Министр Сүлейменова Мырзахметовтен әулие ме?

Oinet.kz 21-06-2023 959

Абай облысында болған алапат орман өртіне, оны өшіру үшін өз өмірін құрбан еткен 15 қорықшының қазасына қатысты мән-жайларды анықтау жұмыстарымен қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Президент осы оқиғаның кезінде әбжілдік танытпағаны үшін  Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильинді қызметінен босатқаны белгілі. Ал қаза тапқан орманшылар тікелей бағынған Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың қызметтік тағдыры әлі белгісіз.

Screenshot_5.jpg

Жоқ, белгілі. Біздің шамалауымызша, Үкіметтегі ең жас министр қызметін жалғастыра береді.  Өткен аптада  Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар»,– деді. Мемлекет басшысы осы сөздері арқылы Сүлейменованың қызметтік тағдырын тұспалдағандай көрінді.

«Болашақ үшін адал қызмет етуге даяр» Сүлейменова өз еркімен отставкіге кетуді де ойлаған жоқ. Сонда ол өзінің карьерасын қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан 15 қорықшының өмірінен де жоғары қойғаны ма? Осы орайда 2020 жылы 11 адамның ажалына себеп болған Қордайдағы қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өз еркімен отставкіге кеткені еске түседі. Сүлейменова Мырзахметовтен әулие ме еді?  

Уақтысында Экология министрлігінде қызмет еткен Ulysmedіa порталының бас редакторы Самал Ибраева әлеуметтік желідегі парақшасында Сүлейменоваға қатысты біраз мәселенің басын қайырды.

«Келе сала бүкіл «замдарын» ауыстырды. Ақордадан карт-бланш берілген министрлердің бірі – дәл осы Зүлфия Сүлейменова еді. Жаңа Қазақстан ғой, жасасын, өзгертсін деп қабылдадық. Алайда, сенесіздер ме, әлі күнге дейін орман шаруашылығын қадағалайтын вице-министр тағайындалмаған. Бүкіл орынбасарлар ішінен не бір орманшы жоқ, не бір эколог жоқ. Адам танымайтын, өмір көрмеген жас министр коллективті екіге бөліп, әріптестерімен тек көмекшілері арқылы ғана тілдеседі екен. Оған қоса телохранителі бар екен. Арнайы опергруппа жасақтап, ойына келгенін жасаған.  Екіншіден, 16 мамыр күні Зүлфия ханым Үкімет отырысында баяндама жасап, өрттің алдын алуға бәрі сақадай сай екені жөнінде есеп берген»,– дейді ол. Сондай-ақ бас редактор өзінің постында: «Жап-жас болып қателікті мойындай алмай, оған қоса мынандай трагедиялық жағдайда өзін жақтайтын блогерлерді жалдау, боттарды қолдану - тіптен ұят»,– деген. Басқасын қайдам, бірақ соңғы сөз шындықтан алыс емес.  Көптеген ақпарат құралдарының, блогерлердің Сүлейменованы «судан таза, сүттен ақ» қылып көрсетуінің астарында осындай бір гәп жатқан сияқты.

"Рейтинг" ақпаратттық-сараптамалық газеті,

№24-25, 21 маусым 2023

Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
Шымкенте тағы бір басқарма басшысы парамен ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу