Перзент - ата-анаға Алланың берген аманаты

Oinet.kz 19-06-2019 2203

Screenshot_7.jpg

Баланың бас ұстазы – ата-ана. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әрбір баланың мінез – құлқы ата-ананың жағымды іс –әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады. Дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Қазақта «Балаңды бес жақса дейін патшаңдай күт, бес жастан он жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген ұлағатты сөз бар. Бес жасқа дейін баланың іс-әрекетіне тыйым сала берген дұрыс емес. Қабырғаны сызғаны үшін, кесені сындырағны үшін баланы жазалап, «қой» дедім дей берсеңіз ол ертеңгі күні ынжық, қорқақ болып өседі. Ұлтымыздың «патшаңдай күт» дегені бала бұл жаста айналаны көзімен көріп, қолымен ұстап, шұқылап, бақылап барып таниды. Сол себепті перзенттің бес жасқа дейін бүлдіріп қойғаны кешірімді. Ал бес жастан он жастың арасында баланың ақылы кіре бастап, өз ісіне өзі жауап бере алатындай дәрежеге жетеді. Қазақтың «құлыңдай жұмса» дегенін әрине тікелей түсініп, баланы жұмысқа жегуге болмайды. Оның астарында перзентіңді еңбекке баулы, жауапкершілігін арттыр, өзіне деген сенімділігін күшейт деген мән-мағына жатыр. Бұл кезеңде та-ананың балаға деген талаптары қойылып, үлкендерді тыңдау, сыйлау секілді құндылықтарды ұғындыру қажет. Ең бастысы таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы шарт. 

Он бес жастан асқан соң баланың мінез-құлқы, психологиясы үлкен өзгеріске ұшырайды. Ата-ана осы тұста бірқатар қателіктерді жіберіп алмауы тиіс. Олар баланың кішкентай емес екенін ұғынып, үлкен өмірге қадам басуға жәрдемші болулары керек. Енді ол есейді, етек жеңін жинады. Сондықтан бөліскен ойларына, пікірлеріне, жоспарларына сыйластықпен қарап, мүмкіндігінше келісімге келіп отырған дұрыс-ақ. 

Ата-анасының жылуын сезінбеген балалар әр нәрсеге ұрыншақ келеді. Жамандықты тығылып жүріп істейді. «Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген сөздің астарында балаңды өзіңе мейлінше жақын тарт, уақыт бөліп сөйлесіп, түсінісіп отыр, көңіліне кірбің салма деген мағына жатса керек. Алайда біз қазір өз перзенттерімізге тым көп жүк артатын секілдіміз. Қазіргі заманның балалары барлығын түсінеді, өздерінің білмейтіндері жоқ деп тым ашық сырласып жүрміз. Ол бала емес деп үй ішіндегі проблема, қиындықтарды баланың көзінше жайып салып, соңынан опық жеп жүргенімзді сезбей жүрміз. Балам ер жетті немесе қызым бойжетті, ақыл тоқтатты деп олардың санасы әлі қабылдай қоймайтын, таза жүректері көтере алмайтын ақиқат, қиындықтармен бөлісуге болмайды. Себебі әлі мектепті аяқтамаған баланың психологиясы кейбір қиындықтарды көтеруге дәрменсіз. Қарапайым ғана мысал келтірейін ер жетіп келе жатқан ұлыңызға әкесінің бизнесте банкрот болып, көк тиынсыз қалғанын, ақшадан қысылып жүргенін айтсаңыз оның санасында кедейлік, өзге балалардан өзін төмен санау секілді ойлар паналайтын болады. Соңғы жылдары Қазақстанда жас балалардың арасында суицидттің көбейіп кетуінің басты себебі осында деп ойлаймын. Санасы әлі қалыптасып үлгермеген баланың беліне ата-аналар көтере алмайтын шоқпарды байлап нәтижесінде қара жамылып жатыр. Сондықтан есіңізде болсын, балаңыз он бес жастан асса да оған жанұядағы проблемаларды ақтара бермеңіз, қиындықтарды шешу ерлі-зайыплырадың мойнына жүктелеген міндет, оған балаңызды ерте бастан араластырмаңыз. Себебі жас өркендер бұған әлі дайын емес. Жас шыбықты майыстырамын деп сындырып алуыңыз әбден мүмкін. 

Перзент - ата-анаға Алланың берген аманаты. Аманатқа қашанда жауапкершілікпен қараған жөн. 

Өмірбек Құлжанов, Оңтүстік Қазақстан облысы

Z ұрпақтары кімдер? Неліктен оларды бізден артық көреді?
Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы: «Ағай, тісім қақсап тұр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу