Елімізде қағаз 500 теңге тиынға айналуы мүмкін

Oinet.kz 23-10-2019 1183

Похожее изображение

2020 жылдан бастап 200 теңгелік қағаз ақша темір монетаға айналады. Ұлттық банк мұны қағаз ақшаның тез тозуымен түсіндіріп отыр. Белгілі экономист Мақсат Халық қағаз ақшаның монетаға ауысуын инфляцияның салдарымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бұл әлемде қағаз ақшасы бар елдердің көпшілігіне тән құбылыс. Ең алғаш теңге шыққан кезде, қазіргі тиындардың өзі қағаз ақша болатын. Кейінірек теңгелеріміз тиынға айнала бастады. Біраз уақыт бұл тенденция сақталды. 20 мың теңгелік банкнот пайда болған кезде-ақ, халық арасында енді 200, 500 теңге де тиынға айналады деген пікір тараған еді. Яғни елде саналы түрде дайындық болды. Десе де, ұлттық банк бұл үрдісті кешеуілдетті. Кім білсін, теңге еркін айналымға өтіп, девальвация орын алып жатқан кезде, 200 теңгені тиынға айналдырып жібергенде, халыққа саналы түрде ауыр тиер ме еді. Сондықтан бұл процесті кейінге қалдырған болар", - деп ойлайды экономист.

Сарапшының пікірінше, соңғы кездері ұсақ ақшаның тапшылығы да 200 теңгелік монетаның айналымға енуіне түрткі болған.

"Қағаз ақша айналымнан тез шығып қалады. Жыртылады, тозады. Ал монетаның бір жақсы жері ұзақ уақыт қызмет ететінінде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 200 теңгені тиынға алмастыру тиімді", - деді Мақсат Халық.

Сондай-ақ, экономист болашақта 500 теңгенің де монетаға ауысуы ықтимал екенін айтты.

"Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл "500 теңгеміз де тиын-тебенге айналды" деп байбалам салатындай қорқынышты процесс емес. Ол, ең бастысы, теңгенің ұзақ мерзімді процесте стратегиялық тұрғыдан құнды болуына жәрдемдесу деп айтқым келеді. Сол маңызды. Елдегі ішкі өндіріс, экономиканың нақты секторы дамыса, теңгеміздің құны бойында сақталады. Сондықтан мемлекет тарапынан экономиканың нақты секторына баса назар аударылуы керек", - деп санайды ол.

Мақсат Халық қағаз ақшаның тиынға айналу процесі қандай жағдайда жылдамдайтынын түсіндірді

"Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізетінін жақсы білесіздер. Негізгі мақсат – қолымыздағы ақшаның тез құнсызданып кетуіне жол бермеу. 2020 жылы инфляция 4% деңгейінде болады деп болжануда. Одан кейінгі жылдары да сол деңгейді сақтап қаламыз деген стратегиялық мақсат қойылып отыр. Осы міндеттер орындалса, онда қағаз ақшаның тиынға айналуын әлі ұзақ күтеміз. Ал егер елде қаржылық тұрақсыздық болып, әртүрлі фактордың әсерінен стратегия дұрыс жүзеге аспаса, қағаз ақшаның темір монетаға ауысатын күні алыс емес", - дейді маман.

Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің құрметті докторы атағы берілді
Нұр-Сұлтанда қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу