15 адамның өлімі - Министрді қандай жаза күтіп тұр?

Oinet.kz 14-06-2023

Соңғы үш жылда Қазақстанда осыменен үшінші мәрте қаралы күн жарияланды. 2020 жылдың шілдесінде коронавирус инфекциясы құрбандарына, былтыр қанды қаңтар құрбандарына арнап қаралы күн жарияланған болатын. Биыл 12 маусымда Абай облысында болған алапат орман өртінен қаза тапқандарға арнап тағы бір азалы күн белгіленді.

Screenshot_2.jpg

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың  ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, қаза тапқан «Семей орманы» кәсіпорнына қарасты  14 қорықшымен байланыс 8 маусымда кешкі сағат 10-дардың шамасында үзілген. Олар рация арқылы жел бағытының күрт өзгергенін және өздері тұрған аумақты қою түтіннің басқанын хабарлаған. Алғашқыда шенеуніктер іс насырға шабады деп ойламаған. Жоғалғандарды қою түтіннен табу мүмкін болмаған. Олардың өлі денелері кейін табылған.

Жалпы, Абай облысында алапат өртке қатысты жағдай ушыққан кезде Президент Төтенше жағдай министрі Ю.Ильинді қызметінен алып тастады. Дер кезінде шұғыл әрекет етпегені үшін Абай облысының әкімі  Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс берді. Бірақ оқиға орнына орынбасары емес, облыс әкімінің өзі барғанда жағдай қаншалықты өзгерер еді? Қаза тапқан қорықшылар қызмет еткен «Семей орманы» кәсіпорны Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қараған.  Ал бүгінгі күнге дейін аталған комитеттің де, аталған министрліктің де бірде-бір басшысының қызметінен кеткені немесе тәртіптік жазаға тартылғаны айтылған жоқ. Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Әсіресе, бұл мәселе Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға қатысты. 

Ақпарат құралдарында қаза тапқандардың туыстарымен кездесу кезінде Зүлфия Сүлейменованың көзінен жас мөлтілдеп тұрғаны көрсетілді. Министрді біреу мүсіркеді, біреу табалады. Алайда енді бәрі де кеш. Вице-премьер Роман Склярдың кешегі күні журналистерге берген сұхбатына қарағанда, Абай облысында өрт басталып жатқан кезде Зүлфия Сүлейменова Астанада халықаралық форумда болған. Алғашқыда жауаптылар өрттің қаншалықты қауіпті екендігін бағамдамаған. Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайын арнайы прокурорлар анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы біткен соң бәріне  баға берілетін болады. Вице-премьердің айтуынша, мамандар өртті ауыздықтаудың әуелгі сәтін жіберіп алған. Ал бұған кім кінәлі?

Ресми өмірбаянына қарағанда, Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Астанадағы Еуразия университетінің түлегі. Халықаралық қатынастар саласының маманы. Осы салада  PhD дәрежесін Жапониядағы саяси зерттеулер ұлттық институтында алған. Еңбек жолын Экология және табиғи ресурстар министрлігінде департамент директорының орынбасары болып бастаған. Бірікен Ұлттар ұйымының құрылымындарында еңбек еткен. Бұдан кейін Стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. 2019 жылы Президенттің кадр резервіне алынған. 2021 жылы өткен сайлауда ол «Нұр Отан» (қазіргі  «Аманат») партиясының тізімімен Мәжіліс депутаты болып сайланады.  Былтыр наурызда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі болған. Биыл қаңтарда министрдің креслосына отырған. Осындай жауапты орынға келгенге дейін Сүлейменованың қызметтік баспалдағы осы ғана.

Сүлейменова министр лауазымына тағайындалған кезде кейбір ақпарат құралдары оның ғарыштық жылдамдықпен өскен карьерасын Мемлекеттік кеңесшімен байланыстырған болатын. Дәлірегі оны Ерлан Қариннің немере қарындасы деп жазды. Алайда Қариннің өзі Сүлейменова туысы еместігін, жалпы мемлекеттік қызметте туыстарының жоқ екендігін мәлімдеді. Дегенмен министрдің қолдаушысы Қарин екендігін жоққа шығаруға болмайтын сияқты.  Неге десеңіз, Қарин де Ақтөбе қаласында өскен. Ол Сүлейменова жұмыс істеген  Стратегиялық зерттеулер институтына жетекшілік еткен. Сүлейменова ғылыми дәрежесін алған Жапониядағы саяси зерттеулер  ұлттық институтында қазір Қариннің қызы білім алатын көрінеді. Бұл мәліметтерден қандай да бір байлам жасауға бола ма, әлде мұның бәрі жай ғана кездейсоқтық па? Бірақ билікте кездейсоқ ештеңе болмайтынын да мойындау керек. 

Жалпы, Сүлейменова туралы мәліметтер  аз. Ол ешқашан ет жемейді, жануарлардың терісінен жасалған киім кимейді, хайуанаттар паркіне бармайды екен. Отбасы, жеке өмірі туралы басқа ешқандай ақпарат жоқ. 

Әлеуметтік желіде Абай облысында болған өрттің қасақана қолдан ұйымдастырылуы мүмкін екендігі де жазылуда. Құзырлы органдар бұл нұсқа бойынша да жұмыс істеп жатыр. Кешегі күні өрт сөндіруге кеткен тағы бір азаматтың өлі денесі табылды.    

Болатханұлының бас ұстаз болуға моральдық құқы бар ма?
Прокурор экс-министрді 9 жылға соттауды сұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу