Карлаг тұтқыны

Oinet.kz 02-08-2019 1440

Screenshot_23.jpg

Тарихқа тереңдеген сайын, құнды деректер табыла түседі. Тарихымызда «ақтаңдақ» деп аталатын  уақыттың қайғысы мен қасіретті көп жыл тұмшаланып келді. Ақ жаулықты аналарымыздың мұң-зарын араға жарты ғасыр салып есітіп отырмыз. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері - 1937 жылғы қуғын-сүргінді басынан кешірген аналарымыз, халық үшін аянбай еңбек еткен абзал азаматтардың жарлары.

Қуғын-сүргін сол бір «халқым, елім» деп жүрген ер азаматтардың берекелі  шаңырағын шайқағаны мәлім. Шындық шырқырап, құлындаған дауысы естіліп жатса да «троцкишіл, жапонның, ағылшынның, немістің тыңшысы» деп «халық жауы» атанған талай-талай азамат айдауға ұшырап, түрмеге  жөнетілтіліп жатты. Ана - күйеуінен, бала - анасынан айырылды. Бүгін солардың біріне ерекше тоқталғанды жөн көрдік.

1937 жылдың 5 тамызында коммунистік партияның Шымкент қалалық комитетінде егін шаруашылығы бөлімінің бастығы Мәмбетәлі Бағызбаевты партия қатарынан шығару туралы жиналыс өтті. Жиналыста сөйлегендер М. Бағызбаевтың  осымен партия қатарынан төртінші рет шығып жатқанын қадап айтты. Оған себеп «қожановшы», «рысқұловшы» деген «айып» болатын. Мәмбетәлі осылармен тізе қосып, Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқанын, Кеңес өкіметінің жаулары атқан оққа  кеудесін тосқанын ол кезде ешкім еске алмады.  Бұл жолы оған «контрреволюционер Кенбаевпен ым-жымы бір» деген  айып тағылды. Кенбаев  түрмеде жатқанда Мәмбетәлі жағдайын сұрап барыпты.  Не керек осының бәрі Мәмбетәліні  партиядан шығаруға жеткілікті болды. Партия онымен шектелген жоқ. М. Бағызбаевтың мәселесін шешу үшін оның тағдырын тиісті орындарға тапсырды. «Бас ал десе, шаш алатын» заманда  Мәмбетәліге бір зауалдың төніп тұрғаны енді бәріне аян еді.

Сол күні ол кешке жұбайы Сұлуханға «бүгін киноға барайық, жақсы бір фильм жүріп жатыр екен» деп ұсыныс білдірді. Бұрын-сонды бұндай ұсыныс айтпайтын. Сұлухан көңіліне аздап күдік алды. Бірақ, бұған онша мән бере қоймады. Сол күні екеуі кештетіп киноға барды. Мәмбетәлі көп сөйлемеді. Тек «балаларды жақсы тәрбиелеу керек, оқыту керек» деген сөзін қайталай берді. Кино аяқталып, екеуі қол ұстасып, үйге қайтып келе жатқан. Бұларды үй алдында НКВД –ның жұрт «черный ворон» деп атап кеткен қара көлігі күтіп алды. Сұлуханның жүрегі су ете түсті. Екі қызыл жағалы «Бағызбаев жолдас, сіз тұтқындалдыңыз, міне ордер, машинаға мініңіз» деп, Мәмбетәлінің екі қолынан ұстай берді. Сұлухан күйеуін енді қайтып көре алмасын сезді. «Қара құзғынға» мінер кезде Мәмбетәлі оған соңғы рет бұрылып қарады. Қайтып келмесін сезген  Мәмбетәлі  Сұлуханға, «балаларды саған тапсырдым, саған сенем» дегендей сөзді көзқарасымен ұғындырып машинаға үнсіз отыра берді.  Содан кейін көлік кідірместен зулай жөнелді. Балаларының әкесінен айырылған ана есін зорға жинап, аяғын әрең басып үйіне келді. Есік ашқан үлкен қызының «папам қайда?» деген сұрағынан кейін Сұлуханның кеудесін  өксік қысып,  ебіл-дебілі шығып, тоқтамай жылады.

Қасіретті күндер әлі алда екен. Есімдері ел аузында жүрген, тіпті халық кезінде көсем санаған қайраткерлер: Т.Рысқұлов, С.Қожанов. Б. Майлин. С.Асфендияров тағы да басқа қайраткерлердің жарлары тап болған азап пен тозақты бұл да бастан кешті. «Халық жауының әйелі» деген қасірет Сұлуханның да басына түсті.

Ымырт түскен кез еді. Үйге НКВД –нің қызметкерлері кіріп келді. Бірі әйел екен. НКВД нәзік жандарды тұтқындауға ылғида бір әйел қызметкерін  жібереді. Суыт келген екі жандайшап тұтқындау туралы ордерді көрсетті де, дереу жиналуға бұйрық берді. Жан ұшырған ана балаларын ойлап, ойы –сан-саққа жүгірді. «Сонда балалар қайда қалады?», - деген Сұлуханға  НКВД жандайшаптары: «Онда сіздің шаруаңыз болмасын. Өкімет оларды өлтірмейді», - деп, ала көзімен бір қарады. Сұлуханның бір денесі кесіліп қалып бара жатқандай сезімде болды. Аналарынан оңайлықпен айырылғысы келмеген екі қызы мен жалғыз ұлы  етегіне жабысып қалар емес. Анасынан тірідей айырылу оңай ма? Оларды НКВД адамдары екі айырып жіберді. Жарын жоғалтқаны аздай енді балаларынан айырылған Сұлуханды Шымкенттегі түрмеге әкеліп қамады. Ол жерде адамның көптігі сондай түрмеге симады. Сол үшін оны қаланың сыртындағы ат қораға әкеліп қамады.

Сол бір қайғылы күндерді мемлекет және қоғам қайраткері С. Қожановтың жары Күландам Қожанова былай деп еске алады: «Ташкенттен көптеген әйелді вагонға тиеп, Шымкентке алып келді. Мұнда келсек, жатарға орын жоқ. 5-6 ай түрменің тәртібіне үйреніп қалған соң айналаңа басқа көзбен қарайды екенсің. Сөзден сөз шығып,  Мәмбетәлі Бағызбаевты және оның әйелі Сұлуханды тұтқындағанын естідік. Мен оларды танушы едім. Сұлуханды іздестіріп көрген едім ол бұл жерде жоқ болып шықты. Екі-үш күнен соң  әйелдерді бөліп-бөліп алып, 30-40 вагон толы тұтқындар Алматы түрмесіне жеттік». Ал, Сұлухан орталық Қазақстандағы Карлагқа қарай жөнелтілді. Шымкенттен шыққан вагон Семей, Петропавл арқылы Қарағанды лагерінің орталығы- Долинкаға келіп жетті.  Қайран ана осы жерде азаппен бес жыл өмірін өткізді.  

Сұлухан ана мерзімі аяқталғаннан кейін де осы жерде қалып біраз жыл жұмыс істеді. Әкелерінен өлідей, аналарынан тірідей айырылған екі қызы Мая мен Зоя және асықтай ұлы Сұлтанбектің тағдыры не болды екен? Аналары тұтқындалған соң тірі жетімектерді « Халық жауының» балалары деп көрінген адам түртпектеумен болды. Олар Орск қаласындағы Сорочинск балалар үйіне жөнелтіледі. Осы жерде Маяның әкесінің аты Михайлге ауыстырылып, Мая Михайловна болады. Ал Зоя мен Сұлтанбекті Маядан бөліп алып басқа Балалар үйіне жібереді.

Қаршадайынан әділетсіздікті көріп өскен Сұлтанбек өжет болды. «Мен халық жауының баласы емеспін. Адал коммунистің  баласымын. Соны дәлелдеу үшін мені соғысқа  жіберіңіздер»,- деп сұранады екінші дүниежүзілік соғыс кезінде.  Рұқсат бермеген соң   ол Балалар үйінен қашып шығып, Қызылордада ұсталады. 1943 жылы 16 жасында «штрафбатқа» алынып, майданға аттанады.

Сұлтанбек майданда жүргенде Долинкадағы анасының мекен- жайын тауып алып оған хат жазады. Хат соңында жас  жауынгер былай депті:  «Қымбатты мама! Құшақтап бетіңізден сүйдім. Деніңіз сау, бақытты болыңыз. Барлық туыстардан хат алып тұрамын. Зоя да жазып тұрады. Менің денім сау, өзімді сергек сезінем. Сау болыңыз. Ұлыңыз Сұлтанбек. 18.01.44 жыл». Бұл хат жалғыз ұлы Сұлтанбекті еске алатын жалғыз жәдігер болып қала берді. Өйткені, ол сұм соғыста хабарсыз кетті. Сұлухан ана өмірінің соңына дейін жалғыз ұлын жоқтаумен өтті. Ұлының соңғы хатын бойтұмардай сақтады.

Сұлухан ана елге 1946 жылы оралды. Елге келген соң да еңбекқор жан Шымкентегі тіл кемістіктері бар Балалар үйінде 20 жылдай қызмет етіп,  96 жасында қайтыс болды.

Жазықсыз тұтқындалып, сталиндік жазалау машинасының құрбаны болған Мамбетәлі Бағызбаев 1957 жылы ақталды. Оның 100 жылдық тойы Түлкібас ауданында үлкен іс-шарамен атап өтілді.

Талай-талай тұғырлы тұлғаларды қыршынынан қиған репрессия науқаны осылайша жымысқы саясатпен, ерекше қатыгездікпен  жүргізілді. Ол күндер еш уақытта ұмытылмауы, кейінгі ұрпаққа сабақ болуы  тиіс. 

Нұржамал МЕДЕТБЕКОВА,

ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ғылыми қызметкері, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Адам өмір бойы тәрбиеленеді
Репрессияда қазақтың 40 пайызы қырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу