы Кентаудан бастау алған. Ұлы Отан соғысы кезінде осы аумақта өндірілген қорғасын жауға қарсы дайындалған оқтың басым бөлігін құрады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары сондай тамаша қала – Кентау қатты жетімсіреп қалды. Өндіріс орындары түгелге жуық тоқтап, жұмыс таппаған халық туған қалаларынан көшіп кетті. Көп қабатты үйлердің көбісі бос қалды. Аз уақыттың ішінде кеншілердің атақты қонысы қатты әбіржіді. Қаладағы бетімен кетіп бара жатқан шаруашылықты қалпына келтіру оңай шаруа емес болатын. Біз алдымен қаладағы ел ағаларымен, ардагер ақсақалдармен кеңестік. Көппен келісіп пішкен тон келте болмайды. Қала жастарының да басын қосып, олардың да пікірлерін тыңдадық. Баяғы қатаң тәртіпті мұнда да орнатуға тура келді. Тәртіп осалдаған тұста береке де кетеді. Берекенің ең басты кілті бірлікте. Осыны басты назарда ұстаған біз қаланың етек-жеңін жия бастадық. Кейбір өндіріс орындары мен кішігірім зауыттарды іске қостық. Атақты «Мырғалымсай» руднигінің жұмысы да жолға қойыла бастады. Кеншілер арасында жұмысқа деген құлшыныс оянып, қозғалыс басталды. Сонымен қатар қаладағы тазалықты қолға алдық. Зейнетақы мен балалардың жәрдемақысын дер кезінде төлеуді жолға қойдық. Жұмыс табылып, жарық пен отын қуаты беріле бастаған соң, баяғы көшіп кеткен халық қайта келе бастады. Аз уақыттың ішінде ел алғысына ие бола бастадық. 

2001 жылы Кентау қаласының 45 жылдығын тойладық. Осыған орайластырып қалада тамаша екі ескерткіш орнаттық. Олар – осы қаланы көркейтуге есепсіз тер төккен марқұм Әли Бикеновке және көрнекті қоғам қайраткері, қазақтың біртуар перзенті Д. А. Қонаевқа арналған ескерткіштер болатын.  Д. А. Қонаев ескерткіші ол кісінің 2002 жылы болатын 90 жылдығына арналды. Өз перзенттеріне деген ыстық ықыласын арқалап келген халықта есеп болған жоқ. Қаланың 45 жылдығына байланысты Кентау өңірінен шыққан қазақтың танымал тұлғалары – Райымбек Сейтметовке, Асанәлі Әшімовке, Әшірбек Сығайға, Рахманқұл Бердібайға, Револ Анға, Дүйсебай Пайзиевке, Георгий Михахозға «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағын бердік. 

Міне, ослайша қызмет етіп жүрген күндерде, 2000 жылы, Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловпен таныстым. Ол былай болды.

Шолаққорғаннан Ащысайға  шығатын жол бар еді. Жол әбден ескірген болатын. Бір күні маған Созақбай хабарласты. Амандаса келе, «Шолаққорған мен Ащысайдың арасындағы жолды сіз Кентау жағынан, мен Созақ жағынан бірлесіп жөндесек қалай болады?» деді. Мен оның ұсынысын мақұлдадым. Кешікпей жолдың жағдайымен танысуға шықтық. Сөйтіп екеуміз аталмыш жолдың үстінде кездесіп таныстық. Жолдың біраз жерін көзімізбен көріп, көңілге түйген ойларымызды саралап, пікірлестік. Шынында да бұл жол Шымкенттен келетін жолға қарағанда жақын. Ащысайға, бізге Созақтан келетін бірден бір көлік жолы да осы. Облыс орталығы арқылы, немесе ортадағы Қызылкөпір арқылы айналып келу соншалықты ұзақ, әрі тиімсіз. Бұл жолдың тиімдігілі – төтесінен түседі. Жолды күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныстарымызды, оған қажетті бірқатар құжаттарымызды дайындап алып, сол кездегі облыс әкімі Б. Сапарбаевпен ақылдастық. Біздің ұсынысымызды ол кісі де мақұлдады. Айналып келгенде, осы жолды Созақбай екеуміз күрделі жөндеуден өткіздік. Созақбай атына лайықты соншалықты қарапайым адам екенін сол жолы пайымдадым. Ал қарапайымдылық – ұлылықтың бастауы.

Облыс әкімі болып тұрған кезімде Созақбайдың қарапайымдылығымен қатар тазалығына көз жеткізіп, риза болғанмын. Олай болатыны, бір ауданның әкімі бола тұрып Созақбай сол кезде қызметтік үйде тұрды. Бір жолы үйінен шай іштік. Сол кезде мен : «Сәке, осы күнге дейін қызметтік үйде тұрады екенсіз. Елдің барлығы мұндай үйлерді әлдеқашан жекешелендіріп алып қойды. Сіз неге жекешелендіріп алмағансыз? Жекешелендіріп алсаңыз болады ғой» дедім. Сонда Созақбай Әбдіқұлов: «Мен мәңгілік әкім емеспін. Менен кейінгі әкімдерге үй керек емес дейсіз бе?» деді. Сонда мен Сәкеңнің баяғы аталарымыз секілді өзінен бұрын өзгені ойлайтын тазалығын, ел үшін жан жүрегімен қызмет ететін азамат екенін білдім.

Тағы бір атап айтатын мәселе, Созақта Қазақстан Республикасының «Атомпром» Ұлттық компаниясы жұмыс жүргізіп жатты. Бір күні маған сол кездегі Ұлттық компанияның басшысы Мұқтар Жәкішев телефон соқты. Ол кісі маған Созақбай туралы айта келіп, лажы болса, Созақбайдың аудан әкімі болып қала бергені дұрыс болар еді деген ұсыныс-пікірін айтты. Сөйтсем, Созақбай Ұлттық компания басшыларымен де қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан азамат екен. Созақбайдың тіл табысуының арқасында «Атомпром» ұлттық компаниясыныің демеушілігімен Созақ ауданында мектептер мен балалар бақшалары, мәдениет үйлері салынды. Баяғыдан келе жатқан тозығы жеткен жолдар күрделі жөндеуден өтті. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, өзі адамды жатсынбайтын, қарапайым да таза Созақбайға «Атомпром» басшылары да шын ниетімен, бар ықыласымен көмектесіп тұрды. Адамдармен тіл табысу дегеннің өзі іскерліктің тамаша бір үлгісі. Елге пайдасы тиетін сыйластықтың да орны бөлек. Бұлай сыйласу, бірігіп жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді десем артық емес. Оның Ұлттық компания басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болғанын мен Канадада болған сапарымызда да көрдім. Бізбен бірге барған Созақбай Ұлттық компания басшыларымен бір ұжымның қызметкерлеріндей бірге жүрді. 

Маған Созақбай кейде  Созақ ауданы үшін туылған азамат секілді көрінетін. Бір шеті Бетпақдаламен шектесетін бір қиырда жатқан ауданның әлеуметтік жағдайы оншалықты мәз болмайтын. Созақбай секілді іскер басшының арқасында Созақ ауданы халқының бірте-бірте әлеуметтік жағдайы түзеліп, облыста алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналды. 

Бүгінде 60 жасқа толып отырған Созақбай Әбдіқұловтың іскерлігі туралы әлі талай-талай жазылар, айтылар. Біздің бұл азғантай ғана сөзіміз Созақбай жайлы таусылмайтын әңгімелердің бастауы ғана. Сөзімнің соңында Созақтың даласындай кең жүректі қарапайым ұлы – Сәкеңе шын жүректен ұзақ өмір, отбасына  баянды бақ пен береке тілеймін.

    Болат Жылқышиев 

Мұрағаттан: 24.07.2014



Басында хикая көп журналистің...
Сәкен Сыбанбай. Өмірдің өзі – кино
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу