Әлтаев пен Әбсаттаровтың арасында қандай ұқсастық бар?

Oinet.kz 19-09-2024 1037

Screenshot_1.png

Бұл қай Әбсаттаров дейтін шығарсыз? Уақтысында Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымын атқарып, өңірде жанармай сатушы кәсіпкерлерді ұлардай шулатқан Дінмұхамед Әбсаттаров. Оның қызметтік карьерасының түбіне осы әдеті жеткен сияқты. 

Дінмұхамед Әбсаттаров уақтысында Қызылорда облысы Жалағаш ауданы әкімдігінде кеңесші,  Қызылорда облыстық әкімдігіне қарасты басқармаларда басшының орынбасары, облыс әкімінің көмекшісі сияқты қызметтерді атқарған.  2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов оны Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына тағайындады. Осы жылдары өңірде жанармай саудасымен айналысатын кәсіпкерлер көп шу шығарды, ашық хаттар жазды, реніштерін білдірді (кәсіпкерлердің жанайқайын  сол кездері «Рейтинг» газетінде де жариялағанбыз). Арызданушылар Әбсаттаров жетекшілік ететін басқарманың жанармай көлемін бөлуде әділетсіздіктерге баратынына, ұсақ жанармай бекеттерін шөміштен қағатынына шағымданған болатын. Осындай былық-шылық, дау дамайлар әсер еткен болуы керек, әйтеуір Дінмұхамед Әбсаттаров бір жылдан кейін жылы орнын суытты. 

Бұдан кейінгі жылдары  оның карьерасы Асқар Мырзахметовтің бауыры, жуырда сотталып кеткен Абылай Мырзахметов жетекшілік еткен «Атамекенде» жалғасты. Осы ұйымда әжептәуір лауазымды қызметтерді атқарды.  2020 жылы Түркістан облысы бойынша Кәсіпкелер палатасына басшылық жасады. 2023 жылдың желтоқсанында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оны Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазамына тағайындады.

Сот үкіміне қарағанда, Әбсаттаров сол баяғы әдіс-амалға салып, қызметіне тағайындала салысымен мұнай-газ саласындағы кәсіпкерлерді соруды бастаған.  Алдымен ол газ көлемін көбірек алғысы келген бір кәсіпкерден 3 тонна дизель отынын сұрау үшін оған қарамағындағы қызметкерлерді жіберген. Кәсіпкер күні ертең Әбсаттаровтың қырына іліккен жағдайда қиын болатынын түсініп, талапқа амал жоқ, мойынұсынған.  Дизель отынын Әбсаттаров әлдебір гольф клубқа апарып құюды тапсырған. Жанармайды клуб қыста жылытатын отын ретінде пайдаланған көрінеді.

Әбсаттаров кәсіпкерге салмақ салуды тоқтатпаған. Ай сайын 3 тонна солярка. Дәл осындай жолмен ол тағы да 3 кәсіпкерден ай сайын 3 тоннадан жанармай алып отырған. Бұл неғылған ашқарақ Әбсаттаров, бұл неғылған соляркаға тоймайтын гольф клуб десеңізші?!    Айтпақшы, бір жолы кәсіпкерлердің бірі жанармайдың орнына 550 мың теңге ақша берген екен. Әбсаттаров  оны өзіне дейінгі басшыға салынған айыппұлға төлеп жіберген. Сотта анықталғандай, Әбсаттаров осындай заңсыз тірліктерімен 3 кәсіпкердің әрқайсысына 2-3 миллион теңгеден шығын келтірген. Сонымен бірге олардың мүддесін мұнай, газ жөніндегі комиссияда қорғап, өнім көлемін көбейтіп беріп отырған.

Тағы бір жолы Әбсаттаров жер қойнауын игерумен айналысатын жергілікті бір компанияның келісімшартына қол қоймай біраз әуреге салған.  Бұдан кейін қарамағындағы қызметкерлерге тапсырмалар беріп, компанияның басшысымен жолығады. Оған Алматыда оқитын ұлының оқу ақысын төлеу қажеттігін білдірген. Кәсіпкер амал жоқ, оның талабына келісіп,  ұлының бір жарым миллион теңгеге жуық оқу ақысын төлеген. Сот үкіміне қарағанда, құзырлы органдармен осы заңсыз әрекеттер болып жатқан кезде Әбсаттаровтың ұялы телефон байланыстары тыңдалған. Аудиожазбалардың негізгі айғақ ретінде қарастырылғаны байқалады.

Сотта Д.Әбсаттаров  кінәсін бұлтарусыз мойындап, кешірім сұрайтынын, кәмелет жасқа толмаған балалары барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бас бостандығы өзінде қалатын жаза қолдануды сұрапты. Сот оған 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Әбсаттаров туралы әңгіме қозғағанда еске бұрынғы Мәжіліс депутаты, экс-вице-министр Нұржан Әлтаев түседі. Екеуінің тағдыр жолдары қаншалықты ұқсас десеңізші. Екеуі түйдей құрдас. Екеуінің де қызметтегі бағын жаққан Асқар Мырзахметов болды. Екеуі де Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнерәсіп басқармасына басшылық жасады. Екеуінің де бұдан кейінгі карьерасы Абылай Мырзахметовтің қол астында – «Атамекенде»  жалғасты.  Екеуі де сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен сотталып кетті. Екеуі де қазір жазаларын түрмеде өтеп жатыр.

«Рейтинг» газеті, 18 қыркүйек 2024 жыл.



«Рейтинг» жазған еді, жауап хат келді: «Бедебаевтың заңсыздықтарға қатысты жоқ»
Шымкент: Биыл ауыл шаруашылығының даму қарқыны жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу