Жұрт алдында жалаңаштанып бала емізуге сіздің көзқарасыңыз?

Oinet.kz 07-03-2019 1060

582-1476217768-f64e71e541.jpg

 Жақында ғана ресейлік басылымдардың бірінде #менанамынғой деген аты шулы мақала шықты. Мақаланың авторы жұрт алдында қымсынбастан, баласын емізетін аналарды сынға алып, бұл әрекетті, тіпті, қоғамдық орындарда жыныстық әрекет танытатындарға балаған болатын. Расымен де, бір сәт ойланып қарасаң, кейбір жандарға емізулі баласы бар аналардың бұл «тұрпайы» қылығы жақсы таныс болуы мүмкін... Кешкісін мейрамханаларда романтикалық кеш не мерекелік жиын барысында кенет көрші үстелден бейтаныс жерді жатырқап жылаған баланың жан даусы шығады. Сасқалақтаған анасы өзіне қадалған жұрт көзінен кеудесін тасалап әлек. Оған қоса, баланың даусы тек үдеп барады. Әйтеуір, ақырында әупірімдеп әлдидің өксігі басылады да, әркім өз алдына кешкі асты жалғастырады... Жұрттың алдында қымсынбай, ананың бұл қылығы несі? Оңаша бөлмеге шығып кетпей ме екен мұндайда? Емізулі баласы бар екен, несі бар көпшілік ортаға келіп... деген айыптаулар жабыла түседі. Мейрамханада ғана емес, адамдар көптеп жүретін қоғамдық орындардың бәрінде. Дауыстап жеткізбесе де, кейбіреулер ойша наразы.

    Алайда, бұл ана құқығын шектеу емес пе екен? Баланы күнделікті емізуге күнделікті 8-9 сағат кетеді. Ал жалпы мерзімі шамамен екі жыл. Осы есеппен, ол қашанғы «оңашаға шығып кетіп» отыра алар екен? Өмірге бала әкелуіне байланысты жұмыс істемей, үйде отырғандығы тағы бар. Ана атанғаннан кейін кейбір әйелдердің психологиялық күйзеліске ұшырайтыны белгілі. Жеке тұлға ретінде эмоционалды жағдайын ұстап тұру мүмкіндігі қайда қалды?! Жаңа сәби сүйген әйел кісі бұл қажеттіліктен неге жәбір көру керек? Ана атанса, бұл оның қоғам мүшесі ретіндегі рөлін тоқтатты деген сөз емес. Сондықтан өзгелердің наразылығына қалмайын деп, өзін қоғамнан аластатып, үнемі төрт қабырғада отыра алмайтын шығар. Ол да баяғыша айналасымен араласып, көшеге шыққысы келеді. Дені сау адам ретінде қоғамдық демалу орындарында уақыт өткізгісі келеді.

Осы мәселеге орай, АҚШ немесе Еуропа елдерінде кеңседен бастап барлық қоғамдық орындарда бала емізу бөлмелерін ұйымдастырған. Бұл – мәселенің бір шешімі. Алайда, өз елімізді қосқанда, жақын елдерде, «қолында емізулі кішкентайы бар» аналардың үйде отырғанын мақұл көреді. Немесе ел арасына шығу үшін баланы түрлі қоспаларға үйретсін. Алайда, біздің қоғам бұған да қарсы. Себебі баланың денсаулығы, дамуы, иммунитеті – жалпы қалыптасуы үшін ананың сүтінен асқан нәр жоқ.

«Ла Лече Лига» - «Сүтті лига» атты әлем деңгейіндегі беделді ұйым мынаған басты назар аударады: өркендеуге қарамастан, қазіргі қоғам әлі күнге дейін әйел адамды – оның омырауын сексуалды нысан ретінде көреді. Алайда, адам – сүтқоректілердің қатарына жататын ағза. Сондықтан күнделікті бәріміз көріп жүрген экрандағы (шынайы өмірде де) төсін жалаңаштап, кең ойылған көйлек кигендерден гөрі, әйел затының өз баласын омырауымен тамақтандыруы қалыпты, табиғи құбылыс.  

   Десек те, көпшілік жерлерде бала емізуге қарсылық білдірушілердің ой өрісін түсінуге де болады. Себебі, менталитетіміз бен нанымымызға сай, «дене мәселесін» ашуға келмейді: «ыңғайсыз, ұят, күнә». Сондықтан қоғамның қырғи қабағынан аман болу үшін бір-екі жылға өз әлемін үй мен аула арасына дейін тарылта ма, жоқ па, оны әрбір ана өзі шешеді. Ал егер бұл мәселені қарапайым ғана жолмен шешкісі келсе, бала емізу барысында үстінен жамылғышпен бүркенуге де болар еді...

  Дайындаған: Салтанат Пердешқызы

Дереккөз: posta-magazine.ru

Үйдегі бастық енем
Ғашық жандарға кеңес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу