Әкім Парламент депутаттарына "подсказ" берді

Oinet.kz 28-08-2009 1252

Screenshot_2.jpg

Осы оқушылар мен Парламент депутаттары арасында екі-үш ұқсастық бар. Екеуі де каникулдарын аяқтап, бірінші қыркүйекте партаға отырады. Оқушылар жазғы каникулды қалай өткізгені туралы құрбы-құрдастарымен сырласып, шығарма жазады. Парламенттегілер де сөйтеді, жазғы каникулында ел аралап сайлаушыларымен жүздескен олар өзекті мәселелерді  қозғап депутаттық сауалдар жолдайды. Бұл жолы Парламенттегі оңтүстікқазақстандық депутаттардың сессияда көтерер мәселелері аз болмайтын секілді. Өйткені, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің командасы депутаттарға, әлгі оқушылардың тілімен айтсақ, мықты «подсказ» берді. Ресми тілмен айтсақ, облыс әкімінің Парламент депутаттарымен кездесуінде облыс әкімдігі аппараты заң бөлімінің меңгерушісі Рабиға Жексембаева «Қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жинақталған ұсыныстар» бойынша хабарлама жасады. Ұсыныстар және оны жолдауға себеп болған жәйттер тасқа басылып, кітапша ретінде депутаттарға табыс етілді. Әкім бастап, бөлім меңгерушісі қоштап ұсыныстарының мән-маңызын депутаттардың жетесіне әбден жеткізіп түсіндірмек болып еді, оған депутаттар ыңғай бермей хабарламашыны жарты жолдан «арқан керіп» тоқтатып тастады. «Қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасаудың өзіндік тәртібі мен талабы, арнайы бекітілген регламенті бар. Мұны тыңдағаннан көрі өзіміз мұқият оқып, асықпай танысып барып, қам-қаракетке кіріскеніміз дұрыс» деді депутаттар әдеттегідей бірауыздылық танытып. Олардың сөзінің сыңайынан «біз мектептің партасында отырған оқушы ма екенбіз, Парламенттің партасында отырған атағы дардай депутат болғандықтан өзіміз-ақ түсініп аламыз» деген  өктем ой сезіліп тұрды. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, ұсыныс жасауға «көптен көкейде жүрген, еліміздің заңнамаларын өзгертіп, толықтырмайынша шешімін таппайтын мәселелерге заң шығарушы органдағы жерлес-депутаттардың көмегі қажет болуы» себеп болған. Облыс әкімдігі, әсіресе, Жер кодексіне өзгертулер енгізілгенін қалайды. 2003 жылы 20 маусымда қабылданған Жер кодексінің базалық ставканы белгілеуге қатысты тармағын өзгерту керек. Оған себептің бірі -- түсімдердің төмендеуі. Соңғы жылдары тұрғындардың төлем қабілеті төмендеп, түсім азайған. 2007 жылы 8 миллиард теңге түссе, бұл көрсеткіш өткен жылы 2 миллиард теңге, ал биылғы 7 айда 200-300 миллион теңге болып отыр. Түсімнің төмендігінен бюджетте жоспарланған көрсеткіш орындалмай көзделген көп тірлік шешімін таппай шиеленісіп кетуде. Облыс әкімдігі, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдар мен үкімет қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов «облыстың экономикалық дамуының үш жылдық жоспары» жайлы баяндап берді.  Оңтүстік өңірінде атқарылып жатқан әрбір істің жанашыры, әр бастаманың тілеулесі екендіктерін білдірген Парламент депутаттары бағдарламаның  жақсы жақтарын бас бармақпен бағалап, қамтылмай қалған кейбір мәселелер  бойынша келіспейтіндерін де жасырған жоқ. Айтпақшы, мұндай жоспар-бағдарлама бұрынғы әкім Нұрғали Әшімовтің тұсында да жасалған екен. Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов сол жоспарды жасауға және оны бекітуге кезінде талай тер төгілгенін, қаржы жұмсалғанын айтып, оның қазіргі тағдырына алаңдаушылық білдірген еді. Сөйтсек бұрынғы әкімнің командасы әзірлеген бағдарлама белгілі бір саланы қамтыса, бұл жолы оны жаңа команда толығымен жаңартып, әрбір саланы жан-жақты зерттеуге жіті назар аударыпты.

Кездесуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 900 миллион  теңгеге жуық қаржыға қаншама нысандар салынып жатқаны айтылды. Жобалары көрсетілді. Бұрынғы «Көл» аумағы қазір Шымкент шаһарына шырай кіргізіп тұрған көрікті демалыс аймағына айналғаны белгілі. Бүгінде сезімдері жарасып үйленуге серт  байласқан жастар жиі бара бастаған сол демалыс аймағында облыстық мәслихаттың депутаты, « Корпорация Береке-А» ЖШС бас директоры Рәшкүл Оспанәлиеваның ұйытқы болуымен сән-салтанаты келіскен неке сарайы салынуда. Шымқаланың ажарын ашатын бірнеше жерде, мәселен Ордабасы алаңында, Абай саябағында, облыстық драма театр жанында  кәсіпкерлердің қаржысына бой көтеретін нысандар  халық игілігіне ұсынылмақшы. Ал облыс орталығына «Қайтпас» мөлтекауданы жақтан кіретін тұстан, дәлірегі Бәйдібек би көшесінің бойынан  тұтас ұлт тәу ететін баһадүр бабамыздың еңселі ескерткіші тұрғызылмақ.  Мәжіліс депутаты Ержан Исақұлов кәсіпкерлерге жауапкершілік жүктегенде әкімдік қандай заңдылықтарға сүйенетінін сұрады. Салмағы ауыр бұл сауалды жауапсыз қалдырмаған   облыс әкімі расында да осы жағдайға байланысты ел аузында әрқилы алыпқашпа әңгіме туындап жүргенін, бірақ ешбір кәсіпкерге жауапкершілік күшпен жүктелмейтінін әркім, өз еркімен  игілікке іске үлес қосып кле жатқанын қадап айтты. Бұл біріншіден  әрбір кәсіпкер үшін перзенттік парыз болса, екіншіден мемлекеттің қаржысына жан бағып жүрген азаматтар реті келгенде мемлекеттің өсіп, өркендеуіне, дамуына септіктерін тигізісе мұның несі жөнсіз?! АҚШ-тың бір кездердегі Президенті Д. Кеннедише айтсақ, «әрбір азамат мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін деп ойлануы тиіс» емес пе? Сенатор Болат Жылқышиев көпшілікті алдап көзбояушылыққа барған шенеуніктердің тұсында құрылысы басталып аяқсыз қалып кеткен «сақалды» жобаларға  қынжылыс танытып, саябақтарда шу шығарғанша халықтың қажеттілігіне жарайтын нысандар салу қолға алынғанына қолдау білдірді.  

Парламент депутаттары ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді де көтерді. Сенатор Орынбай Рахманбердиев Бәйдібек ауданында жаңадан салынып жатқан Саттар Ерубаев атындағы мектептің сапасы сын көтермейтінін көзімен көріп қайтқанын ашынып баяндады. 114 миллион теңге қаржы жұмсалып, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын мектептің еденіне кеппеген тақтай төселген. Енді еден тақтайларының аралары ашылып, сұрықсыз күйге енген. Сондай-ақ, дәлізге төселген жұқа линолеумның «ғұмыры» бір айға жетпеуі әбден мүмкін. Бөлінген қаржыға сай сапалы жұмыс болмай отырғанын Мәжіліс депутаты Сатыбалды Ибрагимов та айтып өтті. Сайрам ауданындағы Жібек жолы ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге қыруар қаржы бөлінген, құбыр жүргізілген. Бірақ... әлі күнге дейін су жоқ. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге тиесілі субсидия ала алмай жүрген шаруа қожалықтары да бар. Ауылдағы ағайынның жанайқайын Мәжіліс депутаты Сәуірбай Есжанов алға тартты. Сенатор Қуаныш Айтаханов су жүйелері мен каналдарға қатысты ой-пікірлерін ортаға сала отырып, алдағы уақытта Астана қаласынан кіндік қаны тамған, өскен Отаны-оңтүстік саналатын ғұламалардың атасы-атақты Әл-Фарабидің ескерткішін орнату елдігіміз сын екенін, бұл тірілік жүзеге асса облыстың мерейін өсіретінін еске салды. 

Парламент депутаттары Елбасы тапсырмасымен «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

«Дала мен қала» газетінің меншікті тілшісі


Мәжіліс Мәсімовке сенеді екен
ОҚО-да 12 ауылда ауыз су, 15 ауылда жарық мүлдем жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу