Келесі президенттің кім екені белгілі

Oinet.kz 12-07-2019 1024

Screenshot_7.jpg

Өзбекстанның президенті Ислам Каримов қайтыс болды. Дүйсенбіден бастап ақпарат құралдары осындай мәлімет тарата бастады. «Фергана. Ру» агенттігінің ақпаратына қарағанда И.Каримов дүйсенбіде түстен кейін сағат 3-4-тердің шамасында көз жұмған.  Алайда Юртбашының (Каримовты жақсы көретін жұрт президенттерін осылай деп атайды) өлгені туралы әзірге ресми мәлімет таратылған жоқ. РИА Новости агенттігі  Президент әкімшілігіндегі дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Каримовтың қайтыс болғанын жоққа шығарды. Ондағылар «қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Президент ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақты» деген. Қалай болғанда да Ислам Каримов 1 қыркүйекте Өзбекстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына қатыса алмайды. Өзбекстанның келесі президентінің кім екені қазірдің өзінде белгілі.

Бұған дейін Каримовтың кіші қызы Лола Каримова-Тилляева әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің миына қан құйылғанын, оның реанимацияда жатқанын хабарлаған болатын.  Өзбекстан халық қозғалысы өкілінің таратқан мәліметіне қарағанда Каримов 26 тамызда «Дүрмен» резиденциясында өзбек спортшыларының Рио олимпиадасындағы жеңісін тойлау салтанатына қатысқан. Дастархан басында ол спирттік ішімдікті шамадан тыс көп ішіп қойғанға ұқсайды. Түн ортасында Президент әкімшілігінің басшысы Зелимхан Хайдаровпен әңгіме жасапты. Осы кезде Каримов кенеттен есін жоғалтқан. Өзбек оппозиционерлерінің айтуынша, президентке алғашқы медициналық көмекті резиденциядағы кезекші дәрігерлер көрсеткен.

Өзбекстанның министрлер кабинеті әзірге Каримовтың денсаулығына қаптысты толық мәлімет бермей отыр. «Мамандардың айтуынша, толық медициналық тексеру және емдеу белгілі бір уақытты қажет етеді» дегеннен басқа. Алайда дүрлігуге осы мәліметтің өзі жеткілікті сияқты.

«Фергана.ру.» порталының бас редакторы Даниил Кислов ақпарат құралдарына берген сұхбатында былай дейді: «25 жыл ішінде президенттің науқастанғаны туралы ресми ақпарат таратылмаған. Каримов 20 күн бойы жоғалып кетіп, оның комада жатқаны туралы әңгімелер шыға бастаған кезде де мұндай сөз ашық айтылмайтын. Бұл жолы Министрлер кабинеті ресми ақпаратты жария етті. Яғни, жағдай шынымен де ауыр,-дейді сарапшы. Елде қазірдің өзінде келесі президенттің кім болатыны туралы қызу талқылау басталып жатыр. Д.Кислов бұдан әрі былай дейді: «Бұл жерде брежневтік вариант жүзеге асады. Билеушінің өлімін халық бірнеше күннен кейін естиді. Каримов кеткенмен ештеңе өзгермейді. Авторитаризм күшінде қалады. Ал мұрагер мәселесінде ешқандай проблема болмайды. Ол баяғыда анықталып қойылған. Менің болжамым бойынша Өзбекстанның келесі президенті қазіргі премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ол президенттің отбасына жақын адам. Рас, Ата Заңға сәйкес президенттің міндетін уақытша Сенат төрағасы атқарады. Алайда ол танымыл саяси тұлға емес».

Кейбір ақпараттарға қарағанда Мирзияевтың кандидатурасын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы, елдегі ықпалды тұлғалардың бірі Рүстем Иноятов та қолдайды. 

Өзбекстандағы мұрагер мәселесі 2006 жылы Түркіменстандағы жағдай бойынша өрбуі де мүмкін. Түркіменбашы-Сапармұрат Ниязов 2006 жылдың 21 желтоқсанында қайтыс болды. Алайда түркімен оппозициясы ол бұдан бірнеше күні бұрын көз жұмған дейді. Сарапшылар Түркіменстандағы биліктің ауысуы өте қиын жағдайда, қантөгіспен жүруі мүмкін деген еді . Бірақ  бәрі бейбіт жолмен шешілді. Елде сайлау өтетін күн белгіленіп,  Ата Заңға сәйкес президенттің міндетін Парламент төрағасы О.Атаев атқаруға кірісті. Алайда Атаевтың үстінен кенеттен қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты президенттің міндетін атқару вице-премьер-денсаулық сақтау министрі Ғұрбаноғұлы Бердімұхамедовқа жүктелді. Аркадағ таққа осылай отырған болатын.  

Каримов көз жұмған жағдайда осындай кішігірім сарай төңкерісі болуы да мүмкін. Сейсенбіде президентік тақтан дәмелілердің бірі, вице-премьер-қаржы министрі Рүстем Азимовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Өзбекстанның Үкіметі мұны жоққа шығарды. 

Қазір әлемдік БАҚ Каримовтың 26 жылдан астам уақытқа созылған президенттік дәуірін санамалап жатыр. Ол нендей ісімен есте қалды?

Ислам Каримов Кеңес одағына қарасты республикалардың ішінде президент мәртебесін алған тұңғыш билеуші. Ол бұл орынға 1990 жылдың 24 наурызында сайланды. 1995 жылы оның өкілеттігі референдум арқылы 5 жылға ұзартылды. Бұдан кейінгі жылдары президенттікке бірнеше қайта сайланды. 2015 жылы өткен соңғы сайлауда ол 90 пайыздан астам дауыс жинады. 

Ислам Каримов тарихта диктатор ретінде қалады. Оның диктаторлық дәрежесі Зимбабвенің президенті Мугабе мен Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ынмен қатар қойылады. Каримов дәуіріндегі ең қайғылы кезең Әндіжан оқиғасы. 2005 жылдың 13 мамырында болған бейбіт демонстрацияны қуып тарату кезінде ресми мәлімет бойынша 187 адам қаза тапқан. Каримовтың өзі Әндіжан оқиғасын елде төңкеріс жасамақ болған исламшылардың әрекетімен байланыстырды және ату туралы бұйрық бермегенін айтып ақталды. 

Каримовтың артында қалған ұлы жоқ. Екі қызының үлкені Гүлнар кейінгі жылдары біраз дау-дамайға ілікті. Кіші қызы Лоланы кейбіреулер тақ мұрагері ретінде көреді. Алайда Лола қазір елде оншалықты ықпалды тұлға емес. 

Ислам Каримовтың дәуірінде халық тұрмыс тауқыметін көп тартты. Өзбек сумының құны жоқ. Мемлекеттің қазынасы мақта мен табиғи байлықтарды сатудан құралады. Бизнес ашуға жағдай жасалмаған.  Мыңдаған өзбекстандықтар көрші елдерге ағылып, жұмыс істеп,  жан бағуда.

Осындай қиын-қыстау заманды бастан кешкен халық президенттің өлімінен бір жылы өзгеріс күтері айдан анық-ау. 

Б.Ерназар, 

«Рейтинг» газеті №33, 1 қыркүйек 2016 жыл

Фетхуллаһ Гүлен: «Күдікті ретінде өмір сүргіміз келмейді»
Кімге сенеміз, Тамара Қасымқызы?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу