Мәсімов Мырзахметовті құттықтауға келді

Oinet.kz 14-04-2011 1000

Screenshot_17.jpg

Министрлер ауысып, облыс әкімдері орынтағын сақтап қалды «Осындайда ел ішінде гу-гу әңгіме көп болады ғой. Отырып алып,  «Ана жақтан келедi, мына жақтан келедi, анау анандай, мынау мында баратын болыпты д-е-е-п. Өйтпесек, қазақ боламыз ба?! Әңгіменің ең қызығы сонда. Міне, біреуі жабылды. Енді басқасына гуілдеуіне кішкене уақыт берейік. Ендігі аптада шешеміз деп ойлаймын».    

Ант беру  рәсімінен кейін іле-шала Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовты премьерлікке қайта бекіту үшін  Мәжіліске алып барған Елбасы осылай деді. Жұртшылықтың сайлаудан кейін болатын кадрлық өзгеріске қатты құлақ түргені рас. Бірақ Елбасының қалауын күні бұрын жария етуге үйреніп қалған Е.Ертісбаев осы жолы оңбай қателесті. «Сайлаудан кейін Үкімет отставкіге кетеді. Биыл Парламент сайлауы өтеді» деп еді. Ертісбаевтың мұнысы ертегі болып шықты. Бірқатар министрлер жаңарғанымен, Үкіметтің басшылық құрамы сол күйі сақталып қалды.  Ал, облыс әкімдерінің командасы мұрты бұзылмаған күйі жұмыс істей беретін сияқты. 

      Министрлер кабинетінде бірқатар шенеуніктерге портфель үлестірген Елбасы әзірге облыс әкімдерінің ешқайсысын креслосынан қозғаған жоқ. Екі-үш  әкім әлі орнына бекітілмеді демесеңіз, облыс басшыларының командасы әзірге түп-түгел. Апта басынан бері Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин әкімдерге Ақорданың қуанышты хабарын кезектесіп жеткізіп жатыр. Кеше Шымкентке келген Прьемер-министр Кәрім Мәсімов  облыс әкімі Асқар Мырзахметовты құттықтап кетті.

Облыс әкімдігінің мәжіліс залына жиналған аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары  премьердің келуін жарты сағаттан астам уақыт күтті.  Облыста ешқандай кадрлық өзгерістің болмайтыны төрде тұрған креслоның екеу ғана екенінен-ақ белгілі еді. 

Залға жымыйып кірген К.Мәсімов шаруасын бар-жоғы бес-он минутта бітірді де, қайта жымыйып шығып кетті. Бастан-аяқ мемлекеттік тілде сөйлеген ол алдымен Елбасының Жарлығымен Асқар Мырзахметовтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне қайта тағайындалғанын көпшілікке жария етіп, облыс әкімін құттықтады. Мінбеге шығып, сөз алған Асқар Мырзахметов те Елбасының артқан сеніміне алғысын білдіріп, К.Мәсімовты премьерлікке қайта бекітілгенімен құттықтады. Осыдан кейін мінбеге шыққан облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов та төрде отырған екі азаматты облыс халқының атынан қызу құттықтап, Асқар Мырзахметовтың екі жылдан астам уақыт аралығында атқарған шаруаларының бірсыпырасына тоқталып өтті. «Егер әкім бір-екі жылда ауысып кететін болса, бастаған жұмыстарын соңына жеткізе алмай қалуы мүмкін» деді. 

--Тағы да сөйлейтін азаматтар бар ма?--деген облыс әкімінің сөзіне премьер өзінің тым асығыс екендігін білдіргендей болып:

--Тағы да сізді облыс әкімі болғаныңызбен құттықтаймын. Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздыққа, «Жол картасына», құрылысқа, өндіріске қатысты мәселелерге көңіл бөліңіздер, Үкіметпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеңіздер,--деді де көпшілікпен жылы қоштасып шығып кетті. Премьер Шымкенттен шұғыл Таразға ұшып кеткен екен. Кейіннен естігеніміздей, К.Мәсімов Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қайта орнына бекіту туралы Елбасы жарлығын облыс активіне таныстыру рәсімін түс ауа тындырып тастапты.

Қызу құттықтаулармен, мақтау-марапаттаулармен қанаттанған  облыс әкімдері енді аудан-қала әкімдерінің қызметте қалу-қалмау мәселесімен айналасатын шығар. Ақырын күтейік.      

Иә, айтқандай, «жаңа үкіметтің құрамына шетелде білім алған жас кадрлармен толығады» деген әңгімелер де құр «гу-гу» болып шықты. Әділбек Жақсыбеков—Қорғаныс министрі, Салидат Қайырбекова—Денсаулық сақтау министрі, Мұхтар Құл-Мұхаммед—Мәдениет министрі, Бақытжан Жұмағұлов—Білім және ғылым министрі, Нұрғали Әшімов—Қоршаған ортаны қорғау министрі, Гүлшара Әбдіхалықова—Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Болат Жәмішев—Қаржы министрі, Асқар Жұмағұлов—Байланыс және ақпарат министрі, Владимир Божко—Төтенше жағдайлар министрі, Сауат Мыңбаев—Мұнай және газ министрі қызметтерін сақтап қалды. Тек Әділет министрінің орынтағына кімнің отыратыны белгісіз болып тұр.

Енді су жаңа министрлерге тоқталайық. Осы жолы Елбасы сыртқы және ішкі ведмостваға осы саланың майын ішкен кәнігі мамандарды тағайындады. Мемлекеттік хатшы лауазымын қоса атқарған бұрынғы Сытқы істер министрі Қанат Саудабаевтың мамандығы бойынша режиссер екенін, кезінде «әкемтеатрда» режиссер, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры қызметтерін атқарғанын екінің бірі біле бермесе керек. Бәлкім Астана саммитін өткізуге де осындай бір шығармашылық қабілеті мықты азаматтың қажеті болған шығар. Енді сыртқы саясатқа жүктеліп отырған міндет жаңа. Биыл Қазақстан Ислам конференциясына төрағалық ететін тұста Сыртқы істер министрлігі мамандығы бойынша арабтанушы Ержан Қазыхановқа тапсырылды.    

Ленинград Мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген Е.Қазыханов еңбек жолын 25 жасында-ақ Сыры істер министрлігінен бастаған екен. Біріккен Ұлттар Ұйымында істеген. Елбасының көмекшісі, елші, Сыртық істер министрінің орынбасары қызметін екі мәрте атқарған. Соңғы рет биыл ақпан айында тағайындалған. Жаңа министрді креслосына өзі апарып отырғызған Елбасы:

--Ол араб тілін жетік біледі. Біз былтыр Еуропа мәселесімен жақсы айналыстық. Менің ойымша, жаңа министр Қазақстанның беделін араб елдерінде қалыптастыруға жақсы еңбек сіңіреді,--деді. 

Соңғы оншақты жылда кілең пагонсыз министрлер басқарып келген ішкі істер органдарын енді  Құлмұханбет Қасымов басқаратын болды. 

--Қасымов еңбек жолының барлығын ішкі істер саласында өткізіп келеді. Жақында Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде мен шешілуі тиіс негізгі мәселелерді түсіндім. Біріншіден, министр мен оның орынбасарлары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тікелей жауап береді. Екіншіден, кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласуды жою қажет. Сондықтан мен министр етіп ішкі істер саласын басынан аяғынан дейін білетін маманды тағайындап отырмын,--деді Елбасы. Расында да Қ.Қасымовты Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметінен бірден министр болды демесеңіз, осы саланың барлық баспалдақтарынан өткен. Милиция генерал-майоры.  Алматы қаласының, Алматы облысының полициясын басқарған.  Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, қатардағы орынбасары қызметтерін атқарған. 

Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалған Асылжан Мамытбековтің есімі Оңтүстік халқына жақсы таныс. Оның Өмірзақ Шөкеевтің кадры екенін де көпшілік сезетін болар. Жаңа министрдің өмірбаянына үңіліп қарасаңыз, қос азаматтың тағдыр жолы  Ө.Шөкеев Қостанай облысында әкім болған кезінде түйіскен екен. Бұдан кейін де жұптары жазылмаған. Мамандығы бойынша заңгер-экономист Асылжан Мамытбеков 2000 жылы Қостанай облыстық қазынашылық басқармасының бастығы қызметін атқарып, 2003 жылы Ө.Шөкеевтің қаржы жөніндегі орынбасары болған. Орынбасарлықты ол  Шөкеев Астана қаласының, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезде де ешкімге берген жоқ. Шөкеев қайда болса, Мамытбеков сонда жүрді. «Көкесі» үкімет жетекшісінің бірінші орынбасар болған кезде Асылжан Сарыбайұлы үкімет кеңсесі жетекшісінің орынбасары, ал  2008 жылдан бастап «ҚазАгро» Ұлттық ходингінің» басқарма төрағасы қызметін атқарды. 

 Спорт және туризм министрі қызметіне келген Талғат Ермегияев 2008 жылдан бастап осы министрлікте, ал Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалған Берік Камалиев бұған дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде  вице-министр қызметтерін атқарған.  

         Экономикалық даму және сауда министрі қызметіне тағайындалған Қайрат Келімбетов «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-әуқат қорының басқарма төрағалығын президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тапсырды. Бұған дейін Қазақстанның ең бақуатты деген компанияларына жетекшілік еткен Т.Құлыбаев былтыр «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономкалық палатасы президумының төрағасы қызметіне сайланған болатын. 2011жылы «Forbes» журналының жасаған тізімі бойынша Қазақстанда 3-інші, ал әлемдегі 938-інші бай саналатын Т.Құлыбаевтың қазіргі байлығы 1,3 миллиард долларды құрайды. Қазақстандағы ең ірі деген  компаниялардың активтерін усында ұстаған «Самұрық-Қазына» осындай «қарны тоқ, көйлегі көк» азаматқа тапсырылғаны да бір жағы дұрыс шығар-ау?!

Ал, аттан ауып қалған Ақылбек Күрішбаев, Темірхан Досмұханбетов, Жанар Айтжанова, Әбілғазы Құсайыновтың ендігі қызметтік тағдыры белгісіз. Күрішбаевты Қызылорда облысының әкімі қызметіне барады екен деген әңгіме интернетті шарлап кетіп еді. «Гу-гу» болып шықты.   

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Келесі премьер кім?
Мәслихаттың мандатымен жеке мәселе шешу жиілеп кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу