Баянғали Әлімжанов, қаламгер: «Футболшы болсам деген арманым орындалмады»

Oinet.kz 05-06-2019 1869

Screenshot_4.jpg

      Көкшетау өңірінің табиғаты керемет қой шіркін. Туып-өскен жерім  Бұлақбасы ауылының жазы тіпті жанға жайлы. Қырдың басында жайылып жүрген бие-құлындар, шырылдаған шегірткелер, көсілген көбелектер мен қалықтаған инеліктердің бейнесі, аңқыған жусанның иісі әлі күнге дейін мұрнымда аңқып тұр. 

      Балалық шақ десе алдымен ауыл балаларының алаңсыз доп қуалап жүрген көрінісі көз алдыма елестейді. Көрші ауылдың балаларымен бөлініп футбол ойнауды ұнатушы едік. Барлығымыздың ойынға берілгеніміз соншалық ұтылуды намыс санайтынбыз. Менің бала күнде екі арманым болды. Бірі футболист, екіншісі жазушы болу. Футболист болу маңдайыма жазылмағанымен әлі күнге дейін футбол десе ішкен асымды жерге қоямын. Құрдастарымның тағы бір сүйікті ойыны болды. Ол сақа. Қазіргі жастардың көбісі сақаның не екенін білмейді. Сақа деген асықтың үлкен түрі, яғни сиырдың асығы. Сол заманда сақа жинамаған, ойнамаған бала болмаған шығар. Сақаның ортасына қорғасын құйып, икемді болу үшін  оны күлдіреміз. Ал содан ойынға қызу кірісіп, кімнің асығы алшынынан түсетінін аңдумен боламыз. Зосканың да әбден түбін түсіргенбіз. (Көп аймақтар да оны ләңгі деп атайды). Өздеріңіз білесіздер солтүстіктің қысы қатты болады. Қар түссе болды сырғанақ тебуді бастаймыз. Одан қала берді сенсеңіздер біздер хоккей ойнадық. Үлкендер қарағай ағашынан басы иілген таяқ жасап беретін. Сол таяқпен мұз үстінде допты қуаладық. Әрине барлығымыздың аяғымызда коньки болды деп айта алмаймын. Есесіне пимамыз ойынға жарап жатты.    Сол сырғанақты мен әлі күнге дейін сағынамын. Астанаға көшіп келген үш жылдың ішінде немерелеріме, аула балаларына сырғанақ жасап беріп жүрмін. Қар жауысымен ерінбей қарды үйіп, үйдің ішінен су тасып, сырғанақ жасаймын. Үйде компьютерден бас алмай, аз қозғалатын балалардың барлығы қыс бойы Баян аталары жасап берген сырғанақта бос уақыттарын өткізуде. Балақайлардың шат күлкісін көріп кейде менің де сырғанақ тепкім келіп кетеді. 

     Қызыл галстук таққан балалардың заманында теледидар да, компьютер де, ұялы телефон да болған жоқ. Сондықтан болар радионы көп тыңдап өстік. Қазақтың небір ән-жырларын, күйлерін қазақ ауылдарына сол «ұзынқұлақ» жеткізіп отырды. Футболды да радиодан тыңдадық. Біздің тағы бір ермегіміз кітап оқу болатын. Сыныптастармен кітап оқудан кәдімгідей жарысатынбыз. Қазақ әдебиетінен бастап шетелдің классик жазушылары Марк Твен, Джек Лондон, Жюль Верннің шығармаларына дейін түк қоймадық. Бір сөзбен айтқанда кітап біз үшін дүниетанмының бастауы болды. Кітапты әліге дейін қасиетті санауымыз бала күннен бойға сіңген әдет шығар. Кітаппен қатар шахматты да ерекше жақсы көрдім. Мектеп қабырғасында, университет те біраз жарыстарға қатысып, үшінші разраядқа дейінгі дәрежеге көтерілдім. Шахматтың соңынан қуалап кетпесем де қазір шаршағанда жаныма саяны осы шаршы тақтадан  іздеймін.  

      Мен қазір бір нәрсеге таңқаламын. Біз балалық шағымызды кеңес заманына арнадық. Октябрять кейіннен пионерге өттік. Мектепте, жоғары оқу орнында бізді Құдай жоқ деп үйретті. Атеистік тәрбие берді. Әрине қызыл империяның теріс тәрбиесі болды деп айта алмаймын. Біріншіден біздер адал болып өстік, өтірік айту, алдау, ұрлық-қарылыққа бара қоймадық. Үлкенді сыйлау бірінші орында тұратын. Атеистік көзқарасқа  қарамастан біз Алланы, исламды танып өстік. Мұның барлығы үйде отырған қариялар мен, әке-шешеміздің арқасы. Мектепте мұғалімдер Құдай жоқ десе үйде кемпір-шалдар үндемей ғана ауыздарынан Алланы тастамай, намаздарын оқып отырды. Құран, пайғамбарымызды (с.ғ.с) айғайламай, заңға қайшы келмей, ерегеспей кейінгі ұрпақтарына үйретіп келген сол дәуірдегі адамдардың мықтылығына, төзімділіктеріне қайран қаламын. Қанша жерден пионер болып, «чесно  пионерский», «чесно по комсомольский» деп ант су ішсек те біз үшін «олләхи-биллахи» сөзі бәрінен де жоғары тұрды. 

          Алыста қалған балалық шақтан санада қалғаны мектепте сыныптас қызға ғашық болғаным. Сөз қорымдағы бар көркем сөздерімді таусытып хат та жаздым оған. Ғашықтық сезімімді тікелей айтпасам да, тым болмаса сезсін деп  «Қозы Көрпеш Баян Сұлу», «Қыз Жібек»  сынды ғашықтық жырларын  сыйладым.   Өмір деген қызық қой. Қазір бала махаббатымды көріп тұрамын. Бүгінде ол аяулы ана, ақ жаулықты әже болған. Алыстан қол бұлғап қалған бала күнгі достарым, сыныптастарыммен де кездесіп тұрамыз. Арамыздан кейбірінің өмірден озғаны өкінішті-ақ. Жүздескен сайын көзім олардың шашындағы  ақты, бетіндегі әжімді көрсе де жүрегім олардың сол баяғы бала кейіптерін көреді.

     Шынымды айтсам қазіргі балаларға аяушылықпен қараймын. Себебі күні бойы техникалық құралдарды шұқылаумен өткізетін олардың күш қуатын техника сорып жатыр. Өз басым немерелеріме доп, коньки секілді денені шынықтыратын ойындарды ойнатқызып тұрамын. Ата-аналарға да айтарым балаларыңызға есте қаларлықтай, жарқын балалық шақ сыйлай біліңіздер.   

Мұрағаттан, 2015 ж

«Біз соншалықты кедей екенбіз ғой»
Мэлс Сағатұлы, әнші: «Жігіттер, қазанды қайтарыңдаршы...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу