Ерасыл Жакпеков: «Қазақтың тағамына жететін ештеңе жоқ»

Oinet.kz 28-11-2017 1227

Screenshot_10.jpg

Ерасыл Жакпеков, Азия біріншілігінің абсолютті жеңімпазы

Биыл тамызда Филиппинде Пуэрто-Принсеса қаласында жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде қазақстандықтар 6 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлде алып еді. Филиппинде жарылған ақ түйенің қарнын көріп, елімізде жас боксшылар шоғыры қалыптасып қалғанын аңғардық. Осыған орай, біз аталған біріншілікте жүлде алған бірнеше боксшымен сұхбаттасқан едік. Атап айтсақ, 48 келіде мойнынан алтыннан алқа таққан Махмуд Сабырхан, 52 келіде өз мықтылығын дәлелдеген Бейбарыс Жексен, 54 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеген Айтжан Әшіржан, 75 келіде гүрзідей соққысымен қарсыластарын естен тандырған Қуандық Мақсұтов және ақтық сында сәл ғана бақ жетіспеген аса ауыр салмақтағы Арнұр Ахметжановтар бокс әлеміне қалай келді, осыған сұхбат барысында жауап алдық. Бойларында жігер жаныған, көздерінде от ойнаған жастар Олимпиада шыңына шығуды қалайды екен. Бұл – асқақ армандары. 

Біз жақында аталған біріншілікте 70 келіде жұдырықтасып, финалда мерейі үстем болған әбжіл қимылды Ерасыл Жакпековпен тілдестік. Спорт шебері атағын алып үлгерген Ерасыл жайлы қысқаша мәлімет келтірсек, ол біріншілікте көбінесе өзінен 2 жас ересектермен жекпе-жекке шықты. Ол осы Азия біріншілігіне дейін Қазақстан біріншілігінде және Әзірбайжанда өткен халықаралық бокс турнирінде жеңімпаз атанған еді. Филиппинде жеңісті серисын жалғастырды. 

– Филиппін елі бізді өте жоғары деңгейде қарсы алды. Халқы қазақ ұлты секілді қонақжай екен, - дейді қысқа әрі нұсқа сөйлеуді құп көретін Ерасыл. – Біз мұнда келгесін бірден жаттығуға кірістік. Босаңсуға болмайды. Қарсыластарды сыйлау керек. Себебі, ешқайсысы осал емес. 

Мен ең алғашқы жекпе-жекте Өзбекстан боксшымен күш сынастым. Ол біріншіліктке зор дайындықпен келіпті. Ол шаршы алаңда 3 раунд қарымды қарсылық көрсете білді. Дегенмен, 3 раундтан соң жеңілуге мәжбүр болды. Біріншілікті қиын қарсыласпен айқасудан бастағасын ба, келесі кездесулерден ешқандай қиындық көрмедім десем болады. Жартылай финалда жапон боксшымен кездестім. Оны бірінші раундта нокаутқа түсірдім. Ал, финалда 2016 жылы «Азия балалары» жарысында бірінші орын алған Ирак боксшысымен шықтым. Ол рингте біраз қиындық тудырды. 1 раунд толықтай шыдады деуге болады. Тек гонг соғылуға сәл қалғанда мен оны нокаутпен жеңе алдым. Бұл біріншілікте ең есте қалған кездесу – жапон боксшымен болды. Негізі, ол оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Жалпы, жапон халқы жаужүрек келеді ғой. Дегенмен, мен жапондық былғары қолғап шеберіне қарсы кездесуде оны тізерлетуге барынша тырыстым. 

– Тоқырау әрбір адамда болады. Мұндай жағдайдан қалай шығасың?

– Мұндайда мені әкем Талғат Жакпеков алып шығады. Ол – менің жаттықтырушым. Ол кісі мені кішкентайымнан боксқа баулыды. Адам ең бірінші кезекте физикалық тұрғыда емес, рухани тұрғыда өз бабында болу керек. Адам өз-өзін жеңбейінше өзгені жеңе алмайды. 

Біріншіліктен оралғанда мені Семей вокзалында туған-туыстарым ағарғанмен, бауырсақпен қарсы алды. Жүздеріндегі шаттықты көргенде қатты қуандым. Себепші болғаныма. Филиппинде бір апта жүремін деп ұлттық тағамдарды сағынып қалыппын. 

Алдағы уақытта Азия біріншілігне бірге барған жолдастарым секілді Олимпиада жеңімпазы атануды қалаймын.   

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Кеңес Дүйсекеұлы: «Мен–мен, мен едім!» деу тек Махамбетке жарасады»
Бекайдар Тойлыбаев: «Мені «өшіремін» дегендер «өсіріп» жібергендерін білмей қалды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу