Асқар Мырзахметов елмен еркін сөйлескісі келген еді

Oinet.kz 17-02-2011 908

Screenshot_7.jpg      

Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдары елмен кездесуді ауыл әкімдері бастап, аудан, қала әкімдері қоштап, оны облыс әкімі қорытындылауы дәстүрге айналғаны белгілі. Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ел алдындағы есебі Ж.Шанин атындағы драма театрда өтті. Бұйыртса, туп-тура 16 күннен кейін Асқар Исабекұлының облыс тізгінін қолға алғанына екі жыл толмақ. Демек, арғы жылды жаңа басшының жоспарлау жылы болды десек, былтыр сол жоспарын іске асыруға толық мүмкіндік туған жыл деп топшылауға болады. Ендеше облыс басшысы барыс жылы не бітіре алды?

  Асқар Исабекұлы бастаған команданың жыл бойы атқарған жұмысының жиынтығы 20 минуттық слайд-фильмге сыйдырылыпты. Қосымша өзі тағы 30 минут сөйледі. Алынған асу, бағындырылған биік тәп-тәуір. 

  Асқар Исабекұлының жұмыс істеу тәжірибесінен байқайтынымыз, ұзын-сонар баяндама жасауды жаратпайды. Бұл жолғы есеп беруде де солай болды. Әкім елмен емін-еркін сөйлескісі келген еді. Орынды-орынсыз ода айтушыларға да уақыт шығындаудың қажеті жоқтығын байқатты. Есептің бағытын бірден сұрақ-жауапқа аударған да өзі болды. Алайда...

Мінберге көтерілген, микрофонға жақындағандардың дені облыс әкімінің есебін бас бармағымен бағалаудан басқа ортақ бұйымтайды ортаға тастай алмады. Обалы не керек, облыс әкімі жарыссөзге, сұрақ-жауапқа шыққандарға қайта-қайта «сұрақ қойыңыздар, тікелей диалог болған жақсы, сіздерді аудан атынан өкіл етіп жібергесін ауыл-аймақтарыңызда шешілмей жатқан қандай проблема бар, соны айтып қалыңыздар, ауылға барғанда «сен неге мына сұрақты қоймадың» десе ұят болмай ма, сондай өкініш болмасын» деп, қайта-қайта сұрақ сұратқанымен, көпшілігі дайындап келген сценарийден аса алмады. 

Елбасы тапсырмасымен әкімдердің халық алдында есеп беруі жергілікті тұрғындар үшін жыртығына жамау сұрауға өте сәтті бастама. Әсіресе, облыс әкімінің қабылдауына жылдап жазыла алмай жүргендер үшін. Сол айта алмай жүрген іштегі шерін тарқататын сәт емес пе еді бұл? Бәлкім, мұның сыры есіктен «Шақыртуы» барлар ғана енгізілгендігінде жатқан болар. Дегенмен, бір-екі азаматтың айтқандары бізді де, басқаларын да бей-жай қалдыра алмады. 

Омарова Гүлжаһан, Мақтарал ауданынан келген көпбалалы ана:

- Екі рет егізді дүниеге әкелдім, қазір 7 бала-шағам бар. Осы балаларға ешқандай көмек ала алмай отырмын. Күйеуім өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді, соның айлығы жетеді деп ешқандай көмек көрсетілмей келеді... 

Бұған облыс басшысы заң шеңберінде көмек көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. «Егер тиісті әлеуметтік көмек көрсетілмесе, аудан әкімі және басқа да тиісті мекемелер тарапынан орындалмай отырса, шара көріледі. Мұны аудан әкімі анықтап, анық-қанығын баяндайтын болады» деді. Әрине, аудан әкімі Серік Тұрбековке мұндай көпбалалы аналар жайын саусақпен шұқып көрсетпесе, байқамай жүре беретін әдеті бар. Дәл осы тақырып бойынша «Рейтинг» газетінде бұған дейін де «Әкім Серік Тұрбековтің көпбалалы аналарға көзқарасы теріс пе?» деген сыни мақала шыққан болатын. Енді, міне, 7 баланың анасы аудан әкімінен бәрібір қайран жоқ деді ме, 250 шақырым жерден келіп, шағымын облыс әкіміне жеткізіп отыр. Балағынан бала саулаған алтын құрсақты аналарын облыс орталығына шапқылата бергенше аудан әкімі Серік Тұрбеков аудандағы көп кәсіпкерлерді сауап іске жұмылдырып, саусақпен санарлық егіз, үшемдердің ата-аналарына қолғабыс етуге шамасы келмейді дегенге ешкім сенбейді. Бұл іске басты кезекте ниет, шын жанашырлық сезім, ұйымдастыру мәселесі жетіспей жатқан секілді. Әйтпесе, 300 мыңнан астам халқы бар ауданда небір кәсіпкерлер мен жаны жомарт жандар кәсібін дөңгелетіп жүр. Өзге де игі істерге қол ұшын беріп жүрген олар батыр аналарға келгенде жоқ дей қоймас, сірә. 

Есеп барысында түлкібастық кәсіпкер, «Көктал» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Төлешов те құлаққа қонатын пікір айтты. «Қазір азық-түлік бағасы аспандап тұр. Күзде әлдеқайда арзан болатын. Менде 1800 тонналық тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. Соны іске қосу үшін 57 миллион теңге несие алғанмын. Өкінішке қарай, сол тоңазытқыш бос тұр. Шаруалар бұл мақсатта ақша қаралмағанын айтады. Қысқа мерзімге несие беріліп, осы мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, азық-түлік бағалары әлдеқайда арзан болады. Бұл елге де, сіздерге де, бізге де тиімді болар еді». 

Мақтаралдан келген облыстық мәслихаттың депутаты Сәду Бекенов ауданды бұрынғысынша үшке бөліп басқару тиімділігін тілге тиек етсе, Төлеби ауданы Сұлтанрабат ауылынан ат басын бұрған көпбалалы ана жер ала алмай жүргенін жеткізді.

  Есеп беру барысында елге сыйлы белгілі қаламгер Байдулла Қонысбек маңызды екі  мәселе: адамзаттың бесігі атанған киелі Қазығұрт тауына көңіл бөлу, шығармашыл өнер адамдарының жағдайын көтеру қажеттігі жөнінде мәселе көтерді.   

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Досыбай Шерімқұлов: «Кәсіподақтар әр ұйымға бөлінгеннен ештеңе ұтпайды»
«Мен байлаулы ит сияқтымын, үремін, бірақ қаба алмаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу