Қазақстандағы алғашқы крематорийдің тағдыры не болды?
Қазақстанда кремация процесі әлі күнге дейін толық нормативтік тұрғыда реттелмеген. Осы себепті Алматыда салынған алғашқы крематорийдің іске қосылуы тағы да кейінге шегеріліп отыр, деп жазады Оinet.kz.

Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Олардың айтуынша, нысанды іске қосуға қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер толық шешілмеген.
Айта кетейік, еліміздегі алғашқы крематорий 2021 жылы салынған. Оны 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланғанымен, жоба сол күйі жүзеге аспады. 2025 жылдың қазан айында нысан қалалық патологоанатомиялық бюроның балансына беріліп, ғимарат пен жабдықтары ресми түрде қабылданған. Құжаттары да мемлекеттік тіркеуден өткен.
2026 жылдың басында крематорий жақын арада жұмысын бастайды деген ақпарат тараған еді. Бұл 9 қаңтарда Әділет министрлігінде жерлеу рәсімдері мен зираттарды күтіп-ұстау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың тіркелуімен байланысты болған. Алайда наурыз айының соңына дейін нысан ашылған жоқ.
Қалалық басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда крематорийді іске қосу үшін бірқатар шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, қызмет құнының прейскуранты мен ішкі жұмыс ережелері әзірленіп жатыр.
Кремация қызметінің бағасы тікелей және жанама шығындар негізінде қалыптасады, оған қоса белгілі бір пайда мөлшері де ескеріледі. Сонымен бірге, кремацияға рұқсат етілетін тұлғалар санаты да нақтылануы тиіс. Олардың қатарында шетел азаматтарының мәйіттері, сондай-ақ иесіз және туысы жоқ адамдар болуы мүмкін.
Басқарма өкілдері крематорийдің іске қосылуының кешігуі кадр немесе қаржы тапшылығына байланысты емес екенін атап өтті. Нысан тиісті ережелер толық бекітілгеннен кейін ғана жұмысын бастайды.


