Мұхтар Тұрысов: «Әкеме Мұхтар Әуезовтың шарапаты көп тиген»

Oinet.kz 04-09-2008 1214

1538105831_27884_1490041431_680_0_0.jpg

Ел аузында «Шаянның Шолоховы» деп атанып кеткен әкем Еркінбек Тұрысовтың белгілі жазушы болып қалыптасуына әйгілі Мұхтар Әуезовтың шарапаты мен шапағаты көп тигенін қаламгерлер, жалпы әдебиет сүйер қауым жақсы біледі. Әкем екеуінің арасындағы шынайы достықтан, тығыз шығармашылық байланыстан хабары бар адамдар менің есімім Мұхтар қойылу себебін айтпай-ақ түсінетінін өмірде жиі кездестіріп жүрмін. Бірақ сол ұлы Мұхтар Әуезовтың тізесіне отырып менің сәби кезімде суретке түскенімді, осы сурет кейіннен кітаптың мұқабасында жарияланғанын жақын туыстарымыздан басқалар біле бермейді. Біреулер кітаптың мұқабасындағы суретке қарап отырып Мұхаңның тізесіндегі сәбиді ұлы Мұрат деп, енді біреулер немерелерінің бірі болар деп жорамал жасайды. Әкемнің айтуынша Мұхтар Әуезов Оңтүстік Қазақстан облысына бару үшін Алматыдан  жолға шыққанын хабарлап, он айлық мені көріп қайтуға арнайы ат басын бұратынын ескерткен екен. Қуанышты хабарды естіген олар ұйқысыз түн өткізіп, жан-жақты дайындық қамына кіріседі. «1961 жылдың 25-ші сәуірі болатын. Қасына атақты жазушы Тәкен Әлімқұловты, облыс, аудан басшыларын ертіп келе жатқан Мұхтар ағаны көргенде қуанышымыз қойнымызға сыймай сені үкідей үлпілдетіп алдынан алып шықтық. Шәй ішілген соң қонақтар бір сәт тысқа, таза ауаға шыққан кезде Мұхаң өзінің құрметіне есімі қойылған сәбиге айналып-толғанып төрдегі орнынан жылжымай қалып қойды. Үлкен кісілермен бірге жүрген фототілші Үркімбек Елеубеков осы сәтті тиімді пайдаланып, бірнеше рет түсіріп үлгерді», дейді әкем. 

Жақында жолым түсіп, Алматыға бардым. Ұлы жазушының тұрған үйі  мұражайға айналған ғой. Сол мұражайға кіріп шықтым. Үлкен портрет жасалып, төрге ілініп қойылған Мұхтар атамен бірге түскен тарихи сурет көзіме оттай басылды. Суреттің астыңғы жағына «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі жазылыпты. Мұражайдың директоры Дияр Қонаевпен жолықтым. Екеуміз ұзақ сөйлестік. Ұлы тұлғаның тізесінде отырған мен екенімді айтқанымда таң қалды. 

Шүкіршілік, әкемнің дәнекер болуымен талай-талай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен дәм-тұздас болып жүрмін. Айталық жұрт ерекше құрметтейтін Жұмабек Тәшенов Шымкентте қызмет атқарған кезінде қарамағында  2 жыл жұмыс істедім. Шерхан Мұртазамен бірге Ақмешіт үңгіріне барған кезде алған әсерім жиі ойыма оралып тұрады. Бүгінде жасым 48-де. Ұлым Еділжан мен қызым Айжан студент. Әйелім Биғайша дәрігер. 25 жыл ішкі істер саласында қызмет еттім. Запастағы подполковникпін. Қазір «Компания Транс-Секьюрити» ЖШС-нің директорымын. 

Әңгімелескен Раушан БАУДАРБЕК

Шалатай Мырзахметов: «Жұбайыммен «разборка» шешіп таныстым»
Нұржан Төлендиев: Бауырым не тема, шешу үшін жүрміз ғой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу