Роналдо: «Бәрі әкемнің доп сыйлауынан басталды»

Oinet.kz 11-06-2014 795

Әлемдік доп додаларындағы голдары жөнінен әзірге бразилиялық шабуылшы Роналдодан озған ешкім жоқ. Ол даңқты отандасы Пелені 2002 жылы-ақ қуып жетті. Ал 2006 жылы Роналдо неміс Герд Мюллер (14 гол) мен француз Жюст Фонтэнді де (13) басып озды. Оның еншісінде 15 гол бар.

Screenshot_3.jpg

– Сіз – төрт әлем чемпионатына қатысқан ардагерсіз. Сол додалардың ішінде ерекше сезіммен еске алатыныңыз қайсысы?

– Мен үшін әр турнирдің орны бөлек. Тіпті бірде-бір рет алаңға шықпасам да, 1994 жылы АҚШ-та өткен доданы керемет сағынышпен еске аламын. Мәселе біздің алтыннан алқа таққанымызда ғана емес, командамыздағы ахуалдың өте жайлы да жаймашуақтығында. Рас, «тым болмағанда бір матчқа қатыссам ғой!» деген арман көкейімді тесті де тұрды. Дегенмен, жаттықтырушымыз Паррейраның негізгі құрам жөнінде өз көзқарасы болды. Оны тіпті БАҚ-тың шу көтеруі де өзгерте алмады. «Роналдоны алаңға шығар» деген өтінішпен бапкерге менің шешем де қоңырау шалыпты. Бір жағынан, Паррейраны да түсінемін. Одан бүкіл Бразилия 24 жыл бойы аңсаған алтын жүлдені талап етті. Сол жолда ол қандай шешім қабылдаса да еркінде еді. Оның үстіне, бұл Бебето мен Ромарионың нағыз бабындағы шағы-тын. Кез келген сәтте оларды алмастыруға әзір боп қосалқы құрамда көпті көрген кәнігі шабуылшы Мюллер отырды. Мұндай жағдайда 17 жасар «балақайға» орын қайда?

1998 жылғы турнирдің соңғы ойынын ғана еске алғым келмейді. Финал күні оңбай ауырдым, қызуым көтеріліп, басым айналды, тіпті не болғанын түсіне алмадым. Бөлмелес әріптесім Роберто Карлос шошып кетіп, дереу дәрігерімізді шақырды. Оның ем-домынан соң сәл тәуір болғаныммен, бәрібір өзімді жайсыз сезіндім. Бапкеріміз Загалло «нәтиженің аса маңызды екені рас, бірақ ол адам денсаулығынан қымбат емес» деп, менің орныма алаңға Эдмундоны шығармақ болды. Бірақ мен шыдамадым, қалайда финалға қатысқым келді. Кешке бапкердің көзінше дәрігерге тағы қаралып, ойнауға рұқсат алдым. Алайда, бәрі біз ойлағандай болмады: француздар барын салып ойнады, ал біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық...

– 2002 жылғы дода, керісінше, сіздің чемпионатыңызға айналды.

– Шабуылшы – жеке батыр емес. Корея мен Жапонияда мен ғана емес, бүкіл команда тамаша ойнады. Менің 8 гол соғуыма әріптестерімнің сіңірген еңбегі басым. Бұл – меніңше, Бразилия тарихындағы ең мықты команданың бірі... Ал 2006 жылғы чемпионатта біздің жолымыз болмады.

– Сіз бала кезіңізде қай футболшыға еліктеп едіңіз?

– Зикоға. Біріншіден, ондай жан-жақты ойыншыны содан кейін кездестіргем жоқ. Екіншіден, ол мен өте жақсы көретін «Фламенгода» ойнайтын. Мен де кәсібімді осы клубта бастағым келген. Алайда, мені қабылдамай қойды. Амал жоқ, «Сан-Кристоваоға» бардым, одан «Крузейроға» ауыстым. Еуропадан оралған соң «Коринтианс» шақырды.

– Футболға қызығушылығыңыз қалай оянды?

– Мен спортшылар отбасынан емеспін. Әкем Нелио телефон компаниясында істеді, анам Сонни шағын кафенің еденін жуатын. Мен, сенсеңіз, 3 жасыма дейін сөйлемеген баламын. Ертелі-кеш ағам Нелиньомен және оның достарымен бірге ескі резеңке допты ортаға алып, жұлым-жұлымын шығаратынбыз. 4 жасымда әкем туған күніме нағыз былғары доп сыйлады. Қуанғанымды көрсеңіз! Бәрі содан басталды ғой. 

– Сіздің аяғыңыз сынып, ұзақ уақыт алаңға шыға алмастан, емделіп жатқан кездеріңіз болды. Сондайда моральдық тұрғыдан сынбауыңызға, еңсеңізді қайтадан тіктеуіңізге не көмектесті?

– Сенім. Мен бәрібір сол қиындықтардың артта қалатынына, жарқын күндердің қайта келетініне, алаңға қайта шыға алатыныма сендім. Мені сол сенім мен үміт жетелеп, кейінгі табыстарға жеткізді.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Абдулла қажы Жолдас: «Ақырзаман белгілерінің көбісі әлі бола қойған жоқ»
Икрам Төлеев: ​«Оңтүстікте дәрігерлердің біліктілігі өте жоғары»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу