«Мұрагер» жобасы. Өмірзақ Шөкеев

Oinet.kz 11-12-2014 964

«Өмірзақ Шөкеев президент болса, Қазақстан Шымкентстанға айналып кетеді». Әзілі мен шынын ажыратуы қиын ел ауызында осындай сөз бар. Әзілге теңейін десеңіз, Өмірзақ Естайұлы қай қызметке, қай өңірге барса да, кездейсоқтық па әлде, сәйкестік пе немесе заңдылық па, соңынан қалмай ілесе жүретін, қазіргі ауылшаруашылық министрі  Асылжан Мамытбеков секілді бір шоғыр жігіттері бар. Сол жігіттердің жұмысы мен тірлігін орыс тілді баспасөз суреттегенде оларға «Техастық топ» деп айдар таққанды ұнатады. Ал, «Шымкентстанға» айналып кетудің мүмкіндігін расымен де жоғары бағалайық десек, Өмірзақ Естайұлының баққандай алты жыл бойы Қостанай облысын басқарғаны бар. Әкімдік еткен сол жылдары теріскей өңірінде шымкенттік жылымық, анығында қазақи ахуал ауыз толтырып айтарлықтай сезіле қойған жоқ. Жабық есік жағдайында, пікір туғызатын ғаламторларда  кландардың тартысы туралы сөз қозғала қалса, осы «Техастық топтың» серкесі ретінде Шөкеев алдымен ауызға ілігіп жүр. Кейінгі уақытта қызметтік тұрғыдан да, қызметтен тыс тұрғыдан да ептеп белсенділігі саябырсып қалғанымен бірқатар ауыр артилерияға жататындар сияқты «базардан қайтып бара жатқан жоқ». Анықтап айтайық, ол «базардың бел ортасында жүрген»азамат. Демек әлі елуге толмаған азаматтың келер күннен күткен, елдің одан күткен үкілі үміті бар.  

Screenshot_21.jpg

Қалай десек те, бүгінгі кейіпкеріміздің Қазақстан Республикасының келесі президенті болуына толық мүмкіндігі мен тәжірбиесі бар. Алдағы наурыз айында ердің жасы елуге келетін Өмірзақ Естайұлының өміріне һәм қызметтік мектебіне көз жүгіртсеңіз, элита ішінде үнемі ортаңғы шептен шегінбей, көш бастаушылардың не оң, не сол жағында алмасып жүріпті. Мәскеуден экономистің білімін алып келген соң мемлекеттік жоспарлаумен айналысатын институтқа жұмысқа тұрды (Сөз орайы келіп түрған соң  айта кетсек,дәл сол институтта қазір түрмеде отырған Ержан Өтембаев пен белгілі экономист Жанат Ертілесова да жас кездерінде шыңдалып шыққан). Аумалы-төкпелі 1992 жылдары Президенттің қасындағы Жоғарғы экономикалық кеңесте кеңесші болды. Бір жылдан кейін Зауытбек Тұрысбековтың оң қанатынан табылып, 29 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасарлық қызметін атқарды. Осы жылдары екінші қатардағы шенеунік болса да, атышулы «Ордалы жылан» кітабындағы басты кейіпкердің біріне айналды. Сол «Ордалы жыланда» жазылған жайттар, сондай-ақ оның саясат тақтасындағы алғашқы жүрістері  орта бойлы, жалпақ бетті, қабағы қатулы, маңдайы жарық, қара торы, оңтүстіктегі ең шағын ауданның орталығы  Шаяннан шыққан азаматқа ел-жұрттың назарын аударта бастады.  Бірақ, дауға ілініп, тұралап қалған Ө.Шөкеев болмады.  «Ит үреді, керуен көшедіге» салған кейіпкеріміз Әкежан Қажыгелдин үкіметіне Экономика министрі болып тағайындалды. Жекешелендіру науқаны бойынша басы дауға ұрынып, Әкежан Қажыгелдин шетел асқанда Ө.Шөкеев өзіне ілмек ілдірмеді. Үкіметтің құрамында түрлі қызметте экономикалық мәселемен айналысты. Бір келіп, бір кетіп жатқан Үкіметтің сап түзеген мүшелерінің қатарына симай қалған кездерінде «БТА» банктің басқарма төрағасы атанды (Осы банк қазір қашқында жүрген Мұхтар Әблязовтың меншігіне тура сол кездері өткен болатын). 

Ө.Шөкеевтың одан кейінгі қызметтерін қысқаша тізіп шықсақ,  президент әкімшілігінің орынбасары, Қостанай облысының әкімі, Астана қаласының әкімі, Оңтүстік Қазастан облысының әкімі, вице-премьер, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл ауқат қорының басшысы дегендей кете береді. Бір қарағанда, саясатқа қатысы жоқ таза шаруашылықтың қара өгізіндей көрінеді. Бастаған ісін белден басса да орындамай қоймайтын табандылығын Шымкент қаласының тұрғындары да жақсы біліп қалғандай. Мәселен, күштесе де көшпей жүрген орталық базардың «тұрғындары» қаланың сыртына қалай шығып кеткендерін әліаң-таң. Облыс орталығындағы «қызыл сызықтың» бойына түскен талай зәулім ғимараттарды артында қандай атынан ат үркетін алпауыттар тұрғандарына қарамастан жермен-жексен қиратқандары ел сүйсінген ерлік болды. Оны әкімдік қызметке тағайындауға өзі келген Елбасының алқалы жиында «Шымкенттегі жазғыштар арыз жолдағанмен бәрібір корзинкаға тасталады, сыртынан шағымданып әуре болмаңыздар» деп қадап айтуы оның барынша еркін, батыл қимылдауына үлкен күш-жігер сыйлағаны анық. Шуы бітпейтін, шатағы басылмайтын Шымкентте бар-жоғы 11 ай облыс әкімі болып істеп ол осылайша бірнеше жылға татитын тірліктің қолтаңбасын қалдырды. Оңтүстік Қазақстан облысының бүгінгі әкімі Асқар Мырзахметов өзімен бірге бір ауылда туған, яғни биографиясы да, географиясы да айна-қатесіз ұқсас. Мырзахметовтің Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметінен Шөкеевтің кезінде Шымкенттегі «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясының басшылығына ауысып алғаны әдейі ерте қимылдаған қадам ба, әлде кездейсоқтық па тап басып айту қиын. Айтқандай Шөкеевтің Шымкентте әкімдігі дәуірлеп тұрған тұста «үстеріңе шапан жамылмаңдар, мәсі, кебіс кимеңдер» деп мәселе көтергені көпшілікті  бір шулатып тастады. Астанадан ауысып келгені бастапқыда елге аспаннан түскендей әсер еткені «айтыс не керек, домбыра тартудың қажеті қанша, көкпар ойыны тоқтатылуы тиіс» деген мағыныда біртүрлі пікір білдіруінен болса керек. Бірақ артынша солтүстіктің суығы ұялаған жүрегіне оңтүстіктің жылуы кірген Өмірзақ Естайұлы адасқанын тез аңғарып, өзі тиым салмақ болған  тірліктердің керісінше түтіні түзу ұшуына қолдау танытып, қайтадан жерге түсті. Сонымен қатар қазақы өлкеге шетелден джаз өнерінің шеберлерін шақырып, өркениетке ұмтылуға үгіттеді. Опера және балет театрыныңотау тігуін ойластырып, елдің он ойланса түсіне енбеген жаңалық ашты.  

Өмірзақ Естайұлының нағыз сыналған жері Жаңаөзен қақтығысы. Қан кешкен батыс аттай бүлініп, дауылдай  дүрлігіп, қаралы қаһарына мініп тұрғанда Астананың сол жоғалауынан,  Үкіметтің ішінен Жаңаөзенге «елшілікке» жіберетін Өмірзақ Шөкеевтен өзге ешкім табылмағаны, әбден ашынған жұртпен бітімігершілікке келетін келіссөз жүргізуге дәл соған таңдау түскені көп жайтты аңғартады. Алматының тау бөктеріндегі ең тамаша жерлерге кілең «үлкен астаудан ас ішіп» жүргендер заң-зәкөнге қарамай алып құрылыстар салып тастағанда қатаң шара қолдануға Елбасының тікелей тапсырмасымен тағы да осы Шөкеевтің барғаны бекер деймісіз.  Өзге шенділерден бір ерекшелігі Ө.Шөкеев тілшілерге соншалықты жақын емес. Жүрген жерін «жарапазандатып» жарнамалағанды жақтырмайды. Бірақ, қызметіне қатысты ақылды сұрақ қоя білгенге айтар жауабы әрдайым дайын. Сынға толы Ақорданың жиналыстарында өз ауласына қарай айтылған ескертпелерге сенімді дауыспен жауап беретін қасиеті және бар.  Шаруашылыққа тастай Ө.Шөкеевтің саяси, қаржылық топ тартыстарында судағы балықтай еркін жүзе алатын икемі де бар. Мәселен, күні ертең ол президенттікке үміткер болып тіркелсе, қырықтан асып, алпысты арқалаған, қазіргі билік жүйесін іштей жақтыра бермейтін  ұлттық буржуазиялық шоғыр оны қолдап кетеріне сенім көп. «Бұл сенім Ө.Шөкеевке қайын атасы Дәулет Сембаев арқылы келді. Дәулет Сембаевты Ораз Жандосов  бастаған күллі қаржыгерлер, банкирлер білікті ұстаз, қадірлі азамат ретінде аса қатты құрметтейді» дейтіндер де табылар. Оған қоса оның оппозиция серкелерімен де аспай-саспай, әлдекімдердей өз көлеңкесінен қорқып қашпай емін-еркін тілдесіп, елден жасырмай олармен ашық кездесу өткізіп жүруі екінің бірінен табыла бермейтін батылдық. 

Қазіргі билікте жүргендердің  жағымпаздық әдеттерінен Ө.Шөкеевтің сәл де болса алыстау тұруы бағалауға тұрарлық  қасиет секілді. Осы жерде сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтіріп көрейік. Өмірзақ Естайұлы «Нұр Отан» партиясына мүше деген партиялық билетті сол кездегі «Нұр Отанның» төраға орынбасары Бақытжан Жұмағұловтың қолынан 2006 жылы алған. Ал сол сәтке дейінгі тарихты еске алсақ, 2004-2005 жылдардағы сайлау алдында шенді-шекпендінің бәрі «Асар» мен «Отанға» кіру үшін кезекте тұрған ел есінде. Өмірзақ Шөкеев солар секілді қызметтің қамы үшін билік партиясына кіруге екі қолын көтеріп жүгірмеді. «Нұр Отанның» билетін қолына ұстап тұрып, «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында «Бұл партия шындығына келгенде ВИЧ-ке шалдыққан балаларға қолдау көрсеткен жалғыз  партия болды...» дегендей сөзбен шектелді. Сол кездегі облыс әкімінің осылай сөйлеуі біраз жайтты аңғартып тұрғандай ма? Сайлау демекші, 2004 жылғы парламенттік сайлауда билік партияларына ең аз дауыс берген қала астаналықтар болды.Президенттің сол кездегі кеңесшісі Е.Ертісбаев бұл масқаралықты кешіруге болмайды дегенге салып,  байбалам сала бастады. Алайда, қала әкімі Ө.Шөкеев ел ауызында «бұлбұл» аталып кеткен кеңесшіні бір ауыз сөзімен тоқтатқан болатын. «Астаналықтар тек «Асар» мен «Отанды» сүйеді» деп өзге әкімдер секілді өңешін жыртпады. Осындай «теріс» әрекетіне қарамастан Ө.Шөкеев билік кемесінен түсіп қалмады. Қайта, сыни сәттерде, іштегі күрделі ойындарда шешуші рөл атқарған секілді. Мәселен, кезінде жарты патшадай құзырлы болған  Рахат Әлиев «Нұрбанк» дауына ілінерден бір күн бұрын Шымкентке арнайы ұшып барып, облыс әкімімен сөйлескені ел есінде. Өмірзақ Шөкеевтің өзі «бұл кездесуде тек қана «Ордабасы» футбол коммандасының ішкі шаруасын талқыладық» деп түсініктеме берді. Бірақ, көпшілік ол сөзге сене қоймады. Құдайдай құдіретті болып тұрған Рахат Әлиев арнайы ұшақпен Өмірзақ Шөкеевке ұшып барған сәтінде оған «Орданың билігін  қолыңа ұстатамыз!» деген ұсыныс жасапты-мыс, «Ө.Шөкеев оған келіспей, күйеу баланың ойын әшкерлепті» деген гу-гу көп. Бірақ, бұл дақпырттың рас-өтірігін екі-үш-ақ адам білетін секілді. Марқұм Сарыбай Қалмұрзаевтың қызметтен кетуіне Өмірзақ Шөкеевпен болған өзара әңгіме қатты әсер етіпті дегенде сыбыс та бар.  Бұл шындығында сондай ма, әлде арандату үшін айтылған ба, ол жағы бізге және белгісіз.

Қалай десек те, Ә.Қажыгелдиннен бергі премьер-министрлермен дәм-тұздас болған, экономикадағы меншіктің кімге қаншалықты үлесі бар екенін жатқа білетін, сол иеліктің артында қандай саяси күш тұрғанын жаңылыспай танитын Өмірзақ Шөкеевтің келесі президент болуға мүмкіндігі бар әрине. Тіпті, Н.Назарбаев мақсат еткен «Мәңгілік ел» «Қазақстан-2050» бағдарламасын жүзеге асыруға харизмасы жүзіне шығып тұрған тұлға емес, керісінше, шаруаның кілтін білетін алтын басты Ө. Шөкеев ыңғайлы секілді. Егер Өмірзақ Естайұлы айналасындағы саяси, қаржылық топтардың келісімін алып, өзі жақсы көретін саксафонын құшақтап, саясаттың сахынасына шықса, Қазақстандағы қазба  байлықты емуші шетелдік инвесторлар да оның салған әуеніне қошеметпен қол шапалақтауы бек мүмкін. Тек, орыс тілді ағайындар ғана «Шымкентстанға» айналу қауіпінен шошыры анық. 

Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

"Рейтинг" газетінен

Шәкіртақыны көтеруге 18 миллиард теңге бөлінеді
Бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның туған күні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу