Абдулла қажы Жолдас: «Ақырзаман белгілерінің көбісі әлі бола қойған жоқ»

Oinet.kz 11-12-2014 2994

image.png

Абдулла қажы Жолдас, дінтанушы

Абдулла қажы Жолдас.  Елдегі діни ахуал, қоғамның басқа маңызды мәселелері бойынша ой-пікірін ашық айтатын   ғалым ретінде танылған белгілі дінтанушы. Ол Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ең білімді имамдардың қатарына жатқызылады. Кезінде еліміздегі Ислам университетінің ректоры болып та қызмет істеген. Оған арнайы жолығып, «Рейтинг» газетінің редакциясына оқырмандарымыздан келіп түскен  бірқатар сұрақтарды алға тартқан едік.

- 2012 жылдың 21 желтоқсаны ақырғы күн, яғни сол күні ақырзаман болады деп дүрлігіп жүргендер бар қазір. Бұл жайында не айтар едіңіз? 

- «Ойбай, қиямет болады екен» деген  әңгімелерді өзім де көп естіп жүрмін. Бірқатар газеттер жазып та жатыр ғой. Өзім жұртты дүрліктіріп жатқан ондай дүниелерге сене бермеймін.  Өйткені, күнде Құран Кәрімің аяттарын оқимын. Оқыған сайын әлемдік құбылыстар, Алла тағаланың мұғжизалары жайлы пікірге пікір, ойға ой қосылады. Құранда  ақырзаман жақындағанда жердің созылатыны жайлы айтылады. Жер шары домалақ қой, сонда ол  эллипс сияқты созылуы тиіс екен.  Алла тағала ғаламды алты күнде жаратса, соның төрт  күні Жерге арналады. Екі күн жердің өз құрылысына, қалған екі күн соны мекендейтін жан-жануарларға жұмсалған. Қалған екі күні түгел әлемге жұмсалғаны  Құрани Кәрімде айтылған. Ал енді, біріншіден, Жер әлі созылған жоқ, эллипс халіне келген жоқ .Одан кейін, Алла Құранда «біз жердің бетін қысқартамыз» деген. Яғни, су деңгейінің көтерілуі арқылы құрлықтың үлесі азайып келеді. Ақырзаманның басқа да белгілері бар. Тарихи жайттарға тоқталайық. Евфрат өзеніне екі мемлекеттің  таласатыны жайлы хадис бар. Евфрат Түркияда бастау алып, Сирия арқылы өтеді. Сирияның шаруашылығы үшін өте маңызды. Мұнда кезінде КСРО салып берген алып қойма бар. Қазір Сирия мен Түркия осы өзен өңірі үшін таласып жатыр. Хадисте былай келеді: «Евфраттың арнасын бұрса, сол бұрылған жерден алтын шығады. Бірақ оны алмаңдар» делінген. Неге? Себебі, оны алып үлгермейді, арғы жағы қияметке ұласады. Өзен әлі бұрылған жоқ, бірақ осындай әңгіме қазірден-ақ айтылып жатыр.

Тағы бір хадисте «мұсылмандар Рим мен Константинопольді алады» делінген. Сонда сахабалар пайғамбарымыздан «қайсысы бірінші алынады?» деп сұрағанда Алланың елшісі «әуелі Константинополь» деп жауап қайырды. Ол қаланы мұсылмандар әлдеқашан басып алып, Ыстамбұл болып өзгергелі қаншама ғасыр өтті. Мұсылмандар Римді де алады. Сонда Рим Папасы ол жерден қашып, ол отырған орындықтың астынан жасырулы жатқан Інжілдің түпнұсқасы табылады. Ол түпнұсқа әлемге жария болғаннан кейін христиандардың талайы мұсылманға айналады. Тағы бір хадисте Сауд Арабиясының жері жасыл орман-тоғайға айналатыны айтылған. Ол жер әлі орманға айналған жоқ, бірақ соған келе жатыр. Себебі, Саудияда жасыл желектер көбейіп келеді. Енді осының барлығына қарап, зерделесең, қияметке дейін әлі бірсыпыра шаруа бар секілді. Ақырзаман белгілерінің көбісі әлі бола қойған жоқ, сондықтан біз, мұсылмандар осы мәселе жайлы тым даурықпаймыз.

- Діни ағымдардың көбейіп, адамдардың жүректері қатаятыны да ақырзаманның белгілері ретінде айтылып жүр. Біздің елде де түрлі діни ағымдардың өкілдері қаптап, ел-жұрттың мазасын қашыра бастады.

- Бұл мәселеде біздің қоғамның түсінбейтін мәселелері тым көп. Исламның негізгі басты талабы - Алла мен пенденің арасындағы тікелей қатынас ғибадат арқылы жүретін нәрсе. Адам маңдайын сәждеге  тигізу арқылы Құдай алдындағы құлшылығын атқарады. Енді осының өзі саясат болып жатыр. Бірде маған бір жап-жас бала келді, жасы әрі кетсе 16-17-лерде. «Ата, намаз оқисыз ба?» деп сұрады. «Ал, оқимын». Сөйтсем, «намазды былай оқу керек» деп мені үйрете бастады. «Намаз оқығаныңа қанша уақыт болды?», деп сұрадым. Үш ай екен. «Шырағым-ау, сен намазды өзің дұрыстап үйренбей жатып маған үйреткің келе ме?» дедім. Бұл қайдан келген саясат? Сонда білім қайда қалды? Құран оқи біле ме ол? Жоқ. Шариғатты біле ме? Жоқ. Бар білгені жығылып-тығылып намаз оқуды біледі екен. Ол үйренбей жатып саясатқа өтіп жатса мұның не болғаны? Намазды қару етіп ұстауға шариғатта рұқсат ешуақытта берілген емес. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға болашақта залым патшаның келетінін хабарлап, «сендердің ғибадаттарыңды аяқасты етеді» деді. Сахабалар:  «Ей, Алланың елшісі, ондай патша келген уақытта біз мешітке келмей, намазымызды үйімізде оқи берсек қайтеді?» деп сұрады.  Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «жоқ. Мешітке келіңдер» деп бұйырды. Мұсылмандарға наразылық танытып намазға бармауға бұйрық берілмеген. Шынында да Меккеге Хаджаж деген залым басшы келген.  Умеяд тұқымынан шыққан Малик ибн Маруанның Хаджаж  деген мықты қолшоқпары, залым адам болған. Ол Иракты басқарып тұрғанында, Меккеге қажылыққа келіп, қажыларға имам болып намаз оқыды. Ал енді Хаджажды залым дедік. Ол не үшін, қандай әрекетімен залым атанды? Біріншіден, Құранды «мақұлық» деді. «Мақұлық» демеген адамдардың басын шапты. Екіншіден, қасиетті Қағбаны тас ататын құралмен атқылады. Мұндайға кімнің тәуекелі барады, ойлап көріңіз? Мәдинеде жүздеген сахабаны қылыштан өткізді. Осы қаланың қыз-келіншектерін олжалап, үш күн әскеріне ойнақ қылдырды. Бір жылдан кейін харамы  балалар туылды. Онымен қоса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы, Хазіреті Әли мен Пайғамбардың қызы Фатимадан тараған имам Хасан мен Хусейнді қуғындады. Имам Хусеиннің  өліміне тікелей себепші болды. Хаджаждан  асқан залым бар ма? Бірақ, соншалық істеген қылмыстарын жасаған адам қажыларға Меккеде имам болды. Ал енді сол Хаджаж залымға сахабалар ұйып намаз оқыды. Ол кезде Абу Хурейра, Абдулла ибн Ғұмар деген секілді атақты сахабалардың көзі тірі еді. Іштей қаламаса да, жан дүниесі өртеніп тұрса да соған ұйып намаз оқыды. Неге? Өйткені, имам жақсы болса да, жаман болса да өзіне. Өз ісіне өзі жауап береді. Ал бірақ намазда бекітілген имамға  ұйып оқу дұрыс нәрсе. Мазхабымыздың негізін қалаған Абу Ханифа залым болса да имамның  арқасына ұйып намаз оқуға міндеттеген. Біріншіден, бұл басшыға бағынудың қажеттілігін білдіреді. Екіншіден жұрттың берекесін алмаудың, анархияны тоқтатудың маңызын көрсетеді. Ал енді сахабалар  оған ұйымай қойса не болар еді? Әлгі залым Мәдинедегіден асқан қырғын жасар еді ғой. Қырғынның көкесін жасар еді. Міне, әңгіме қайда жатыр. Бағынбаса, бекерге қаншама қажы  қантөгістен қырылып кетер ме еді. Осыған мұсылмандар жол берген жоқ. Ал енді көп адам соны түсіне бермейді. Біздің жастар көңіліне ұнаған имамға ұйып, ұнамағанына ұйымайды. Сонда не болады? Құдай сақтасын, біздің имамдарымыздың ешқайсысы  әлгіндей жантүршігерлік қылмысты жасаған жоқ қой, жасау ойына да кіріп шықпайды. Сондықтан, жамағат болған жерде  ынтымақ жағын, ымыра жағын қарастырып жүру керек. Бір кездері ислам ғалымдары  бас қосып «елді кім басқаруы керек? Қатал, қолы қатты адам ба, әлде имам басқарсын ба?» деген мәселе  көтереді. Сонда ақылдаса отырып, «имам әділ боламын деп елді қожыратып алады,  басшылықта мықты, қатал адамның болғаны жақсы» деген ұйғарымға келген. Бұл ислам шариғатындағы ынтымақтасудың маңыздылығын айқындайды. Басшының жауапкершілігі өте ауыр. Бір хадис келеді: «Азаншылықты сатып алсаң да ал, бірақ имамдықтан қаш» деген. Имам - жұрттың  бір мезгіл намазын басқарып беретін адам ғана. Ал енді ел басқаратын адамның жауапкершілігін шамалай беріңіз. Сол үшін шариғат жауапкершілігін ойлап, қазилықтан қашқан адамды қази етіп бекітуді дұрыс көреді. Имам Абу Ханифа қазы болмаймын деп жүз дүре жеді ғой. Тіпті патша бұйрық берсе де бас тартты. Сол үшін жүз дүре соғылды.  

- Қандай жағдайда  қаза тапқандарды шейіттер қатарына қосуға болады? Нақақтан о дүниелік болғандар қай қатарға қосылады?

-  Нақақтан  кеткендер шейіт болады. Суға кеткен де шейіт, бірдеңе басып қалып немесе өртеніп өлген де шейіт, ұзақ уақыт төсек азабын тартып көз жұмған да шейіт. Жыртқыш аң жарып өлтірген де шейіт. Түрлері көп. Барлығы да шейіт болып есептеледі. Шейіттің ең жоғары дәрежесі  Алланың жолында елін қорғап қаза тапқан адам. Нақақтан  өлген адамның иманы бар болса, амалдан кемістік болып жатса шейіттігі соның қылмысын, күнәсін жуады. Ал амалы да бар болса оның дәрежесі жоғары болады. Оған дау жоқ.  

Мұрағаттан, 06.12.2012 ж

Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
Роналдо: «Бәрі әкемнің доп сыйлауынан басталды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу