Мақсат Исаев: «Мал шаруашылығын дамытсақ үш нәрседен ұтамыз»

Oinet.kz 25-06-2019 978

Screenshot_8.jpg

Аймақтық коммуникациялар қызметінде таяуда брифинг өткізген, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен елдің ықыласына бөленіп жүрген  Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаев «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және 2015 жылы Созақ ауданының әлеуметтік экономикалық дамуы мен алда тұрған міндеттері» жөнінде баяндады.

– Ауданда уран өндіруші компаниялар 15 жылдан бері тұрғындарға түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіп келеді. Сонымен қатар балабақша, мектеп салуға жәрдемдескендері де бар. Алайда біз олардың әлеуметтік көмектерге қарастырған қаржыларын мал шаруашылығын дамытуға бұруды көздеп отырмыз. Өйткені мал шаруашылығы ауданның тау-кен өндірісінен кейінгі негізгі табыс көзі болып табылады. Сондықтан осы саланы дамыту мақсатында аудан әкімдігі «КАТКО» бірлескен кәсіпорнының басшылығымен және Қазақ Ұлттық ауыл шаруашылығы университетімен келіссөздер жүргізді. Нәтжесінде «КАТКО» ауданда ірі қараны асылдандыру кешенін салуға 400 миллион теңге инвестиция құятын болды. Үш жақты келісіммен ортақ қор құрып, оған басшы тағайындаймыз. Үш жылдық жоспарымыз бар. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуметін дамыту» бағдарламасына сәйкес 315 ірі қара бордақылау алаңы салынады. Болашақта аргоқұрылым табысының 10 пайызын Қазақ Ұлттық ауыл шаруашылығы университетіне  бөлеміз. Соның есебінен олар біздің ауданның азаматтарын оқытады, қажетті мамандарымызды даярлауға көмектеседі. Сосын бордақылайтын малдарымыздың барлығын толығымен зерттеп, бақылауда ұстайтын болады. 40 пайызы агорқұрылымның дамуына жұмсалады. 50 пайызын әлеуметтік қорға аударуды жоспарлап отырмыз. Сол қордың есебінен болашақта тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуді жандандырсақ дейміз. Аудандағы 29 мыңнан астам ірі қараны «Сыбаға»  бағдарламасы арқылы түрлендіріп жатқанымыз болмаса, шаруаларымыздың көбісінің қомақты кредит алуға кепілдікке қояр мүлкі жоқ. Әлеуметтік қор есебінен мал шаруашылығын дамытуға ниетті іскер азаматтарға асыл тұқымды түлік түрлерін өсіруге, қазақтың ақбас сиырын көбейтуге қаржылай және материалдық көмектер берсек дейміз. Осы әрекетіміз жүзеге асқанда біз үш  нәрседен ұтамыз. Бірінші – ауданда мал басын асылдандыруға үлес қосамыз. Екінші – жұмыс орындарын ашамыз. Үшінші – әлеуметтік көмек түрлерін жандандырамыз, – деді Созақ ауданының әкімі. 

Бұдан бөлек, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасына сәйкес 10 мыңға тарта түйесі бар Созақ ауданында қымыран өндіретін «Аруана» кооперативі құрылмақ. Игі бастаманы іске асырудың алғашқы қадамдары жасалып та қойыпты. Исаевтың айтуынша,  Ауыл шаруашылығы минстрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті басшысының орынбасары Б.Негмашов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары П.Тастанов аудандағы Созақ, Қарағұр, Шолаққорған ауылдарындағы түйе қожалықтарының жай-күйімен танысып шыққан. Олар шаруаларға өнімді өңдеу мен өткізу мәселесін шешудің заманауи жолы кооператив құру екендігін айтқан. Ол үшін министрлік тарапынан ауданға түйе сүтін өңдейтін құрылғы лизингке берілетінін, құрылымның міндеттері мен тиімділіктерін түсіндірген. Нәтижесінде 20-ға жуық шаруа қожалығы кооперативке бірігуге ниет білдіріпті.

– Кооперативке қосылушылардың қатары бұдан да артуы мүмкін. Десек те біз аудан әкімдігі тарапынан жүргізген жұмыстарымыздың қорытындысында Созақта түйе сүтінің есепке алынбайтынына көз жеткіздік. Өйткені түйе сүті тағам түрлерінің қатарында жоқ. Қымыранның құнары мен адам ағзасына пайдасы туралы көбірек айтылып, жазылса да ас мәзіріне енбеген. Көп көлемде сұраныс болмаған соң шаруалар боталаған інгендерді саумайды екен. Біз енді осы олқылықтардың орындарын толтырып, кем-кетікті түзетіп, аудан мектептеріндегі оқушылар мен балабақшалардағы балғындарға тиісті мөлшерде тұтынуға таратуды қолға алмақпыз, – дейді аудан басшысы.  

Жалпы алғанда 2015 жылдың қорытындысында Созақ ауданы бюджетке 71 миллиард 112 миллион 530 мың теңге түсіріпті. Бұл көрсеткіш жоспардың 150 пайызға орындалғанын білдіреді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 224 миллиард 646 миллион теңгені құраған. Оның 204 миллиардтан астамы өнеркәсіп саласына тиесілі болса, 10 миллиардтан көбі құрылысқа қатысты. Ал, ауыл шаруашылығының үлесі 9 миллиард теңгеден асады. 

Аудан тұрғындарының саны 60 мыңнан асқан, оның 28189-ы жұмысқа қабілетті. 26616-сының тұрақты жұмысы бар. 10 мың астамы «Қазатомөнеркәсіп» саласында еңбек етеді. 2015 жылы жұмыс іздеген 2243 азаматтың 1898-і жұмысқа орналастырылып, 560-ы қоғамдық жұмыстарға тартылыпты.

Мұрағаттан, 2016 ж

Сапарбаев - Сайрамға, Мамытбеков - Ордабасыға, Телғараев - Қазығұртқа
Министр Маңғыстаудың бас дәрігері отпускте жүргені үшін ашуланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу