Исмаилов жеңілгенін мойындамай ма?

Oinet.kz 08-03-2012 765

Screenshot_9.png

«Мемлекеттік қызметкер, Ар-намыс кодексіне адал болуға ант берген Жұмағали Исмаиловтың әрекеті шектен шығып барады. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы бірінші кезекте ұлғатты, зиялы азамат болуы керек емес пе?! Ал ол болса... Намысымды аяққа таптаған  неше түрлі ғайбат сөздерін тіпті айтуға да ұяласың»

Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері, денсаулық сақтау саласында 35 жыдан астам еңбек еткен, «Медицина үздігі» төсбелгісінің иегері Алқатай Ошақбаев осылай дейді. Бас дәрігер бастығының өзіне соншалықты ашуланып, тісін қышырлатып, тіпті ұрысқанда орнынан тұрып кететіндей не жазып қойғанын өзі де білмейді. Білікті кадрларға ешқандай себепсізден-себепсіз жерден алып жерге салу, қызметінен төмендету, соңына шам алып түсу Жұмағали Исмаиловтың әдетіне айналған ба?

  20 жылдан астам уақыттан бері Түлкібас ауданындағы Балықшы сүйек-туберкулез ауруханасының бас дәрігері болып істеп жүрген ол 2010 жылдың 24 маусымында ойда жоқта қызметінен босатылған.

--Жұмағали Исмаилов бөлмесіне шақырып алып, «Дәл қазір жұмыстан кету жөнінде арыз жазыңыз, орныңызға басқа адам барады. Мен Балықшыдан ортапедиялық орталық ашамын. Қазығұрттағы туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері болып барасыз» деді. «Қатардағы дәрігер болып қала берейін, отбасыммен Қазығұртқа көшіп бару қиындық туғызады» деген талап-тілегіме де құлақ аспады. Ақыры амал жоқ, арызымды жазып, Қазығұрттағы туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері болдым,--дейді А.Ошақбаев.

Бірақ Қазығұртқа барған бас дәрігер «бірінші күннен бастап менің жұмысымның жүрмеуіне экономикалық блокада жасап, «заказ» беріп, қаржы полициясына тексертіп қойды» дейді. 2011 жылдың маусым айында Сарыағаш ауданаралық қаржы полициясы тексерудің нәтижесінде Қазығұрт аудандық туберкеулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері А.Ошақбаевты  мемлекеттік сатып алу заңдарын бұзды деп, оған тәртіптік жаза қолдану туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс берген. Жұмағали Исмаилов мәселенің ақ-қарасын ажыратпастан А.Ошақбаевты қызметінен босатқан. Содан бас дәрігер өзінің бұзылған құқығын сот арқылы қорғауға мәжбүр болады.

Алғашқыда Шымкент қаласы Абай аудандық соты мұның талап арызын қанағаттандырмаған. Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы былтыр 20 қарашада аудандық соттың шешімін өзгертіп, А.Ошақбаевты қызметіне қайта орналастыру, бос жүрген уақытындағы жалақысын өндіру туралы шешім қабылдайды.

Осыдан кейін А.Ошақбаев Исмаиловқа кіріп, өз еркімен қызметтен босатуды сұраныпты. Бірақ ол апелляциялық алқаның шешіміне кассациялық тәртіппен шағымданатынын айтып, бұған келісімін бермеген. 2012 жылдың 9 қаңтарында кассациялық алқа облыстық денсулық сақтау басқармасының арызын қарап,оны қанағаттандырусыз қалдырады. Сот Ошақбаев қызмет барысында ешқандай заңбұзушылыққа бармаған, оның бас дәрігер қызметінен босатылуы негізсіз» деген тоқтамға келген. Осылайша Ошақбаевқа жұмысына қайта орналасып, бос жүрген уақытындағы 673 мың теңге  жалақысы, сот шығындары мемлекет қазынасынан төленген.

Дәл қазірге уақытта Алқатай Ошақбаев Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып жатқанымен  облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қысым көріп отынғанын айтады. «Қайта-қайта тексеру. Жұмыстан бір шикілік тауып, орнымнан алуға сылтау іздеп отырған адамның тірлігіне ұқсайды. Тіпті «жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазсын» деген сәлемдемесін бір азаматтар арқылы жолдапты. Кезінде жұмыстан өз еркімнен босау туралы арызымды қабылдамай тастаған, Жұмағали Исмаиловтың мұнысы түсіне алмадым» дейді А.Ошақбаев.

Таңқаларлығы сол, арызданушының айтуынша, Балықшыдағы сүйек туберкулез ауруханасынан ортапедиялық орталық ашпақ болып, А.Ошақбаевтың орнына ортопед маманын апарып отырғызғанымен, бұл түптің түбінде жүзеге аспаған. Ал, А.Ошақбаевты Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері қызметінен алынған соң, оның орнына стаматолготың тағайындалғаны кісі күлерлік тірлік емес пе? Құрт ауруы дендеп тұрған кезде негізсіз сапырылыс жасаған Ж.Исмаиловтың бұл әрекетіне не айтасыз?

Екіншіден, қаржы полициясының берген ұсынысынан кейін мәселені ақ-қарасы тексерілмей, орнынан алынып, артынша сот шешімімен қайта тағайындалған А.Ошақбаевтың бос жүрген уақытындағы 673 мың теңге жалақысы, сот шығындары мемлекет қазынасынан төленген. Ал прокурорлардың «егер қызметкер жұмыстан заңсыз шығарылып, сот шешімімен орнына қайта орналаса, оның бос жүрген уақытындағы жалақысы заңсыз бұйрықты шығарған басшысының қалтасынан төленуі тиіс» дегенді айтып жүргелі қашан. Сонда Жұмағали Исмаиловқа құзырлы органдардың да тісі батпағаны ма? Рас, Ошақбаевты жұмыстан шығару туралы бұйрыққа бастықтың міндетін атқарушы Ғ.Әбіш (Исмаиловтың орынбасары)  қол қойған. Бірақ «шаш ал десе, бас алатын» мұндай қадамға ол бастығының келісімінсіз барды дегенге кім сенеді?

Үшіншіден, болары болып, бояуы сіңген соң Жұмағали Исмаиловтың көздегені не? Жеңілгенін мойындау да азаматтың ісі емес пе? Облыстың бас дәрігері өзінің жіберген кемшілігін мойындамай ма әлде бұл есе қайтару ма?

Жәнібек ТАРХАН

Жұмағали Исмайлов атышулы, қымбат адвокатты жалдады
ОҚО-да Исмайловтың қуғынына ұшыраған дәрігерлер көбеюде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу