Құрманбекова даудан құтылу үшін депутат атанбақ па?

Oinet.kz 10-06-2019 1310

Screenshot_4.jpg

Сонымен саяси партиялар Мәжіліс мандатынан дәмелі кандидаттардың тізімін жариялады. Орталық сайлау комиссиясына үміткерлерін алғашқы  болып биліктің партиясы «Нұр Отан» тіркеді. Осы тізімді көруге асық болғанымыз рас. Өйткені күні ертең Мәжілісмендердің денін «нұротандықтар» құрайтыны бесенеден белгілі ғой.  Кім бар, кім жоқ дегендей...   Тізімге қарап отырсаңыз, түсінбейтін нәрсе көп.

Бұл жолы Мәжіліс шал-шауқандардан біраз тазаратын сияқты. Рас, тізімде алпыс алтыға келген кемпірлер де кездеседі, 64-ке келген шалдарды да байқадық. Дегенмен қариялардың қатары кәдімгідей азайған. Бірақ сол жасарған, жаңарған кандидаттарды «Нұр Отанның» қандай қағидаға сәйкес іріктеп алғаны түсініксіздеу. Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова сияқты «жұлдыздардың» сайлауалды науқан үшін қажет екені о бастан түсінікті ғой. Илья Ильин мен Серік Сәпиев партияның өткен жолғы сайлаудағы тізімінде де болған. Ал  аудан әкімі мен басқарма басшысы, оқу орнының ректоры мен кәсіпкерлер қандай еңбегі үшін, қандай қасиеті үшін Мәжіліске барады? Елдің білгісі келетін мәселесі осы. 

«Тегін адам таз болмайды» деген сөз бекер айтылмаған ғой.  «Нұр Отан» Мәжіліске  бұған дейін Жамбыл облысынан үш депутатты жіберген. Оның біріншісі -- генерал Бақытжан Ертаев бұл жолғы тізімге тағы енді.  «Халық қаһарманы»  заң шығарушы билікке әлі де керек екен. Мәжілістің v шақырылымының депутаты Қожахан Жабағиевтің де екінші қайтара бағы жанатын сияқты. Қожахан Жабағиев сексенінші жылдары Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істеген. Бұл кездері республикадағы комсомолдың тізгінін Иманғали Тасмағамбетовтың ұстағаны белгілі. Сондықтан да болар, Қожахан Жабағиевті ел Тасмағамбетовтың кадры дегенді айтады. Бұл сөз бекер емес сияқты. Қ.Жабағиев 2002 жылы Премьер-министрдің  кеңсесінде, 2004 жылы Президент әкімшілігінде, ал 2005 жылдан бастап Алматы қалалық әкімдігінде істеген. Тасмағамбетов 2002 жылы Үкімет жетекшісі, 2004 жылы Президент әкімілігінің басшысы, ал одан кейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.  Осыдан кейін «тегін адам таз болмайды» деген сөзді өтірік деп көріңіз. Қожахан Жабағиевтің Мәжілістің мінберінен тек бір мәселені ғана көтергені есімізде қалыпты. Ол 2014 жылы Балуан Шолақтың 150 жылдығын лайықты атап өту жөнінде Премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған. Бірақ бұл мәселенің ақыры немен аяқталғаны Қ.Жабағиевке белгілі болмаса, бізге беймәлім. 

Жамбылда Мәжіліске Ассамблеяның атынан сайланған тағы бір депутат бар. Надежда Нестерова Мәжілістегі  қазақстандық орыстардың өкілі есептеледі. Надежда ханымның бұл жолы да асығы алшысынан түсе ме, жоқ па, беймәлім. 

Сайлаудың дүбірі былтыр қарашада шықты емес пе?! Осы кезден бастап-ақ Жамбылда Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің аты-жөндері атала бастаған. Солардың ішінде Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев пен Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің есімдері жиі айтылатын. Болат Рысмендиев әкімдік қызметті ұзақ жылдардан бері атқарады. Бір емес төрт ауданның тізгінін ұстаған. Ал іскерлігін ел айрықша мақтайтын Батырбек Құлекеевтың әкімдік қызметті үзіліссіз жалғастырып келе жатқанына 17 жылдың жүзі болыпты. Үш ауданды басқарған кәнігі кадр. Алайда бұл екеуі де тізімге енбей қалды. Есесіне ешкім күтпеген  білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова кандидат атанды. Жасыратыны жоқ, С.Құрманбекова  білім саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген қызметкерлердің бірі. Бұл салаға кездейсоқ келген кадр емес. Басқарманың басшысы болуға дейін барлық  қызметтік баспалдақтардан өткен. Облыстың  бас мұғалімі қызметін бақандай алты жылдан бері атқарып келеді. Жасы биыл 53-ке келетін ханымды бұдан артық отырғызбай Мәжіліске ұзатып жіберу ақылға қонатын сияқты. Кім біледі, бәлкім кандидаттардың арасында нәзік жандылар көбірек болсын деді ме? Бәлкім басқарманың басшысы да жүрсін деген шығар.  Мүмкін Мәжіліске білім саласынан хабары мол адам барсын деді ме? Біздің байқауымызша, С.Құрманбекова облыс әкімі  Кәрім Көкірекбаевтың оң қабақ танытып жүрген кадры емес. Естеріңізде болса,  осы жуырда Талас ауданында көліктің терезесінен лақтырылған сәбидің өліміне қатысты мәселе облыс әкімдігінде қаралып, бірқатар басқарма басшылары, аудан әкімдігіндегі жауапты қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды. «Білім басқармасының аудандық білім бөлімдеріне құзыры жүрмейді» дегеніне қарамастан Сұлушаш Құрманбекова да ескерту арқалаған болатын. Құрманбекова білім саласындағы бітпейтін даудан Мәжіліске кетіп құтылуды жөн санаған сияқты. «Қыздың жолы жіңішке» демекші оған жігіттер жағы жол беріп бір жіңішке жол табылып та қалар. 

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Уақтысында Мәжіліске депутаттар жеке мандат бойынша өтіп келді. Бір мандаттың дәуірі 2004 жылғы сайлаумен түгесілді. Бұдан кейінгі сайлауларда кандидаттардың тағдырын халық емес, партия шешіп келеді.  Бұрын халық өзі сайлаған депутатын іштартатын. Соған арқа сүйейтін. Депутат та қолы қалт етсе сайлаған жұртын аралап жүретін. Ал қазір ше? Белгілі бір аудан халқының мұңын мұңдамаған соң депутат депутат бола ма? Сондықтан да шығар, халық қазір Мәжіліс емес мәслихат депутатына көбірек сенеді. 

Айтқандай, биыл Ресейде Дума сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлауда депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша сайланса, жартысы жеке мандатпен түседі. Қазақ билігі де осы тәсілге қайта оралса неден ұтылады? 

Ғалымжан Елшібай,

Жамбыл облысы,

«Рейтинг» газеті №5, 11 ақпан 2016 жыл 

Ғабидолла Әбдірахымов: «Хәммәсі яхшы болады!»
«Нұр Отан» ақшалыларға артықшылық туғызып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу