Азаттықтың таңы болған - Желтоқсан

Oinet.kz 05-09-2019 1679

1545021379116230.jpg

Желтоқсан көтерілісі 1986 жылы бар болғаны 200 мыңдай жергілікті ұлт өкілдері тұратын, 7 мектеп қана қазақ тілінде дәріс беретін Алматы қаласында орын алған еді. Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 30 жыл болды. Яғни, көп нәрсеге уақыт өз биігінен басқаша қарауға мүмкіндік берді, басқаша көзқарас қалыптасты. Бұл орайда, алдымен айтылатыны Желтоқсан қазақ халқының рухани оянуының бастамасы болды. Деректерге жүгінсек, ол күндері Алматыда ғана емес, еліміздің барлық облыс орталықтарында жаппай толқулар болған. Кей өңірлерде де әскери күштердің құрылымдары тартылып, жастар таяққа жығылған, оқудан, жұмыстан шығарылып қудаланған. Тоталитарлық қоғамның тоңын жібіткен, тоқырау заманына жаңа леп әкелген Алматыдағы көтерілістен кейін 1987 жылы Саха Республикасында, 1988 жылы Әзірбайжанда, 1989 жылы Балтық елдерінде, 1990 жылы Грузияда үлкен демократиялық дүмпулер болып өтті. Сондай-ақ, Шешенстан, Молдова, Осетия, Абхазия сияқты басқа да ұлттық республикаларда ұлтаралық қақтығыстар болып, толқулар орын алды. Осыдан отыз жыл бұрынғы елімізде болған Желтоқсан көтерілісін 1956 жылғы қазан айындағы Будапешт пен 1968 жылғы Прага көктеміндегі тол¬қулармен сабақтасып жатқанын айтушылар да бар.

Ресми дерек бойынша, сол күндерде алаңдағы түнгі аласапыранда 2 адам қайтыс болған. Ұсталғандардың саны екі күнде 8500 адамнан асқан. Оның 99-ы ауыр қылмыскер ретінде сотталып, 2-уі ату жазасына кесілді. Соның бірі - ұлтының басына сын сағат туғанда жас болса да бас бола білген, әділетсіздікке қасқая қарсы тұрып, азаматтық мінез танытқан Қайрат Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда өміріне қастандық жасалды. Сондай-ақ, 200-дей адам (15 күннен 1 айға дейін) уақытша абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Мыңдаған қазақ студенттері жазықсыз оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өрендер шейіт болды. Желтоқсанға қатысқандарды анықтап, оған жол берген басшыларды жазалау науқаны кезінде жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры, облыстық партия комитеттерінiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия деңгейіндегі 630 хатшы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 жетекшісі қызметтерінен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 адам қуылды.

Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан көтерілісі қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар ерліктері бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.

«Ер еңкейсе еңкейеді жалғыз-ақ, Туған жердің топырағын сүйгенде...»
Қош бол, қызыл империя - КСРО!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу