Қазақстандық әнші, спортшы, жазушылардан кімдер әскерде болды?

Oinet.kz 23-04-2019 1140

1424780778.jpg          

Фотода: Марат Мәзімбаев              

       7 мамыр Отан қорғаушылар күні. 1992 жылдың 7 мамырында Тәуелсіз Қазақстанның заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер  өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті.  Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып есептелгендіктен «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Соңғы жылдары бұл мерекенің маңызы артып келеді. 7 мамыр мемлекеттік деңгейдегі мерекелердің қатарына жатқызылып, күнтізбеде демалыс күні болып белгіленді. 

Ел тыныштығын күзететіндердің дені ер азаматтар. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның армиясында келісім-шарт негізінде, сонымен бірге өздерінің азаматтық парызы өтеп жүрген сарбаздар қызмет етуде.  Әскерде болу, әскери өмірдің қыр-сырына қанығу кез-келген ер жігіттің борышы. Бұл борышты бүгінде есімі  ел аузында жүрген өнер, мәдениет, спорт саласының жұлдыздары қаншалықты орындады? Біз осындай танымал азаматтардың бірқатарын сауалнамамызға тартқан едік. 


Аллаберген Жақсыбаев, әнші:

«Әскерде де музыкадан қол үзбедім»

       -Алматыда Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда оқып жүрген кезім еді. Атақты ұстаздардан білім алу, өнер жолына түсу менің арманым болатын. Анамның қарсылығына қарамастан арман қуып, ару қалада оқып жүргенімде аяқ астынан әскер қатарына шақырту алдым. Шақыртудан кейін біраз ойландым. Бір жағынан оқуымды тастағым келмеді, екінші жағынан Отан алдындағы парызымды өтей алмасам несіне жігіт болып жүрмін дедім де, әскерге барамын деген шешімге келдім. Ол кезде әскерге көбінесе шетелдерге жіберетін. Маған Ресейге бару бұйырды. Әскерде Мәскеуде болдым. Әке-шеше, ағайын-туысты сағынсақ та әскердің заңына бағындық. Борышымды өтеп жүргенде менің талантымды байқаған басшылар Мәскеу әскери округінің ән-би ансамбілінің құрманда өнер көрсетуге рұқсат берді. Оқуымнан қол үзіп қалғаныма қамығып жүргенімде мына жаңалық мені қатты қуантты. Ансамбль құрамында гастрольдерге шығып, мәскеулік өнер шеберлерімен араласып, көптеген достар тауып, тәжірибе жинақтап қайттым. Осылай әндетіп жүргенде мерзімім аяқталып, елге  оралдым.  Алматыға келген соң оқуымды консерваторияда емес, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында жалғастырып, оны 1996 жылы аяқтап шықтым.  


Ибрагим Ескендір, әнші:

«Азаматтар аман болсын»

          -Әскерге бару ер жігіттің  парызы екені анық. Алайда мен оқу, өнер жолы деп Отан алдындағы борышымды өтей алмадым. Дегенмен ел басына күн туса, туған жерімді қорғауға әрдайым дайынмын. 

    Отан қорғаушылар күні еліміздің басты мерекелерінің бірі. Ел қорғайтын азаматтарымыз аман болсын дей отырып, Қазақ еліне тыныштық пен бейбіт өмірді тілеймін.  


Бейбіт Сарыбай, ақын:

«Германияда болдым»

          -Әскер  ер жігіттің өміріндегі ең маңызды әрі ұмытылмас кезең. Өз басым әскери өмірді сонау Германия жерінде өткіздім. Алғашқыда жат жерді жерсіне алмай жүрдім. Жас сарбаз болған соң алғашқы айларда таяқты та жегенбіз. Бірақ темірдей тәртіптің арқасында сүйегіміз қатайып, түрлі тактикаларды меңгердік. Таңның атысынан кештің батысына дейін осылай күніміз өтіп кетті. Елге оралған соң бүкіл туған-туыс үйге жиналып, кәдімгідей той жасағанбыз.    


Бек Шәріп, әнші:

«Әскер ер жігітті сабырлыққа үйретеді»

      - Әскери өмірді бастан кешірген жоқпын. Заманауи қарулардың тілін білуді, күшті денсаулықты, темірдей тәртіп пен шыңдалған ерік-жігерді ер азамат әскерден алады. Мен осының барлығын бойыма сіңірмесем де   жоғары оқу орнында әскери кафедрада білім алдым. Яғни әскери өмірден хабарым бар.  Егер мүмкіндік болса әскерге барудан қашпау керек. Әскер жігітті патриоттыққа, шыдамдылыққа, сабырлыққа баулитын үлкен өмір мектебі деп білемін. Сондықтан елімізде осындай ер жүректі, патриот, сабырлы, күшті азаматтар шыға берсін деп тілеймін.


Марат Мәзімбаев, боксшы:

«Әскердің арқасында дос арттырдым»

-Әрбір ер азаматтың туған елі, Отаны алдында бас тартуға болмайтын абыройлы міндеті бар.  Ол – Отан қорғау.  Мен  елім, жерім алдындағы парызымды 1995 жылы  Алматы қаласында өтедім.  Барлық сарбаздың басынан өтетін жағдай менің де басымнан өтті. Әскердің арқасында қаншама дос, жолдастар таптым өзіме.  Қазір сол күндердің естеліктерін тек суреттерден табамын. 

     Біздің басты байлығымыз ол Отанымыз. Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк туы әрқашан көгімізде желбіреп, соғыс атаулы болмасын. Ел күзетшілерінің отбасына бақыт, береке тілеймін!

Мұрағаттан, 2015 ж

Қазақ болу – қиын ба?
Қазаққа алғыс айтатын күн... Мұны арнайы мереке етіп бекіткен дұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу