«Ер еңкейсе еңкейеді жалғыз-ақ, Туған жердің топырағын сүйгенде...»

Oinet.kz 05-08-2019 1136

Screenshot_16.jpg

Өткен бейсенбіде табиғат тосын мінез танытты. Таңертең көшеге шығып едік, көктегі күн жер бетіне күлім қаға қарап тұрды. Айнала желең киінген адамдар. Себебі, күн жып-жылы. Ешқандай аяз жоқ. Құдды көктем секілді. Дегенмен, түс қайта күн бұлыңғыр тарта бастады. Салқын леп бетті жиі-жиі өбе берді. Кешқұрым қараңғылық үйіріле бастағанда жаңбыр құя жөнелді. Дегенмен, шындығында бұл жаңбыр емес, нұр еді. Себебі, сол күні Оңтүстікте қанаттанып, биіктерге самғап ұшқан 150-ден астам арда азаматтар туған жерге оралды. 

Экономикалық мүмкіндігіміз  жоғары

 Ел ықыласына бөленген танымал басшылар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, өнер майталмандары өткен аптада Шымкентте бас қосты. Сағынысып қалыпты. Жерлестер бір-бірімен арқа-жарқа құшақтаса амандасып, қауқылдасып жатты. Оларға мұндай мүмкіндікті облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сыйлады. Өңір басшысы «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» шарасын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізу арқылы төл перзенттерді ортақ бір мүддеге жұмылдыра білді. Әрине, айтқанға оңай. Әйтпесе, жан-жақта жүрген азаматтарды жинап, ауқымды іс-шара өткізу деген қиын шаруа екені белгілі. Жалпы, бұл не қылған іс-шара? Оны өткізудегі негізгі мақсат не? Осыған тоқталып өтсек. 

2008 жылдан бері әлемді қаржы дағдарысы қыспаққа ала бастады. Сарапшылар бұған дүние жүзі картасында орын алып жатқан саяси оқиғалар себеп болғанын айтуда. Жалпы, санамалап тізе берсек, тұтастай мемлекеттерді қаржылай тығырыққа тіреген факторлар өте көп. Бұл Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймады. Елбасы Нұрсұлан Назарбаев осы қиындықты жеңу үшін көптеген бағдарламаларды іске қосты. Сонымен қатар, ол облыс әкімдеріне инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Яғни, өңірлер «республикалық бюджеттен қашан қаржы бөлінеді» деп қарап отыра бермей, өз беттерінше балама қаржы көздерін іздегені  жөн. Сонда ғана нақты ілгерілеу болады. Қысқа мерзім ішінде айрықша құлшыныспен тың бастамалар бастап үлгерген Жансейіт Қансейітұлы енді Оңтүстік Қазақстанды донор облысқа айналдыруға білек сыбана кірісіп кетіпті. Бұған аталған іс-шарада куә болдық. Ол өз сөзінде қонақтарға Оңтүстік өңірінің мүмкіндіктері жөнінде кеңірек баяндады. Түстікте тек өндіріс орындарын ашып қана қоймай, туризмді де дамытқан маңызды екенін жеткізді. Себебі, әлемде туризммен-ақ байып отырған мемлекеттер аз емес. Тіпті, туризм саласы дамыған мемлекеттер тек өндіріске көңіл бөлетін кей республикалардан экономикалық жағынан әлдеқайда озық тұрады екен. Яғни, бәсекеге  қабілетті мемлекеттер қатарына қосылу үшін тек бір сүрлеумен жүре беруге болмайды. Өндіріспен қатар туризм саласын дамыту - заман талабы. 

Осы тұста облыс әкімі қызық дерек келтіре кетті. Ауыл шаруашылығы – Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының локомотиві екенін айта келіп, Түркия мемлекетімен жаңғақ жөнінде ортақ келісімге келгенін айтты. Мысалы, сапалы киім-кешектен бөлек, дәмі тіл үйіретін тағамдарымен танымал түрік ағайындар өз жерінен жылына 210 мың тонна жаңғақ алады. Ал, 60 мың тонна жаңғақты шеттен сатып алатын көрінеді. Бір қызығы, 60 мың тонна жаңғақты сатып алуға – 250 миллион доллар жұмсалады екен. Содан түрік кәсіпкерлері жаңғаққа байланысты жүрген жерінде Қазақстанды насихаттаудан жалықпайтын Жансейіт Қансейітұлына ұсыныс жасапты. Қазіргі таңда екі арада келісім жұмыстары жүргізілуде. Міне, өңір басшысы осындай қарапайым тәсілдер арқылы елге кіріс кіргізуге болатынын айтты.   

Оңтүстікті қалай гүлдендірсе болады?

Осыдан кейін ол туған жерінің гүлденуіне өз үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Сонда белгілі меценат-кәсіпкерлер Дінмұхамед Ыдырысов, Серікжан Сейітжанов, Қайрат Молдасейітовтер бүгінге дейін атқарған жұмыстарымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тағы да көптеген жобаларды іске асыруға уәделерін берді. Мысалы, Серікжан Сейітжанов:

- 2008 жылы туған жерім Отырар ауданында Шілікті ауылында мектеп салдық. 2010 жылы Сайрам ауданы, Тассай ауылында тағы мектеп тұрғыздық. Сол тұста Білім және ғылым министрі болып тұрған Жансейіт Қансейітұлы маған меценат атағын берді. Сонда «енді келешекте университет салыңыз!» деп еді. Осы сөз періштенің құлағына шалынған болуы керек, бүгінгі таңда Шымкентте үлкен Қазақ инновациялық университетін салғалы жатырмыз. Бұған 150 гектар жер бөлінді. Қазір онда геологияқ жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, «Нұрсәт» шағын ауданынан 8000 орындық мешіт салуды бастап та кеттік. 2018 жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мұның бәрі Елбасының арқасында деп білемін. Себебі, ол кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетіп отыр. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, Шымкентті үшінші мегаполиске айналдыруымыз керек, - деді ағынан жарылып. 

Ал, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев көпшілік алдында облыс әкіміне уәде берді. Ол осы уақытқа дейін 1 мектеп, 2 балабақша, 1 спорт кешенін салғанын айта келе, енді келешекте 500 орындық кәсіпорын орын ашамын деп айтты. «Ордабасы» корпорациясының басшысы Дінмұхамед Ыдырысов болашақта біздің өңірге 40 миллиард теңге инвестиция  салуды жоспарлап отырғанын салтанатты түрде хабарлады. 

Кәсіпкерлерді марапаттау рәсімінен соң, сахнаға ақын-жазушылар, шенеуіктер көтерілді. Олар облыс әкімінің барша игі жақсыларды туған жерге жинап, осындай кездесу ұйымдастырғанына жүрекжарды алғыстарын білдірді. Артынша, «мен туған жеріме не бердім? Алдағы уақытта тағы не бере алам?» тақырыбында сөз сөйлеп, ойда жүрген жоспарларымен бөлісті. Оңтүстікті қалай гүлдендіруге болады? Осы жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Отырар ауданының тумасы, сенатор Қуаныш Айтаханов: 

- Оңтүстік Қазақстан – ұлт ұйытқысы. Оңтүстік қалай жылжиды, Қазақстан солай жылжиды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі, Оңтүстікте Қазақстан халқының бестен бірі тұрады, қазақ ұлтының төрттен бірі өмір сүреді. Оңтүстік – қонақжай облыс. Бүгін Жансейт Қансейітұлы бізді дидарласа отырып, осыны тағы да бір дәлелдеді. Әлгінде меценат-кәсіпкер інілерім туған жеріне не бергендерін айтып өтті ғой. Осы жерде менде атқарған тірліктерімді баяндағым келіп тұр. Биыл біз республикалық бюджеттен Оңтүстік Қазақстан облысына 30 миллиардтан астам теңге бөлдірттік. Және Мақтаарал мен Шардара аудандары арасында жол жоқ. Осының салдарынан, аудан тұрғындары Сарыағаш арқылы айналып, 80 шақырымның орнына 180 шақырым жол жүруге мәжбүр. Біз осы жөнінде Премьер-министрге қайта-қайта айтып, жолды салдыруға қол жеткіздік. Кезінде мен Сайрам ауданының әкімі болып тұрған тұста жыл сайын «Онжылдықтар тоғысында» деген кездесу өткізіп тұрдым. Онда мектеп бітіргеніне 10 жыл толған оқушылармен салтанатты түрде жиын өткізіп, олар туған жеріне не бере алатыны жөнінде баяндама жасаттым. Міне, облыс көлемінде осындай жиындарды жыл сайын ресми түрде өткізер болсақ, оқушылар мен аға буын өкілдері арасында ұрпақтар сабақтастығы орнайды. Бұл өте маңызды. Інілер ағаларына қарап бой түзесе, ағалар інілеріне жағдай жасауға, туған жерін түлетуге асығар еді, - деп облыс әкіміне өз ұсынысын білдірді.     

Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада бұрынғы облыс әкімдері Қалық Абдуллаев, Болат Жылқышиев және Шымкент қаласының алғашқы әкімі Амалбек Тшанов сөз сөйледі. 

- Адам Отан алдындағы борышын ешқашан өтей алмайды. Себебі, ол Отанына мәңгі қарыздар. Бір тірлікті істеп қойып, борышымды өтедім деп ойлауға болмайды. Адам өмірінің соңына дейін Отан алдындағы борышын өтеуге тырысу керек, - деп Қалық Абдуллаев өз ойын айтты. Болат Жылқышиев:

- 1998 жылы облыс әкімі Қалық Абдуллаев мырзаның орынбасары болып жұмыс істедім. Сонда біздің облыста жылу, жарық мәселелері бар еді. Қазір, Құдайға шүкір, мұндай мәселелер жоқ. Сол тұстағы қиындықтар ұмытылып кетті. Әрине, әлі де мәселелер бар. Мысалы, біздің облыста халық саны көп болғасын, жұмыссыздық мәселесі жиі мазалайды. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Алдағы уақытта бұл оң шешімін табады деп сенемін, - деп айтты. Ал, Амалбек Тшанов: 

- Қазақстан 1990 жылдары зор қиындықты бастан кешті. Мен әкім болып тұрған тұста Шымкентте мектеп оқушылары аштықтың салдарынан тақтада тікесін-тік ұзақ тұра алмай, естерінен танып қалып жатқан жағдайлар жиі орын алды. Әрине, қазір бұл ертегі секілді естіледі. Ертегі болып қала берсін деймін. Қазір заман түзелді. Және тағы бір айтарым, қазақ қазақты бауырым деп сыйлау керек. Бәріңізге белгілі, өзге өңірлерде Шымкенттіктерді жиі бөліп-жарады. Негізді-негізсіз анекдоттар құрастырды. Меніңше, олар түстік тұрғындарына зор қызығушылықпен қарайды. Пысықтығына, еңбекқорлығына таңдай қағады. 

Өз кезегінде Кеңес Одағы тұсында Оңтүстікті басқарған Сергей Терещенко сөзін қазақша бастап, облыс тұрғындарына, өңір басшысына қазақ тілінде алғыс айтты. Ол қазіргі таңда құс еті, бал өндірумен, ағаш өсірумен айналысып жатқанын, Оңтүстік Қазақстан өз-өзін толықтай қамтамасыз ете алатынын хабарлады. Бұл үшін  көп еңбектеніп, ұйымдастыру жұмыстарын тиімді жүргізе білу керек. Осы бағытта облыс әкімінің атқарып жатқан шаруаларына көңілі толатынын, қажет болса оған әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.  

Ал, Сәбит Оразбаев, Дулат Исабеков секілді даңқты қоғам қайраткерлері «бір жеңнен қол, бір жағадан» бас шығарып жұмыс істесек, біз алмайтын қамал болмайды деп жүрекжарды лебіздерін білдірді. 

Іс-шара мәресіне тақаған тұста қатысушылар үндеу қабылдады. Онда әр салада жүрген басқа да азаматтарды, төл перзенттерді туған жерді түлетуге, дамытуға көмектесуге шақырды. Сонда ғана ел ризығы тасымақ. Осылайша, «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» акциясы мерекелік концертке ұласты. Өз Атымтай жомарттарының игі істеріне қаныққан облыс тұрғындарының мерейлері тасып, көңілдері шалқыды. Осы орайда ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің мынадай жақұт жыр жолдары еріксіз еске түседі екен: 

От ішінде...

Өрт ішінде күйгенде,

Басыңды име, 

Тізе бүкпе,

Именбе...

Ер еңкейсе еңкейеді жалғыз-ақ, 

Туған жердің топырағын сүйгенде...

Абылай Сматуллаұлы, 

Мұрағаттан, 2016 ж

«Алаңда болған көп қыз-жігіттердің тағдыры әлі күнге белгісіз»
Азаттықтың таңы болған - Желтоқсан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу