Ермұрат Бапи: ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?!
Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елде көбейген псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Бұл туралы Оinet.kz хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан теріс діни мазмұн қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық құндылықтарға және жастардың санасына айтарлықтай қауіп төндіруде. Ол өзін «имам» немесе «діни авторитет» ретінде таныстыратын кейбір тұлғалардың заңға қайшы әрі моральға жат пікірлер таратып, қоғамда алауыздық тудырып отырғанын атап өтті.
«Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуға тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!"», – деді Ермұрат Бапи.
Сонымен қатар ол мұндай мазмұнды таратқан медиа өкілдерінің де жауапкершілігіне назар аударып, журналистерді кәсіби этиканы сақтауға шақырды. Депутаттың пікірінше, ұлттық құндылықтарды хайп мақсатында бұрмалау – қоғамға зиян келтіретін әрекет.
Ермұрат Бапи діни негіздегі қоғамдық шиеленістердің алдын алу үшін тек әкімшілік жаза жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, әлеуметтік желілер арқылы араздықты қоздыратын және радикалды көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет.
Сондай-ақ депутат кейбір теріс діни ағым өкілдерінің ұлттық дәстүрлерді жоққа шығарып, мерекелерді «харам» деп тануына алаңдаушылық білдірді. Ол мұндай көзқарастар қоғамның мәдени және тарихи негіздеріне нұқсан келтіретінін атап өтті.
"Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”. Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет", – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда жастардың дүниетанымы көбіне әлеуметтік желілерде қалыптасады. Ал бұл кеңістікте ресми діни институттардың ықпалы әлсіз болғандықтан, діни білімі күмәнді тұлғалар өз пікірін шынайы діни қағида ретінде таратып жүр.
Осыған байланысты ол құзырлы органдарды онлайн кеңістіктегі мұндай әрекеттерге бақылауды күшейтуге шақырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысына да назар аударды. Оның айтуынша, діни басқарма цифрлық кеңістікте белсенді болып, қоғамдағы даулы мәселелерге жедел үн қатуы тиіс.


