Өзбекстан Қазақстанды басып оза ма?

Oinet.kz 29-11-2017 926

Screenshot_2.jpg

«Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деп сипаттап жатамыз. Орта Азиядағы мемлекеттерді ағайындылар деп алсақ, бұл сөз бекерге айтылмағанына көз жеткізесіз. Жақында Самарқандта Орта Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында конференция өткен болатын. «Бұл конференция мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтты» деп Өзбекстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Әйтсе де, бұл ресми мәлімдеме шындыққа жанаса ма? Жақында өзбек саясаткері Мұхамеджан Қадыров аталған конференция туралы өз ойын білдірді. Сонымен, халықаралық конференция неге Өзбекстанда өтті? Неге Тәжікстанда емес? Неге Қырғызстанда емес? Керек болса, форум, конференция өткізуден алдына жан салмайтын Қазақстанда емес? 

Тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, Орта Азияның 3 мың жылдық ортақ тарихы бар көрінеді. Сол себепті де конференцияда «ортақ тарих» ұраны көтерілді. 

– 1924 жылы большевиктер зор қателікке бой алдырды. Олар шекараны дұрыс белгілемей, салдарынан  миллионға жуық өзбек Тәжікстанда қалып қойса, біраз тәжіктер Өзбекстан құрамына кіріп кетті. Әйтсе де, біз бөлінбейміз. Тіл басқа болған күнде де, біз бір халықпыз, үйіміз бір, - дейді саяси сарапшы. Яғни, қос халық бір-бірімен тату-тәтті тұрады екен. Дегенмен, оның сөзінің жаны бар ма жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. 

Сарапшыға сенсек, Совет Одағы тараған соң, 1995 жылы Ташкентте «Түркістан – біздің ортақ үйіміз» атты конференция өтті. Осы конференция нәтижесінде Орта Азия мемлекеттері бір мүддеге жұмыла отырып бірігеді деген үміт болды. Бірақ, бұл Тәжікстанға жақпай қалған көрінеді. «Неге Түркістан біздің ортақ шаңырақ болу керек?» деп шу шығарады. Содан кейін бірігу операциясы жүзеге аспай қалған. 

-Сол кезде тәжіктерді ренжіту ойымыз болған жоқ, - дейді Мұхамеджан Қадыров. – Біздің Орта Азия тарихында сепаратизм деген мүлдем болған емес. Совет Одағының тұсында бұл бес мемлекет бір-бірінсіз мүлдем күн көре алмады. Экономикалық, стратегиялық тұрғыда ағайынды мемлекеттер бір-біріне тәуелді. Одақ кезінде ағайындылар бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Нәтижесінде қалай дамыдық?!.

Иә, сол заманда Орта Азияда ғаламат жобалар іске асты. Мұның бірі «төртеу түгел болғасын» іске асқанын ұмытпау керек. Сарапшының айтуынша, Одақ қалай құлады, 5 мемлекет арасында байланыс та шытынай бастады. «Алтау ала болды». Ара-қатынастары нашарлап кеткен мемлекеттер арасында сепаратизм белең алып, әр мемлекет көрпені өзіне қарай тарта берді, тарта берді. «Бәрін уақыт көрсетті. Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде әр мемлекет өзіне тартқан көрпе қырық жамау күйге түсті» деп сарапшы өкінішін білдірді. Оның пайымдауынша, «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» саясатының кесірінен Орта Азия дамымай, тым артта қалып отыр. Осы жерде «адамның күні - адаммен» деген сөзді ұмытпаған абзал. Дегенмен, жеке-дара билеп төстегісі келетіндер мұны түсінгісі келмейді. Бәрі осы аймақта көшбасшы болғысы келеді.    

–  Мысалы, Қазақстанды алайық. Олар экономикалық тұрғыдан даму жағынан бізден озық тұр. Дегенмен, бізде де жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Билік жеке секторларға қол ұшын созуда, - дейді сарапшы. Әрине, сарапшы әулие емес. Ол «мемлекеттер бірікпейді, бәрі көшбасшы болуға ұмтылады. Адами факторлар бүкіл мемлекетті тығырыққа тірейді» дей келіп, «Өзбекстан алдағы уақыта Қазақстаннан озады, сондықтан да біздің ортақ үй – Өзбекстан болуға тиіс» деген ұғымды сіңіргісі келіп отырғанын бағамдауға болады. 

–  Ал, енді Түрікменстанға келсек, - дейді сарапшы. – Олар қолда бар шикізатпен ғана дамып отыр. Бірақ, бұл баянды емес. Ал, Тәжікстан ше? Олар әлденені ұзақ күтті. Бірақ, не күткендерін білмеді. Ақыры, олар «Ресейді ортақ үй» тұтты. Өйткені, Ресейге жұмыс іздеп, еңбекке жарамды тәжік халқының үштен бірі кетіп қалды. Өзбекстаннан да Ресейге екі қолға бір күрек іздеп баратындар бар, бірақ, бұл бүгінде 9 пайыздан аспайды. 

Сонымен, бұған кім кінәлі? Ресейге тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Сарапшының айтуынша, бүгінде оның жалғыз жолы бар. Орта Азия мемлекеттері бір-біріне ашық болуы керек. Яғни, шекараны ашып, ондағы шектеулерді алып тастағаны абзал. Сонда ғана мемлекеттер арасында коммуникация, сауда-саттық өркендеп, қаржы айналымы ұлғаяды. Бір-бірімен деңгейлес мемлекеттер арасындағы нарық кеңейген соң, өзінен-өзі өндіріс орындары дами бастайды. Нәтижесінде, Орта Азия әлем алдында салмаққа ие болады. Ал, енді Өзбекстанда еркін айналымда жүрген тауар Қазақстан шекарасында үш күн тексерісте тұрса, онда бұл ешқандай да жақсылыққа алып келмейді. Осыларды саралай келе, әлем назарын Орта Азияға аударту үшін Өзбекстан билігі Самарқанда халықаралық конференция өткізген көрінеді. Жиында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев: «Біздің 5 мемлекет арасында қарым-қатынас көңіл көншітерлік емес. Егер біз бір орында отырып қалсақ, онда ешқандай даму болмайды» деп БҰҰ бас хатшысы Гутеррешке айтып, осы мәселені шешуге қол ұшын созуды сұрады. Бас хатшы бұған мейлінше қол ұшын созатынын жақауратты. 

Сонымен, бұрын Қазақстан бас инициатор болса, енді бұны Өзбекстан өз қолына алған сияқты. Енді келесі жиын 2018 жылы көктемде болмақ. Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

Түрікменстанның «алтын ғасыры» қарайып барады...
Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Тұрсынбек – қазақтың сатирасын жаңа деңгейге көтерген мықты азамат»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу