Бектенов Конституциялық соттың шешіміне пікір білдірді
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстан Үкіметі мен халықаралық іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер қаралды. Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлады.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт Жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес отырысына қатысушыларға 1 шілде күні жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси тұрпатын қалыптастыру үдерісі басталғаны туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай сайлауы тағайындалып, жаңа жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды. Сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Конституциялық Сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты конституциялық норманы қолдану жөнінде түсіндірме берді. Олардың қатарында Президент, Конституциялық Сот төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Соттың төрағасы мен Бас прокурор бар.
«Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып отыр», — деп атап өтті Премьер-министр.


