Білімді басқару заңгерге бұйырды

Oinet.kz 18-10-2023 1212

Screenshot_1.png

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде  жазғанымыздай, әкімдік пен басқарма арасындағы ұзақ уақытқа созылған жасырынбақ ойындар мен  қылмыстық істер, соттасулардан кейін Дінислам Болатханұлы  Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметінен кетті. Басқарманың басшысы  креслосын босатқанымен, білім саласындағы былық-шылық, сыбайлас жемқорлықтан тазарған жоқ. Оның орынтағына өткен бейсенбіде алдын ала болжағанымыздай, елордадан келген кадр отырды.

Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері облыстық білім басқармасының басшысы қызметіне кадрлар тек сырттан келді. Осы үрдіс тағы да жалғасты.  Алдымен облыстың бас ұстазы лауазымына тағайындалған Ғалымжан Жұмашевті таныстыра кетейік.

Елдің есіне салайық, кезінде облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Рахымбек Жолаев алқалы жиында аудан, қалаларда өмірінде 45 минут сабақ беріп көрмеген азаматтардың білім бөлімдеріне басшылық жасап отырғанын, мұның дұрыс еместігін айтып еді. Жаңа басшы Жұмашев сол Жолаевтың айтқан сипаттамасына дәл келеді. 

Ресми биографиясы бойынша Ғалымжан Жұмашев  Түркістан қаласында дүниеге келген. 2015 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Замануи гуманитарлық академиясын «заңгер» мамандығы бойынша  бітірген. Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін құқықтану магистрі бойынша тәмамдаған. 2021 жылы Янки Купалы атындағы Гроднен мемлекеттік университетінің «құқықтану» мамандығы бойынша аспиранты атанған. Яғни, заңгер мамандығының «жілігін шағып, майын ішкен» маман. Бірақ педагогика саласында алған ешқандай білімі жоқ.

Еңбек жолын жекеменшік ұйымда заңгер-кеңесші болып бастаған. Бұдан кейін аз уақыт сот орындаушысы болған. 2007 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінде жетекші маман, сарапшы, бас сарапшы болып еңбек еткен. Министрліктегі  Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің халықаралық шарттар және заңнама басқармасының басшысы, Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап министрлікке қарасты  Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. 2023 жылдан бүгінге дейін Президент Әкімшілігі Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің орталығы» Әкімшілік-кадрлық, құжаттамалық және құқықтық жұмыс қызметінің жетекші сарапшысы қызметін атқарып келген.  Жаңа басшы байқағандарыңыздай, білім министрлігінде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған, бірақ  Түркістан облысының білім саласының «қазанында қайнамаған». Мұндай кадр облыстың білім мекемелеріндегі ахуалды бес саусағындай біледі дегенге сену қиын.     

Десек те, заңгер Жұмашев бірінші кезекте Түркістанның білім саласында сыбайлас жемқорлықпен күреске күш салуы керек. Себебі мектептер мен балабақшаларда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің өршіп тұрғаны жасырын емес. Мектепке маман қабылдау ақша. Осындай келеңсіздіктер үшін былтыр Төле би, Шардара, Сайрам аудандық білім бөлімінің басшылары сотталды. Ал, білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде түрлі тәсілдермен мемлекет қаржысы талан-таражға салынады.   Жуырда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев білім беруді қаржыландырудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілгенін, нәтижесінде облыстық білім басқармасында негізсіз жоспарланған 22,6 млрд бюджет қаражатының қысқартылғанын мәлім етті.  Енді үнемделген қаржы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруға, жылыту жүйесін газға көшіруге, мектеп парталарын, тақталарды және мектепке дейінгі ұйымдарға жиһаздар сатып алумен қатар, білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарына бағытталды.

Облыстың бас антикорының айтуынша, білім саласындағы талдау аясында еңбек ақы төлеу қоры бойынша жүйелік жымқырудың схемасы анықталған. Бұл схемалар жыл сайын қолданылып келген.

Ал, аудан, қалаларда білім саласы «майшелпекке» айналған. Бақылаушы, қадағалаушы органдар білім мекемелерінен кемшіліктерді анықтап, оны парамен жауып тастайды. Биыл Түркістан облысында мемлекеттік ревизор - облыстық Тексеру комиссиясының бас инспекторы парақорлықпен әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.

-Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, -делінген антикордың таратқан ақпаратында. Сонда Тексеру комиссиясының инспекторы 26 миллион теңге пара сұрайтындай бұл неғылған іс?    

Айтпақшы, дәл қазір облыстық білім басқармасында кадр тапшы. Басшының бір орынбасары Ардақ Садықова осы қазан айында зейнеткерлікке шығады. Екінші орынбасар Бауыржан Ахметовтың үстінен антикор ұсыныс берген. Сондықтан оның да жаңа басшымен бірге жұмыс істеуі екіталай. Жұмашев келген бойда орынбасардың орынтағына бөлім басшысы қызметін атқарып жүрген Жандос Маханбетовты отырғызды. Естеріңізде болса, биыл жыл басында антикор басқарманың сол кездегі басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғаған кезде әлеуметтік желіде осы іске бөлім басшысы Жандос Маханбетовтың де қатысы бары жазылып еді. Шамасы, бөлім басшысы бұл істен таза шыққанға ұқсайды. 

Ал, Ғалымжан Жұмашевтің өзі басқарманың ұжымымен танысу рәсімінде Түркістан облысының Оқу ағарту министрлігі бекіткен 17 бағыт бойынша ең соңғы орында екендігін, енді осы олқылықтың реттеу үшін жұмыс істеуге уәде берді. Жаңа басшы бұл уәдесін қаншалықты орындай алады?   Ақырын күтейік.

"Рейтинг" газеті, 18 қазан, 2023 жыл. 

 

 


Боксшы Қанат Ислам Тоқаевтан көмек сұрады
Болатбек Әлиев пен Тоқтар Төлешовті не байланыстырады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу