«Алмас қылыштың» мақтайтын тұсы көп

Oinet.kz 06-08-2019 1234

14532011107i3in-725x.jpg

Елбасы бір сөзінде «қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деп айтқан еді. Орыс патшайымы II Екатеринаның: «Қазақтар өздерінің кім екенін білмеу керек. Егер білсе, онда олар әлемді жаулап алады» деген сөзі біраз жайтты аңғартса керек. Қазақстан Совет Одағының құрамында болғанда, олар біздің тарихты қайтадан жазып шықты. Бізді өмір бойы отар мемлекет болды деп көрсеткісі келді. Қысқасы, жалған тарихпен өмір сүрдік. Тек, Тәуелсіздік алған кезде ғана біз шынайы тарихымызды іздей бастадық. Советтік цензурасыз кітаптар жазылды, фильмдер түсірілді. Әсіресе, біз әлі күнге дейін тарихи фильмдерге сусап келеміз. 25 жылда қазақ халқының тарихынан сыр шертетін ірі деңгейде «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» ғана түсіріліпті. Бұл фильмдерге уақтысында халық өз бағасын берді. Біз бүгін жақында ғана көрермендерге жол тартқан «Алмас қылыш» фильмі жайлы  сөз қозғауды жөн көрдік. 

Фильм жазушы Ілияс Есенберлин жазған «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімі негізінде түсірілді.  Осыған орай, фильм «Алмас қылыш» деп аталды. Режиссері – Елбасы туралы трилогияны таспалаған Рүстем Әбдірашев. Ал, сценарий авторы – жазушы Смағұл Елубай. Біз оның қазақ халқының басынан өткен нәубеттерді суреттейтін «Ақ боз үй» трилогиясын оқып едік. Сол себепті, фильмнен зор үміт күттік. «Алмас қылышты» «Mega» орталықтағы Kinopark кинотеатрынан кешкі уақытта (prime time) көрдік. Залға жиналған көрермендер үлесі шамамен 70 пайызға жуықтады. Сонымен, фильм бірден басталып кетті. Ешқандай жарнама көрсетілмеді. Осыдан-ақ, оның тым салмақты дүние екенін сездік.

...Ұлы Дешті Қыпшақ даласы. Сонау қыр басынан Асан қайғы әлдеқайда көшіп бара жатқан қалың жұртқа қарап, терең ойға батады. Сосын, ол кадр сыртынан сөйлеп, бізге не болып жатқанын түсіндіре бастайды. Осы тұста қуанып қалдық. Бүкіл фильм бойы біз қазақ халқының қайғысын жеп, жерұйық іздеген Асан қайғымен бірге болдық.  

Фильмде XV ғасыр аурасы сезіледі. Өте бай, бояуы қанық кадрлар көз қуантты. Тіріліп келсе, Күреңбай сыншының өзі таңдай қағатын жылқылар санында есеп жоқ. Ал, оның ер тоқым, тізгін секілді жабдықтары ше? Бәрінен бұрын киім-кешек көңілден шықты. Керей мен Жәнібек сұлтанды былай қойып, қарапайым малшыны алсақ, оның өзі жоғары талғаммен киінген. Қуанып қаласыз. Ұлы қазақ даласындай дархан көңілдері, жебедей өткір мінездері мен майын тамыза сөйлеген сөздерін айтсаңызшы. Егер қасыңызда өзге ұлт өкілі отырса, «міне, бұл – менің бабам! Қазақ! Олар осындай болған» деп мақтанғыңыз кеп кетеді. Рухыңыз кәдімгідей көтеріліп қалады. Себебі, осы уақытқа дейін «Шиза», «Қарой» секілді фильмдер қазақтарды азып-тозған ұлт ретінде суреттеп, бізді әбден ұятқа қалдырып еді. 

Сонымен, негізгі оқиға Әбілқайыр хан және Керей, Жәнібек сұлтандар төңірегінде өрбиді. Қысқаша айтсақ, Керей мен Жәнібек ойлана келе Әбілқайыр ханнан бөлінуге шешім қабылдайды. Себебі, Әбілқайыр Дешті Қыпшақты үстемдікпен билеп-төстеп, оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді. Көкіректерін намыс кернеген қазақ сұлтандары хан ордасын тастап, Асан қайғы айтпақшы, «жер жәннаты – Жетісуға» қарай көшеді. Бұл Ұлы көш деп аталады? Неге? Себебі, Керей мен Жәнібекке әр жерде тарыдай шашырап жатқан қазақ руларының көпшілігі ереді. Фильмде Жәнібек сұлтан: «Албан, Суан, Дулат... Шапырашты, Жалайыр, Қоңырат руының бір бөлігі Ұлы көшке қосылды» деп айтады. Режиссер осы арқылы қазақты біртұтастыққа шақырғысы келді. Бәрі қосылса, ғаламат күшке айналатынын көрсетеді. Себебі, қазақ рулары ортақ мүддеге біріккен сайын, Әбілқайырдан маза кете бастайды. Міне, фильмнің ең негізгі идеясы – осы болса керек. 

Жалпы, «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың балаға» қарағанда, көптеген критерий бойынша, «Алмас қылыш» әлдеқайда озық тұр. Мақтанатын тұстары да жетерлік. Дегенмен, кемшін тұстар да аз емес. Фильмдегі ең басты кемшілік – актерлар ойынында. Көпшілігі рөлдерін алып шыға алмаған. Тәп-тәуір фильмді жасанды ойын құртып тұр. Тек, Әбілқайыр хан рөлін ойнаған Досхан Жолжақсынов, оның ұлы Шах Мұхамедті ойнаған Ниязбек Шәйсұлтанов фильмді құтқарып қалды десе болады. Олар өз рөлдерін тамаша сомдаған. Көріп отырып, сүйсінесіз. Ең бастысы, қанша жерден озбыр болса да, Әбілқайырды жек көрмейсіз. Оның іштегі бұрқан-талқан болып жатқан сезімі жүзінен айқын аңғарылады. Міне, талант. Режиссер жағымсыз рөлдегі актерларды қателеспей таңдағанына көз жеткізесіз. Негізі, АҚШ-та жағымсыз рөлге – шеберлігі зор актерларды бекітеді екен. 

Керей сұлтан рөлін – Қайрат Кемалов өз деңгейінде алып шыққан. Дегенмен, Жәнібек рөліне актер дұрыс бекітілмеген секілді. Сөз жоқ, Еркебұлан Дайыров дарынды актер. Дегенмен, актер қанша жерден дарынды бола да, оның табиғатына келмейтін рөлдер болады. Мысалы, сіз әйгілі Джеки Чанды жағымсыз рөлде елестете аласыз ба? Бүкіл фильм бойы күшене сөйлеген Еркебұланды Жәнібек рөлінде еш қабылдай алмай-ақ қойдық. Оған басқа рөлді беру керек еді. Оның орнына, Жәнібек сұлтанды күшенбей-ақ айналасындағыларды табиғи сұсты болмысымен үйіріп ала жөнелетіндей актер ойнағаны жөн еді. Қанша дегенмен де, Жәнібек сұлтан – Қазақ хандығының негізгі құрушысы емес пе? Сондықтан да ол кесек тұлғалы болуы тиіс.         

Және «Жаужүрек мың баланы» көргенде, Таймас рөлін сомдаған Аян Өтепбергенге  ренжіп едік. Тіпті, бір сұхбатында Аян да өз рөлін өз деңгейінде алып шыға алмағанын мойындаған болатын. Енді ол мына фильмде Бұрындықты да лайықты деңгейде ойнай алмаған. Тұла бойынан жасандылық есіп тұр. «Әлемді кітап оқитындар емес, қылыш ұстағандар билейді. Қайталап айтамын, әлемді қылыш ұстағандар билейді», «өй, қазір басыңды киіз допша домалатам», «Қане, өлтір!» деген сөздерді Бұрындық емес, Аян айтады. Айта берсек көп енді. Ал, Қазтуған, Қасым, Есен бұға, Қобыланды батыр образдары өте тартымды шыққан. Әсіресе, Қобыландыға қарап, нағыз қазақ батыры деп мақтандық. 

Тағы бір мәселе, «Алмас қылышта» сенімсіз көріністер кездесті. Мысалы, Әбілқайыр хан нөкерлерімен ордасынан шығып үлгермей жатып-ақ, оның 4-ші тоқалы Рәбия (Қарлығаш Мұхамеджанова) Жәнібекке тұра ұмтылады. Оған «бір-бірімізді ұмытпайық» деп кітап табыстайды. Және бір көріністе ол жанында өріп жүрген қызметшілерінің көзінше: «Сомбалақ, сен егеңді (Жәнібекті) сағындың ба? Мен де сағындым. Оған құс болып ұшып барғым келеді» деп бүркітпен сырласады. Оны оншақты метр жере тұрған Әбілқайыр хан естіп қойды ма, білмедік. Жалпы, есі дұрыс әйел осылай істей ме? Және тағы бір көрініс бар. Ойраттар мен қазақтар шайқасып жатқан кезде, жерде тұрған жас қыз ат үстіндегі қанжарлы ойратты алып жығады. Шамасы, режиссер әйел кісі де ел қорғай алатынын көрсеткісі келсе керек. Дегенмен, дәл бұлай шектен тыс әсірелеу қажет емес еді.  

Бір өкінштісі, фильмде режиссура болғанымен, динамика жоқ. Оқиға өте баяу өрбиді. Тіпті, өрбімейді де. Құдды фильм енді басталатын сияқты әсерде отырасыз. «Міне, қызық енді басталады. Жә, қызық қазір басталады, міне-міне» деп отырғанда, фильм бітеді де қалды. Қысқаша айтсақ, динамикасы мынандай: кейіпкерлер бір-бірімен сөзге келіп қалады – музыка сүйемелдеуміен көшіп бара жатқан қазақ, Керей мен Жәнібек ақылдасады - музыка сүйемелдеумен, баяулатылған эффектпен көшіп бара жатқан қазақ, он-он бес қазақ жиырма-отыз ойратпен шайқасады - музыка сүйемелдеумен, баяулатылған эффектпен көшіп бара жатқан қазақ, тағы бірді-екілі көрініс - музыка сүйемелдеумен көшіп бара жатқан қазақ. Байқаған шығарсыздар, 2 сағаттық фильмде музыка шамадан тыс көп қолданылған. Тіпті, бір кезде жүйкеңізге тиеді. Шамасы, «Қазақ елі» - телесериал болып шығады деген кезде, музыка көп жазылған. Соның бәрін осы 2 сағаттық фильмге тығып жіберген секілді. Бір байқағаным, «Көшпенділерді» түсірген америкалықтар секундпен жұмыс істейтін секілді. Егер, «Көшпенділерді» балаларға көрсетсеңіз, олар соңына дейін қарап шыға алады. Себебі, мұнда action (іс-қимыл) көп. Динамика бар. Мысалы, мен 10 жастан енді асқанда «Көшпенділерді» «ары қарай не болады екен?» деп бас алмай көріп шықтым. Ал, «Алмас қылышта» режиссер секундпен емес, минутпен жұмыс істеген секілді. Мүмкін, қаржы жағы қиындық тудырған шығар. 

Негізі, Рүстем Әбдірашев «Алмас қылышты» бұдан да қызықты етіп түсірер ме еді деп ойладық. Себебі, фильмге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы араласқан. Білек сыбанып, басы-қасында жүрген. Министр «Алмас қылышқа» қатысты «Қазақпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында, Рүстем Әбдірашевпен актерларды таңдауда, фильмге кей көріністерді қосу-қоспау жөнінде келіспеушіліктер болғанын жасырмады. Және ол Рүстемге рақмет айтады. «Осының бәрін көтергеніне» деп. Яғни, осы жерде министр – фильмнің екінші режиссері (мүмкін бас режиссері) деуге болады. «Алмас қылышта» - Қазақ хандығының туымен қатар, қазіргі Қазақстан мемлекетінің туы (күннің түсін қызылға өзгерткен) қатар жүргені – А.Мұхамедиұлының ұтқыр шешімі деп ойладық. Ол осы туды деталь қылып алып, Қазақ хандығы мен Қазақстан Респулбикасының арасындағы уақыт сабақтастығын көрсеткісі келсе керек.  

Рүстем Әбдірашев фильм – «Алмас қылыш» романы бойынша түсірілгенін, дегенмен, екі сағаттық фильмге тұтас романды арқау ету мүмкін еместігін және кей жерлер өзгеріске ұшырағанын айтты. Жалпы, «Алмас қылыш» - «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы кітабы. Трилогия «Қаһар» романымен аяқталады. Ал, «Қаһарда» - қазақ халқының соңғы ханы Кенесары патшалық Ресеймен соғысады. Міне, ең маңыздысы осы бөлім сияқты. Біз қашанғы қытайларға жұтылып кеткен жоңғарлармен соғыса береміз? Бұдан халық жалықты. Енді бізге заман шындығын ашып көрсететін ірі масштабтағы тарихи фильм керек. «Қаһар» осыған сұранып-ақ тұр. Тарихи фильм түсірсе, майда-шүйдесіне дейін араласа кететін шенеуіктер «Қаһарды» қолдай ма екен? Ақыры, кинодастан «Алмас қылышпен» басталғасын, «Қаһармен» аяқталуы керек емес пе? Оны уақыт көрсетеді. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Қош бол, қызыл империя - КСРО!
«VIP-диқандар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу