Нұрлан Балғымбаев. Кім?

Oinet.kz 05-04-2012 2040

    2-0.jpg

«№1 мұнайшы». Кезінде Нұрлан Балғымбаевты жұрт дәл осылай атаған еді. Шынында да тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында жүзеге асқан   Қазақстандағы  мұнай саласының ең ірі жобалары Балғымбаевтың сүзгісінен өтті. Әдетте олигархтар түрлі салаларға (құрылыс, сауда, банк, т.б.) бас сұғып, нәпақасын  жан-жақты бизнес жобалардан айырып жүрсе Балғымбаевтың қызығушылығы тек мұнай, мұнай және мұнай. «Қара алтын» десе ішкен асын жерге қоятын Нұрлан Өтепұлы бүгінде саяси аренада бұрынғыдай алшаң басып жүрмегенімен әлі де салмақты  олигархтардың бірі саналады.  Оның 2003 жылы ТМД елдерінің ең мықты 50 кәсіпкерлерінің тізімінен көрініп, Олег Дерипаска, Анатолий Чубайс, Роман Абрамович, Ильхам Әлиев, Тимұр Құлыбаев секілді миллиардер-алпауыттармен иық тіресіп тұрғаны кездейсоқтық дейсіз бе? Балғымбаев осындай биікке көтерілгенімен, кейінгі жылдары жолы болыңқырамады.

Сарапшылар Нұрлан Балғымбаевты «Шевронның адамы» деп те атап кеткен. Онысы бекер емес. Мақала кейіпкерінің өмірбаянына тереңірек үңілейік. Балғымбаев кәсіби мұнайшылардың отбасында дүниеге келген. Бір кездері тәп-тәуір боксшы болған. Шешенстанда оқып жүргенінде осы ел чемпионатына қатысып,  жеңімпаз атануының өзі неге тұрады. Шешендерді шаршы алаңда қуып жүріп  сабаған қазақ жігіт әйткенмен болашағын спортпен емес, мұнаймен байланыстырғанды жөн көрді.

Алматы политехникалық институтын аяқтаған соң мұнай кенішіне қарапайым бұрғылаушы болып орналасады. 1973-1986 жылдар аралығында қарапайым бұрғылаушы оператордан «Ақтөбемұнай» бірлестігінің бас инженері қызметіне дейін өсті. Одақ ыдыраған соң Балғымбаев бірден Америкаға аттанады. Екі жыл бойы Бостондағы Массачусетс университетінде тәлім алды. Әлбетте  бұл шығындарды өз қалтасынан төлеген жоқ. Оқуын аяқтаған соң аты әлемге әйгілі мұнай алпауыты  «Шеврон» компаниясына қабылданады. Қазақстаннан келген маманға жоғары жалақы тағайындалады. «Шевронның» Балғымбаевты осылайша баптап, бағыт беруі бекер болмай шықты. Нұрлан Балғымбаевқа жұмсалған осынау азын-аулақ инвестицияның арқасында бүгінде американдық компания жыл сайын Қазақстанның арқасында миллиардтан астам доллар таза табыс тауып отыр. Қазақстандық мұнай үшін болған тартыс-таласта «Шевронның» өзге бәсекелестерін басып озатындай басты «көзірі» - Балғымбаев болғанын  мынадан білеміз. «Шеврондағы» қызметінен соң 1994 жылы Нұрлан Өтепұлы бірден еліміздің мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып шыға келді. Қазіргісін қайдам, нақ сол жылдары бұл қызмет Үкімет басшысы лауазымынан да әлдеқайда мықты болатын. «ТеңізШевройл» атты бірлескен кәсіпорынның құрылып, оның 50 пайызы американдықтарға, қалған 50 пайызы мемлекеттің қоржынында қалуына байланысты құжаттардың барлығын Балғымбаев өзі реттеп жүрді. Өндірілетін мұнайдың көлемі жылдан-жылға артып отырды. Яғни, бірнеше жылдан соң Қазақстанның қазынасына мұнай сатудан түсетін табыс көлемі де артуы тиіс еді. Алайда, неге екені белгісіз, көп ұзамай «ТеңізШевройлдағы» қазақстандық үлес шетелдік компанияларға сатыла бастады. Бұл ретте ұлттық мүддеден гөрі трансұлттық алпауыттардың пайдасына басымдық беріліп отырды десек артық айтпаған болар едік. Осы жылдарда министрлікте кеңесші-консультант қызметін атышулы Джеймс Гиффеннің атқарғаны белгілі.  Оның Балғымбаевқа нендей кеңес беріп тындырғанын нақты білмейміз. Білетініміз, осы Гиффеннің арқасында «Қазақгейт» атты дауға тап болдық. Ал шетелдік компания басшылары мен елшілердің арасында «Балғымбаевқа жолыққың келсең әуелі Гиффеннің алдынан өтуің тиіс» деген тіркес көп айтылып жүрген екен. Ал базбір американдық басылымдардың жазуынша, ірі мұнай жобаларындағы қазақстандық үлесті сатудан түскен қаражаттың қомақты бөлігі мемлекеттік бюджетке емес, шетелдік банктердегі есеп-шоттарға түскен көрінеді. Рас-өтірігін қайдам, әйтеуір Балғымбаевтың отбасы бір кездері бес жылдай Америкадағы Хьюстон қаласының миллионерлер, топ-менеджерлер шоғырланған  бөлігінде тұрған деседі.

Мұнай өндіру ісі дамыған сайын Балғымбаевтың да ықпалы артып отырды. 1997 жылдың басында ол «жаңадан құрылған «Қазақойл» ұлттық компаниясының басшысы атанып шыға келді. Компания деген құр аты ғана болмаса, іс жүзінде бұл мұнай саласын толық қадағалайтын министрлікке пара-пар ұйым еді. «Қазақойлды» алты айдай басқарған соң 1997 жылдың күз айында Балғымбаев премьер-министр қызметіне тағайындалды. Ұлттық компанияның жетекшілігі Балтабек Қуандықовқа сеніп тапсырылды. Кәсіби біліктілігін қайдам, осы Қуандықов Балғымбаевтың туған құдасы болып шықты. Нұрлан Өтепұлының Үкіметтегі жетекшілік қызметі 1998 жылғы қаржылық дағдарыспен тұспа-тұс келді. Бірақ, білетіндердің айтуынша, Балғымбаевты өзге мәселелерден бұрын мына бір проблема көбірек алаңдатыпты.

90-шы жылдардың соңында отандық саясат және бизнес аренасына «жас түркілер» атанған аса амбицияшыл, технократ жастардың тобы келді. Турасын айтайық, Балғымбаев технократтармен тіл табысқан жоқ. Әблязов, Жандосов, Қаппаров... Осылармен арада келіспеушіліктер туындай бастады.

1997 жылы 28-жасар Нұрлан Қаппаровтың «Қазақойл» компаниясының басшылығына тағайындалуы көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Сарапшылар бұл тағайындаудың басты себебі ретінде мынаны кесекөлденең тартады. Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігін, одан кейін «Қазақойлды» басқарған жылдары  Балғымбаев уақытын босқа өткізбей, осы саланы толықтай дерлік жеке ықпалына өткізудің амалын жасаған. Сондықтан, осы механизмдерге тосқауыл қоя алатын, авантюраға барудан тайынбайтын жігерлі жас басшы қажет болды. Таңдау Қаппаровқа  түсті.  «Қазақойлға» жаңадан келген кадр Балғымбаевтың жоспарын бұзып, осы компанияға тиесілі бірқатар функцияларды, оның ішінде аса маңызды қаржылық тетіктерді мемлекетке қайтарып берді. Өзіне жүктелген миссиясын толық атқарып болған соң Қаппаров «Қазақойлдан» кетті.

Әлгінде Гиффенді тілге тиек етуіміз бекер емес. Батыста Гиффеннің үстінен қылмыстық іс қозғалып, онда Балғымбаевтың да аты аталды. Осының әсері ме, әйтеуір бұдан былай «№1 мұнайшы» атағының иесі Балғымбаевтың бұдан соң дәурені таусыла бастады. 1999 жылы  премьерлік қызметінен босатылып, бұрынғысынан әлдеқайда әлсіреген «Қазақойлға» қайта оралды. Ұлттық компанияны 2002 жылға дейін басқарған соң Балғымбаев «Қазақстан мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенттігіне ауысқан ол мұнай және газ саласындағы ықпалынан айырылды. «Қазақойлға» Ләззат Қиыновтың командасы орнықты... Бұдан соң Балғымбаевтың жұлдызы жанбай қойды. 2007 жылы Елбасының кеңесшісі, 2008 жылы Каспий теңізінің ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнайы өкілі болып бекітілгенімен, бұл қызметтер оған қандай-да билік, қосымша құзырет бермеді. 2009 жылы Балғымбаев Президенттің кеңесшілігінен босатылды. 

Дегенмен, Балғымбаев қай қызметте жүрсе де, мейлі қызметсіз қалса да әрдайым қазақстандық саяси элитаның құрамында қала беретіні белгілі. Билік эшелонында бар-жоғы білінбегенімен, оның әлі де болса «ТеңізШевройл» компаниясына ықпал жүргізетіні  сарапшыларға мәлім. Саясат тақырыбы қозғалғанда Балғымбаевтың бүгінгі оппозиция лидері, кезінде еліміздің Бас прокуроры, Мәжіліс спикері қызметтерін атқарған Жармахан Тұяқбайдың құдасы екені де тілге тиек етіледі. Тұяқбайдың ұлы Әділжанға тұрмысқа шыққан Самал Балғымбаева да біраздан бері тәуір қызметтерді атқарып келеді. «Құда мыңжылдық» емес пе? Жармахан Тұяқбайдың оппозицияға кетуі құдалардың арақатынасына сызат түсіре қоймады.

Нұрлан Балғымбаевтың спортқа, оның ішінде бокс пен тенниске әуестігі белгілі. Бір кездері Елбасымен бірге теннис ойнап жүретін. 1999-2000 жылдар аралығында ұлттық бокс федерациясын басқарған Балғымбаев боксшыларымыздың Сидней олимпиадасына тыңғылықты дайындалуына мол қаржы жұмсап, былғары қолғап шеберлерінің айтулы табысына оң септігін тигізгенін де атап өткеніміз абзал. Федерациядан кеткен соң оның  орнына лайықты қалталы кандидатура көпке дейін табылмапты.

Балғымбаев әсіресе қол сағаттарын жинау ісін сүйікті хоббиіне айналдырған. Оның коллекциясында сағаттың түр-түрі жинақталған деседі. Несі бар, олигарх болған соң не жинақтаса да өз еркі емес пе?

 «Мен «Еркін Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбаймен туыстық қатынастарымның барын ешуақытта жасырған емеспін. Біз шын мәнінде де араласып тұрамыз, оған азамат  әрі мықты тұлға ретінде үлкен құрметпен қараймын. Бірақ бұл оның саяси көзқарастарын қолдайтынымды білдірмейді. Жеке позициям мен өмірге деген көзқарасымды айқындауға өзімнің шамам жетеді... Нұрсұлтан Әбішұлын 25 жылдан бері танимын. Осы аралықта бірлесіп қызмет етіп, арамызда нағыз ер азаматтарға лайық достық орнады.  Әлемдік экономикалық дағдарыс еліміздегі  реформалар ғана емес, бүкіл экономиканың күйреу қаупін туған. Өте күрделі шешімдер қабылдау қажет болған сол қиын-қыстау заманда да Елбасы мені «бауырым» деп айтатын».(Н.Балғымбаевтың 2005 жылы ресейлік «Новые Известия» газетіне берген сұхбатынан).

"Ойнеттің" мұрағатынан, 5 сәуір 2012 жыл

Нұрлан Қаппаров кім?
Қайрат Келімбетов. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу