Қазақ болу – қиын ба?

Oinet.kz 23-04-2019 977

Қазақ_ұлттық_киімдері.jpg

Біз бір қызық заманда өмір сүріп отырмыз: қазақтың жерінде тұрамыз, нанын жеп, суын ішеміз, бірақ жаттың тілінде сөйлейміз, бөтеннің киімін киеміз, шет елдің  тамағын жеп, сериалын көреміз. Өзіміз Қазақстанда тұрғанымыз болмаса, туған тіл мен туған топырақты, туған елдің өнімін өгейситін сияқтымыз. 

Жуырда Елбасы қазақстандықтар өз елінде өндірілген тауарды тұтынғаны дұрыс дегенді айтты. Әдетте мұндай ұрандар экономикалық дағдарыс кезінде тілге алынады. Өткен ғасырдың 30-ы жылдарының басында Америкада «америкалықты сатып ал!» деген ұран болған. Себебі өз  елінде өндірілген тауарды сатып алған адам өз елінің экономикасына инвестиция салған болып есептеледі. Оңтүстік Кореяда тұрған адамдардың айтуынша, ондағы тұтынушылар өз елінде өндірілген тауарды сатып алуды өздерінің Отан алдындағы борышы санайды екен. Оңтүстік Кореяның президенті болған Ли Мен Бактың «Чудес не бывает» деген автобиографиялық туындысы бар. Президент Ли Мен Бак сол кітабында Оңтүстік Кореяның бүгінде әлемдік брендке айналған компаниялары жайлы көп жазады. Бұл елдің үлкен компаниялары жанкештілік пен  адам таңқалар табандылықтың нәтижесінде пайда болған. Сол Оңтстік Кореяның тұрғындары өз елінде өндірілген тауарларды сатып алуды міндет әрі мақтаныш санайды екен.  

Біздер патриотизм дегенде бірінші кезекте әскери патриотизмді түсінеміз, Отан қорғауды түсінеміз. Бірақ сол қорғаныс қажеттіліктері үшін де қуатты экономика керек. Өз елімізде өндірілген тауарды сатып алу – бұл да патриотизм, еліміз экономикалық дағдарысқа дендеп кіріп бара жатқан жағдайда – бұл патиотизмнің ең бір қажет түрі. 

Еліміздің инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев жуырда парламентке тек Қазақстанда тігілген киімдерді киіп келіп, елді «таң қалдырды». Енді Исекешев мырзаның жолын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қуды. Ол: «Енді мен тек Қазақстанда тігілген киімдерді киемін, шенуніктер мен бизнесмендерді де осыған шақырамын, көпшілік отандастарымыз Қазақстанда тігілетін брендтер жайлы біле бермейді, мен жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында «Алтын адам» брендімен шығатын кастюмдердің бірнешеуін алдым. Жарасымды, шетелдік брендтерден ешбір кем жері жоқ. Мысалы «Brioni» компаниясының костюмдері 1,5 миллион теңге тұрса, қазақстандық костюмдер - 35 мың мен 65 мың теңгенің арасында тұрады» - дейді. 

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, оның бастығы Абылай Мырзахметов те Қазақстанда тігілген костюмдерді киеді екен, ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының тағы бір орынбасары Рақым Ошақбаев Қазақстанда жасалған сағат тағады екен. 

Қазақта «Жаман да болса, өз лағымызды теке қоялық» деген сө бар. Шенеуніктеріміз бен бизнесмендеріміз осылай «Brioni» компаниясының костюмінің орнына Сайрамда немесе Талғарда тігілген костюді кисе, Кока-коланың орнына қымыз немесе шұбат ішсе – ел болып, экономикамыздың дамуын қаматамасыз етер едік.   

Мұрағаттан, 29.04.2015 ж

Оңтүстікте көзі тірі 431 ардагер ғана бар
Қазақстандық әнші, спортшы, жазушылардан кімдер әскерде болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу