Қазақ пен норвег туыс па?

Oinet.kz 21-04-2019 1288

Screenshot_9.jpg

Жақында БАҚ беттерінде Астанаға өздерінің арғы ата-бабаларының қазіргі қазақ даласынан шыққанына көз жеткізу үшін Норвегиядан бір топ ғалымның келгені сөз болған еді.

Бұл ақпаратты оқыған-естіген жұртшылықтың таң-тамаша қалуы әбден мүмкін. Қабырғадағы жағрафиялық картаға үңілген адамның тіпті «Норвегия қайда, Қазақстан қайда?» деп, күлуі де ғажап емес. Расында да, Норвегия – Еуропаның ең солтүстігінде, Скандинав түбегінің Солтүстік Мұзды мұхитқа ұласып жатқан пұшпағында орналасқан ел. Екі ел арасында қаншама мың шақырым, қаншама тілі-діні бөлек мемлекеттер, түрлі қауымдар жатыр. Алайда, күлуге, күмәндануға асықпаған жөн.

Ғылымда қазіргі норвег тілі үндіеуропа тобының герман тармағына жатқызылады. Жалпы бұл үлкен тіл тобын құрайтын халықтардың ортақ ата-бабаларының түп атамекені туралы көзқарас қайшылыққа толы. Дегенмен, пікірлердің біраз бөлігінің «үндіеуропалықтардың арғы ата-бабалары бүгінгі Оңтүстік Ресей, Солтүстік және Батыс Қазақстан аймағында қауым болып қалыптасып, содан соң жан-жаққа таралды» деген уәжге ұйитыны рас: бір бөлігі – оңтүстікке (үнді-иран тобы), бір бөлігі – Кавказ бағытына, ал басым көпшілігі – батысқа, яғни, Еуропаға қоныс аударды делінеді. Оңтүстікке жылжығандарының біраз бөлігі қазіргі Қазақстан және Орта Азия топырағында қалып, кейін осындағы түркі халықтарының құрамына енген.

Алайда Олжас Сүлейменов өзінің «АЗ и Я» кітабында: «Тұтас протоүндіеуропа қауымы теориясын батыс ғалымдары ойлап тауып, дамытқан; менің болжауымша, әу баста шығыста пайда болған, ежелгі санскрит тілін тудырған бір халық батысқа жорыққа аттанып, еуропалық тайпаларды жаулап, олардың тіл ерекшеліктеріне біршама әсер-ықпалын тигізген. Үнді-иран тармағы мен еуропалық тілдердің морфологиясындағы ұқсастық – сол ежелгі әсер-ықпалдың нәтижесі. Әйтпесе, кеше Гитлер өз нәсілінің тектілігіне балаған «таза қанды арийлік» ұғымы, жалпы «арий» термині – негізінен үнді-иран қауымына тиесілі», – деп жазған-ды. 

Норвегтерге қайта оралсақ, олардың (және дат, швед халықтарының да) «викингтер» деген атпен танымал даңқты ата-тегінің түп мекені жөніндегі пікірталасты жаңағы «бүгінгі Оңтүстік Ресей, Солтүстік және Батыс Қазақстан аймағында қауым болып қалыптасқан» деген көзқарастың төңірегінен іздеген жөн. Норвегтің әйгілі саяхатшысы, антрополог-ғалым Тур Хейердал лингвистикалық салыстырулар арқылы «викингтер әу баста Каспий теңізі аймағынан, Орал тауларының баурайынан шыққан» деп осыдан 20-30 жыл бұрын-ақ жазып кеткен екен. Тіпті өзі көзі тірісінде Каспийдің арғы жағасына – Әзербайжанға барып, ондағы жартасқа қашалған көне таңбаларды зерттеп, Баку маңында тұратын «удин» руының салт-дәстүріне қызығыпты. Викингтердің ежелгі мифтік қаһарманы Один батырдың есімі мен әзербайжандар ішіндегі әлгі қауымның атауынан тылсым байланыс іздепті.

Әйгілі антрополог-саяхатшының қызы Беттина Хейердал: «Викингтер Тәңірідей табынған Один батыр туралы аңыздарда тау-тасты, жақпар-жартасты табиғат емес, ұшы-қиырсыз ұланғайыр дала көбірек суреттеледі, сондықтан біз Каспий теңізінен шығысқа қарай көсіліп жатқан аймақты – Қазақстан жерін де зерттеп көруге бел будық», – дейді. Беттина ханым Астанаға ат басын тіреген әлгі ғалымдар тобының құрамында. Олар қазақстандық әріптестерімен бірге еліміздегі көне қорымдардан, қорған-обалардан қажетті дерек, ДНК-материал жинап, Копенгагендегі әлемге әйгілі генетикалық лаборатория университетіне апарып, зерттеп-зерделеп, талдап-таразылайтын болады. 

Норвег ғалымдары заманауи технологиялар Тур Хейердалдың бағзы болжамдарының ақиқат екеніне көз жеткізуге көмектеседі деп сеніп отыр. «Біздің басты мақсатымыз – «норвегтердің арғы ата-бабалары Оңтүстік Ресей мен Орталық Азия жерінен тараған» деген ғылыми болжамды дәлелдеу. Заманауи ғылым жетістіктерінің нәтижесінде біздің бұл мақсатымыз орындалуа жақын» дейді экспедиция жетекшісі, тарихшы Стурла Эллингваг. Норвегиядан келген зерттеушілерге Қазақстан мамандары да көмектесуде.

«Ал норвегтердің ата-бабасына қазақтардың қандай қатысы бар?» деген сауал тууы мүмкін осы тұста. Түсіндірейік. Бағана «Арийлердің біраз бөлігі оңтүстікке – Иран, Ауғанстан, Үндістанға қарай қоныс аударса, біраз тобы Қазақстан, Орта Азия аумағында қалып қойды» дедік. Сол қалып қойған тайпалар көп ұзамай жылнамаларда «сақ», «скиф» есімдерімен атала бастады. Ал бұлардың түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының этногенезінде маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ғылымда оларды түркі текті дейтін көзқарас та жеткілікті, бірақ әзірге қалыптасқан жүйе бойынша «арий текті», дәлірек айтқанда, «иран текті» деген уәж басымырақ. Осы екі ұстанымның ортасынан шығып, «біраз бөлігі иран, біршама тобы түркі нәсілді болған» деген де көзқарастар бар. Әйтеуір бір анығы: сақтар мен скифтердің еуропеоид нәсілді – ақұба өңді, көкшіл көзді, ақсары шашты болғаны тарихтан мәлім. Демек, кім біледі, викингтер сол сақ, скифтердің мекенін солтүстікке көшкен болса, норвегтермен сәл де болсын туыстық байланысымыздың болуы әбден ықтимал.

Сәкен СЫБАНБАЙ,

Мұрағаттан: 26.02.2015


Қазақ хандығына Дженкинстің қандай қатысы бар?
Букмекерлік орталықтар көсегені көгерте ме, шіріте ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу