«Альянс-банк» айқай-шу туғызып отыр. Неге?

Oinet.kz 22-06-2009 891

Screenshot_2.jpg

Дүрбелең туғызған дағдарыстың салқыны студенттерге де тимей қойған жоқ. Мұны дер кезінде назарға алған Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ студенттерді қолдау мақсатында техникалық, жаратылыстану-ғылыми, медицина мамандықтарын игеру үшін білім алып жатқан шәкірттер үшін жеңілдетілген білім несиесін қарастырды. Бұл мақсатты жүзеге асыруда банк-агент ретінде таңдау «Альянс-банк» АҚ-ға түсіп, маңызды міндет жүктелген-ді.  

Студенттер үшін жағымды жаңалық ақпан айында-ақ белгілі болған еді. Алайда, содан бері арада бірнеше ай өтсе де жеңілдетілген несиеге қолы жетпеген студенттер қатары көптеп саналады. Осы мәселеге орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетіне хабарласқанымызда, Үкіметтің «жоғарғы оқұу орнында оқитын студенттердің ерекше тобына қолдау көрсету шаралары» атты шешіміне, Білім және ғылым министрлігінің үстіміздегі жылдың 19 ақпанындағы хатына орай оқу орнында «Студенттерді әлеуметтік қолдау қызметі» техникалық секретариаты құрылып, жұмыс істеп жатқанын білдік. Университетте жеңілдетілген несие қарастырылған мамандықтар бойынша 1 582 студент дәріс алып жатса, соның әлеуметтік жағдайы талапқа сай келетіндер қатары 279 екен. Осылай бола тұра бүгінге дейін 14-ақ студент несие алу мүмкіндігіне ие болған. Өкінішке қарай, біздің елде жақсы бастамаларды жандандырып, жүзеге асырудың орнына оның жүрісін тым күрделендіріп, алға басқан қадамды кері тартатын жүйе қалыптасқан секілді. Мәселен, бастапқыда аталған университеттен жеңілдетілген несие алуға ниет білдіргендер қатары 61 болса, құжат жинаудың қиындығынан жарымына жуығы арызын қайтып алды. Қазіргі қалғаны 33 қана студент. Оның да 14-інің сұранысы қанағаттандырылып, қалған 19-ы әлі де дәмемен жүр. Дәлірегі, ағайындарының бірінің атында жылжымайтын мүліктің барынан зардап шегіп отыр. 

Студенттерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін үш жақты – Ғылым және білім, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ аралығында меморандум түзілген. Осы меморандум негізінде студент, одан кейін жоғарғы оқу орны  студентке гарант ретінде банкпен өзара келісім-шартқа отырады. Бұл үшін оқу орны министрліктен рұқсат алуы тиіс. 

Келісім-шарттың 4-бөлімінде несие қайтарымын қамтамасыз ету тәсілдері ретінде бірінші кезекте заңды немесе жеке тұлғаның кепіл бола алатыны көрсетілген. Екінші жағдайда мүлік кепілі қойылуы мүмкін. Бұл екеуі де болмаған жағдайда «Қаржы орталығы» АҚ 65-95 пайызы көлемінде несиенің қайтарылуына кепіл бола алады. Құжатқа сенсеңіз бәрі де орын-орнымен секілді. Ал тәжірибе жүзінде кедергілер көп кездесуде. 

- Арнайы құрылған топтың түсіндіру жұмыстарынан кейін несие алуға ынта білдіргендер қатары күрт көбейген еді. Бірден 61-ге жетті. Құжаттары өткені 35 болды. Барлығына да университет кепіл болатыны жөнінде келісім-шарт түзілді. Алғашқы 14 студентке несие бірден берілді. 10-мамырдан бастап кілт тоқтады. Банк тарапынан енді университеттің кепілхатынан бөлек жылжымайтын мүліктері кепілге қойылсын деген талап қойылып отыр. Себебіне үңілсек, қалған студенттердің барлығының да ата-аналарының, бауырларының атында жылжымайтын мүліктері бар екен. Бір қызығы, банк бұл талаптарын жазбаша түрде беруден әліге дейін қашқақтап келеді, ауызша ғана айтады. Іс созбалаңға түскендіктен 2 студент құжаттарын қайтарып алды. Осылайша жақсы басталған бастама орта жолдан кешеуілдеп жатқан жағдайы бар, - дейді университеттің тәрбие және әлеуметтік істер бойынша проректоры Бекайдар Тойлыбаев. 

Кезінде ешқандай кепілсіз-ақ несиені шүлен таратқандай оңды солды үлестіріп,  «Атымтай жомарт» атанған  «Альянс-банк» АҚ-ы студенттерге келгенде неліктен іштарлық танытып отырғаны түсініксіз. Осы сауал төңірегінде «Альянс-банк» АҚ Шымкент филиалының несие әкімшілік басқармасының бастығы Әлиасқар Ибадуллаевтан сұрадық:

- «Қаржы орталығы» АҚ «егер студенттің ата-анасының немесе бауырларының атында жылжымайтын мүліктері болса, біз сіздерге ақша төлемейміз» дегенді айтып отыр. Сол себепті мүлікті кепілге қойыңдар деген талап қоюда. Бірақ, жеңілдетілген несие алатындардың барлығы да тұрмысы төмен отбасылардың балалары. Мүліктерін кепілге қою үшін әр студент 50-60 мың теңгеге шығындалуы керек. Өздерінің алатын несиелері де осы сомамен шамалас. Осы мәселелердің барлығын жоғарғы жаққа жазғанбыз. Жақын күндері мәселе оңды шешілуі тиіс. Қалай шешіледі, несиелерін бірден береміз.   

«Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегендей, әжептәуір бастама еді, жоқ жерден мәселе шығарып, студенттердің жеңілдетілген несие алудан беті қайтып қалған секілді. Қалай десек те, банктер қаржыға кіріптар болғандар үшін қай кезде де алынбас қамал екені анық. Кезінде тірлігі шатқаяқтаған тұста үкіметке алақан жайып, қаржылық қорын толықтырып алған банктің бүгінгі әрекеті «өзі болған қыз төркінін танымастың кері.» Елбасының бастамасымен қолға алынған істің соңы Оңтүстікте осылайша сыйрқұйымшақтанып кететін түрі бар.   

Шадияр Мекенбайұлы  

«Тәшкен көрген баланың» тірлігі қандай?
ОҚО-да ҰБТ-да текетірес болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу