Сайрамдағы дүрбелеңнен кейін департамент басшысы қызметінен кетті

Oinet.kz 08-04-2026

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековтің және бірнеше ауыл әкімдерінің Түркістан облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің лауазымды қызметкерлеріне пара бермек болғаны үшін ұсталғанын жазғанбыз. Ұсталғандарға әлі сот үкімі шықпай жатып Түркістанда шенеуніктердің отставкіге кетуі басталды. 

Screenshot_1.jpg

Дәлірегі Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Абылайхан Наурызбаев қызметінен кетті. Ресми түрде – «өз еркімен».

Жуырда облыстық Әдеп кеңесінде Убайдуллаевтың және бірнеше ауыл әкімдерінің тәртіптік істері қаралды. Кеңес мүшелері аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босату жөнінде ұсыныс берді. Жиын өтіп жатқан кезде ғимарат сыртында арнайы қызмет өкілдерінің жүргені, ал отырыс аяқталған соң кейбір шенеуніктердің тергеуге әкетілгені жөніндегі ақпарат ел ішінде кеңінен тарады. Бұл мәліметтер ресми түрде расталмаса да, оларды жоққа шығаратын нақты жауап та берілген жоқ. Осы уақытқа дейін құзырлы органдар Сайрамдағы тұтқындауларға қатысты ешқандай ақпарат таратпай отыр. 

Сонымен қатар бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан обылстық департаменті бастығының екі орынбасарының тергеуде жауап беріп жатқаны айтылып еді. Соңғы ақпараттарға қарағанда, олардың бірі «өз еркімен» қызметтен кетсе, бірі денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен көрінеді.  Бұл жағдай департамент ішінде де күрделі ахуал қалыптасқанын көрсетеді.

Наурызбаевтың орнына Ержан Қарымсақов тағайындалды. Ол бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері департамене жетекшілік еткен. 

Енді басты назар Убайдуллаевтың ісіне ауып отыр. Егер оның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны дәлелденсе, отставкіге арыз беретіндердің тізімі Наурызбаевпен тәмамдалмауы мүмкін.

Құлыбаевтарға тиесілі холдинг мемлекетке қомақты қаржы аударды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу