Сағынтаев уақытша премьер, ал Дариға мұрагер болуға дайындықты бастады ма?

Oinet.kz 13-07-2019 922

Screenshot_6.jpg 

Күздің  басында билік эшалонында  айтарлықтай ауыс-түйістер болатынын саясаттанушылар алдын ала болжап отырғаны жайлы  екі апта бұрын ғана «Рейтинг» газетінде  елдің назарына сараптамалық мақала ұсынған едік. Сондықтан, Мәсімовтің қызметтен кетіп, министрлер кабинеті құрамының жаңаруы айтарлықтай жаңалық емес. Сарапшылардың бас қатырған мәселесі «Мәсімов қашан кетеді?» емес, «қайда кетеді?» деген сауал болды.  Бұл тұрғыда Кәрім Қажымқанұлының кенеттен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына ауысуы күтпеген жүріс болғаны рас. Бірақ, зер салып қарасақ мұның астарында біраз сыр жатқандай. Мәсімовтың жаңа қызметін сәл кейінірек айта жатармыз, алдымен мұрагер мәселесіне тоқталайық.

Байқасаңыз, президент осы жолғы кадрлық ауыс-түйісті Самарқанға, Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримовтың зиратына   гүл шоқтарын қойып келгеннен кейін жасады. Бір күн бұрын  Мәсімовты ҰҚК-ның төрағасы етіп тағайындады. 9 қыркүйекте өткен Үкіметтің отырысында жаңа премьерді тағайындаған жоқ. Бақытжан Сағынтаевты сол күні кешкісін Парламентке алып барды. Неге бұлай істеді? Үкіметтің өз ішіндегі тағайындауларды араға екі-үш күн салып барып жасады. Осыдан дәл бір жыл бұрын Дариға Назарбаева Үкімет жетекшісінің орынбасары болып тағайындалған кезде жұрт шу ете қалған еді. Президенттің үлкен қызы күні кеше Сенат депутаты болғанда күбір-сыбыр тағы көбейді. Тағы сол мұрагер мәселесі.  Бұл жүрісті немен түсіндіруге болады? Дариға Назарбаева бұған дейін Мәжілістегі комитетті басқарды.  Бұдан кейін вице-спикердің орынтағында бір жылдан астам уақыт отырды. Атқарушы билікте бір жыл істеп, Сенат депутаты болып тағайындалды. Енді бір жылдан кейін ол  қандай лауазымның құлағын ұстайды? Сенаттың төрайымдығы ма? Егер Дариға расында да осы соқпаққа түскен болса, онда Қазақстандағы мұрагер мәселесінің қалай шешілетінін, қандай сценариймен өрбитінін  ептеп түсіндіруге болады.  Конституция бойынша егер президент өзінің қызметін атқаруға қауқарсыз болса, онда оның  міндеті Сенат төрағасына жүктеледі. Яғни жоғарғы палатаның жетекшісі бізде президенттен кейінгі екінші лауазымды тұлға саналады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Қазақстанды қазірдің өзінде жартылай парламенттік, жартылай президенттік мемлекет санайтындар көп. Күні ертең билік парламенттік басқаруға өтсе, онда заң шығарушы органның құзыры күшейеді. Сенат төрағасы елдің шынайы басқарушысына айналуы әбден мүмкін. Қалай десек те, Дариға Назарбаеваның Сенатқа келуі тегін емес. Оның ендігі қадамы қалай болады? Тағы бір жыл күтіп көрелік... 

Мұрағаттан, 2016 ж

​Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Сатенов не үшін сотталды?
Премьерді шопырмен шатастырмаңыз, Мәсімов мырза!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу