Кеңес Дүйсекеұлы: «Мен–мен, мен едім!» деу тек Махамбетке жарасады»

Oinet.kz 28-11-2017 850

Аға буын әлі күнге дейін жастарға үлгі ретінде жиі айтып отыратын өнер иелері бар. Еңбек жолы, өмірі өнеге табиғи таланттардың шығармалары да өз құндылығын жоғалтқан емес. Сұранысқа ие, тыңдармандары мен табынушылары көп. Иә біз жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарында қазақтың ұлттық музыка әлеміне жаңа бір леп әкелген Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев сынды таланттар туралы айтып отырмыз. Жуырда қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтерген таланттардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

Screenshot_6.jpg

- Қазақ өнерін, оның ішінде музыкасын әлемге танытқан, әндері көпшіліктің сүйіспеншілігіне, сұранысына ие тұлғаның өмірлік ұстанымы, кредосы қандай?

- Менің ойымша ең бастысы адам баласы қазақ болып туылғаннан кейін оның жүрегі қазақ деп соғуы керек. Менің  ең басты қағидам - қазақ екенімді ұмытпау. Өнер жолында, шығармашылығымда халқыма қалай қызмет етсем деген мақсатпен жүрген адаммын. Мені көп жағдайда ән жазатын композитор деп түсінеді. Бірақ шындығында мен профессионалмын. Менің көлемді симфониялық  шығармаларым Америка, Еуропа  елдерінде, бүкіл дүниежүзінде орындалып жатыр. Өзімді бақытты адамның бірімін деп санаймын. Себебі балалық шақтағы армандарым орындалды. Музыкаға әуестігім домбырадан басталған болатын. Оқушы кезімде домбыра тартып үйрендім. Арнайы білім алмасам да, орта мектепті бітірер тұста алғашқы ән-күйлерімді шығара бастадым. Мұны байқаған Рахатдин ағам мектепті бітіретін жылдың көктемінде мені Қазақстан ғылымдар академиясына – қазақтың даңқты композиторы Ахмет Жұбанов ағамызға апарды. Бір-екі әнім мен күйімді орындатты. Менің шығармаларымды тыңдап болған соң, ол кісі ағама: «Баланың қабілеті бар екен, сондықтан оған жақсы білім алу керек. Сол үшін, менің тілімді алсаңдар, алдымен музыкалық училищені бітіргені жөн. Сосын консерваторияны дайындық курсынан бастап оқып бітіруі керек. Сонда ғана білімі толық болады», – депті. Сөйтіп, мектепте жақсы оқысам да басқа институтқа мойын бұрмай, музыкалық училищеге түстім. Училищеде бес жыл, консерваторияда бес жыл – он жыл бойы музыкалық білім алып, 28 жасымда композитор және музыка пәні мұғалімі деген мамандық иесі атандым. Мен мектеп қабырғасында композитор болуды армандағанмын. Екінші арманым дирижер болу еді.  Интернатта оқып жүргенімде айына бір рер опера театрына, М. Әуезов театрына барып тұратынмын. Ол да менің өнер жолына келуіме себепші болды. Опера театрына барғанымда Нұрғиса ағамның дирижерлық, яғни оркестрды басқару өнеріне тәнті болатынмын. Сол кезде мен де дерижер боламын деген арман пайда болды. Құдайға шүкір, қазір мені қазақ халқы  композитор  ретінде таниды. Яғни, бір арманым орындалды.  1984 жылдан бастап 2004 жылға дейін 19 жыл Қазақ телевидения және радиосының  эстрадалық симфониялық оркестрін басқардым. Бас дирижер қызметінде істедім. Қарап тұрсаңыз,  дирижер болу арманым да орындалған екен.  Сондықтан барлық армандары орындалған бақытты адамдардың қатарындамын. Ең бастысы  жазған шығармам  ол ән болсын, симфониялық шығарма болсын , фортепианоға жазылған шығарма, романс  болсын үнемі орындалып жатады. Шығармаларым сөреде шаң басып жатқан емес. Ал бұл дегеніңіз  кез-келген композитордың арманы.  Ең бастысы қазақ еліме, Қазақстанға қызмет істеу мен үшін абырой. 

- Еңбек бағалануымен де құнды емес пе. Үш рет «комсомол» сыйлығына ұсынылғаныңызбен ала алмаған екенсіз. Оның себебін бүгін қалай түсіндірер едіңіз?  Жалпы осындай және басқа да қиын сәттер шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

- Өмірде оңай дүние жоқ. Әсіресе өнерде.  Бақталастық, көреалмаушылық  сынды жағдайлар кездеседі.  Менің аяулы достарым Жолан Дәстенов, Сейдулла Бәйтереков елуге де толмай іштегі күйікпен дүниеден озды. Достарымның еңбегі уақытында еленбеді. Шығармашылықтары бағаланбады. Осы нәрсе қатты қапаландырады. Біз  Ұлы Отан соғысынан кейін туылған талантты ұрпақ едік.   Шығармашылық адамға ең бастысы - еңбегі бағалануы керек.  Менің өмірімде әділетсіз дүниелер көп болды.  Дегенмен қазақта «Биліккеке  өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деген керемет мақал бар. Сондықтан әділетсіздік пен қиындыққа қарсы тұра білу қажет. Өзіңіз айтқандай үш рет комсомол сыйлығына «ілінбей» қалдым.  Үш рет қатарынан түскенде музыкант, композиторлардан ешкім ала алмады. Неге екенін білмеймін, әйтеуір мені сырып тастайтын. Тіпті, «өнер қайраткері» деген атаққа 5-6 рет ұсынылып, құжаттарым кері қайтқан кездер де болды.  Әйтеуір, 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлының  қолынан алдым. Осындай сәттерде  кімге өкпелейсің? Өнеріңді жоғары бағалап, құрметтейтін қарапайым халықтың еш кінәсі жоқ.  Сондықтан осындай сәттерде қайта өзімді қайрап, жігерлене түсемін.  Оңай дүние жоқ. Сол себепті, кей сәттегі өкініштерді  жеңе білу керек.  Әлдекімге өкпелеп, енді жазбаймын дегеннен еш пайда жоқ..  Иә, біз де етпен сүйектен жаралған адамбыз, ондай әділетсіздіктер орын алған сәттерде түнімен ұйықтамайсың, ойлайсың, ақиқатты іздеп аласұрасың. Соның бәрін жеңе білу қажет. Адам мықты болуы керек. Адал еңбектің бағалануы  қуат береді,  шабыттандырады. Шығармашылық адамына сахнада тұрып сенің атақтарыңды айту маңызды емес. Ондай марапаттар өнер адамының өзіне деген сенімін арттыра түсіп, қосымша күш береді. 

- Әр дәуірдің музыкасында өз кезі¬нің сарыны мен екпіні болады. Сіз өткен ғасырдың 80-жылдарында өте танымал композитор бол-дыңыз. Шығармаларыңыз ха¬лық¬аралық фестивалдарда орындалып, жүлделі орындарға ие болып жатты. Қазақ телевизиясында музыка редакциясының бас редактор болдыңыз. Осы орайда, қазіргі телеарнадан көрсетіліп жатқан жобаларға көңіліңіз тола ма?

- Әр уақыттың өзіндік талабы бар. Халықтың сұранысына сай жұмыс істеген дұрыс. Кезінде талай жобаларды жүзеге асырдық, 32 жасымда Қазақ телевизиясының музыка редакциясына бас редактор болып жұмыс істедім. Бес жыл бас редактор болдым. «Тамаша», «Халық-талант қайнары», «Шабыт» деген  композиторлардың шығармашылығына арналған бағдарлама болатын. Сондай-ақ, «Жастарға арналған музыкалық кештер» атты жоба шығатын, жүргізушісі  -Жолан Дәстенов. Сол бағдарламаларда радио мен телеарнаның  камералық оркестрі ойнады. Яғни, бұл қазақтың жастарына классикалық музыканы насихаттау мақсатындағы арнайы жобалардың бірі болды. Телеарнада осы сынды бағдарламаларды шығардым. Қарап отырмадым. Үнемі идея іздеумен жүрдім. Тіпті сол кезде де жаңалық алып келгім келді. Ол қолымнан келді деп ойлаймын. Себебі жобалар халықтың көңілінен шықты. Радио, телевидениеде көркемдік кеңес деген болатын. Көркемдік кеңеске ұсынылған музыкалық шығармалар қатал сұрыптаудан өтіп, тыңдауға жарайды дегендері ғана эфирге жіберілетін. Қазір ондай сұрыптау жоқ, теледидар мен радиода музыкалық редактор болып отырғандардың ол салаға қатысы аз сияқты. Бұл дегеніңіз, музыканың деңгейін түсіріп, талғамды төмендетеді. Танылу мен тануда кәсібилер мен әуесқойлардың арасында айырма болмаса өнер қайдан дамиды? Музыка саласына кеш келсем де талмай еңбек етудің арқасында халыққа танылдым. Сондықтан да, жастарды да еңбекке шақырамын. Еңбектің арқасында биікке көтерілуге болады. Бұл әлемде музыка саласында әлі шықпаған, мүмкін біз білмейтін дүниелер көп. Яғни, ізденімпаз болу жетістікке жетудің бірден-бір жолы. Өнерпаз жастар қазақтың халық музыкасынан нәр алып жүруі керек. Барлық фольклорды, халық композиторларының шығармаларын жетік меңгеруі тиіс.  Қысқа қайыратын болсам, жазған шығармаңнан қазақтың иісі шығып тұруы керек.  Менің шығармашылығымның негізгі мақсаты да сонда.

- Қызылорда қаласында сіздің атыңыздан өтетін «Туған жер» атты байқау туралы айтып өтсеңіз?

- Мен Сыр бойында туып-өскен адаммын. Жастайымнан сол өлкенің жыр-термелерін, күйлерін құлағыма сіңіріп өстім. Кейін музыкадан жеткілікті дәрежеде білім алып, көзім ашылғанда ғана мен туған өлкенің музыкасы қазақ елінің өзге аймақтарымен салыстыра қарағанда мүлде бөлек болмысты дүние екеніне көзім жетті. Осы орайда, 2006 жылы алпыс жасқа толуыммен байланыстыра  конкурс ұйымдастырдық.  Ол уақытта Қызылорда  қаласының әкімі Икрам Адырбеков болатын. Икрамды  өте білімді, бірнеше тілді жетік меңгерген дипломат  ретінде танимын. Сол 2006 жылдан бастап менің атымнан республикалық конкурс екі жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл да жастарды қолдау болып табылады. Конкурстың мақсаты мені насихаттау емес. Өзге конкурстарды байқасаңыз композитордың  әнін орындау талап етіледі. Ал бұл конкурста менің бір әнім және халық әндері немесе басқа да композиторлардың әндері орындалады. Менің тағы бір қағидам бар-  «Мен –мен едім, мен  едім!» деу тек Махамбетке жарасады. Оның Исатайы болды. Ал менің жанымда Исатайым жоқ. Сондықтан мен ол сөзді айта алмаймын.  Көкірегімді ұрмаймын. «Туған жер» байқауының мақсаты -  қазақ еліндегі талантты жастарды табу, халыққа таныстыру. 

Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова

Арнұр Ахметжанов, боксшы: «Боксты өнер деп қарау керек»
Ерасыл Жакпеков: «Қазақтың тағамына жететін ештеңе жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу