Нұржан Төлендиев: Бауырым не тема, шешу үшін жүрміз ғой

Oinet.kz 19-12-2008 1610

Screenshot_1.jpg

Шаншар концерт береді дегенде  жұрттың барлық жұмысын тастап, залға  тайлы-таяғымен баратытына үйреніп те қалдық. Әсіресе, театрдың танымал әртісі Нұржан Төлендиевтің айтар әзілін асыға күтеді. Әзіл-сықақ саласындағы аға-буын өкілдерінің  ізін жалғастырып келе жатқан «Тука» жаңа жылда көрермендерін несімен қуантпақ? Мұны білу үшін әртістің өзімен жолықтық. 

-Нұржан,  жұрт сені көрген сайын «тукалап» тани кетеді. Көшеде де, үлкен жиындарда да осы жағдай бар шығар. Өзіңнің персонаңа деген жаппай қызығушылық шаршатпады ма, осы?

-Енді, шаршатады. Кейде той-томалақтарда көп адам мазалайды. Бірі суретке түсіп қалғысы келеді, кейбіреулері әр-түрлі әңгімелер айтып жатады. Тіпті ерсілеу сөзерді естуге тура келеді. Бірақ, көпке топырақ шашуға болмайды ғой. Біреулер мені тура өзім сомдаған Қошан немесе Тука ертінде қабылдайды. Өмірде де сондаймын деп ойлайды. Рас, кейбір мінездердің келетінін жасырмаймын.  Қайтесің енді, басыңа түскен соң шыдайсың да. 

-Халық арасында лезде тарап кеткен  фразаларың өзіңе жиі орала ма? 

-Иә. «Бауырым, тема не? Шешу үшін жүрміз ғой» дегенді өзіме жиі айтады. «Фигураңыз ат екен» деген сөздер соншалықты хит болып кететінін өзім де күтпеген едім. Шүкір, еңбегіміздің далаға кетпегені ғой. «Шаншардың» образдары халықтың есіне жатталып қалды Әйтпесе, сахнада сомдалып жатқан рольдер аз дейсіз бе? Неге екінің бірі ойнаған рольдер жатталып қалмайды? 

- «Шаншардағы» қойылымдарды ойластырғандағы мақсат – халықты тек күлкіге қандыру ма? 

-Жо-жоқ, мүлдем ондай емес. Қоғамдық сана мен тәрбиеге үлкен маңыз береміз.  «Шаншардың әр концерттік кеші бес қойылымнан тұрады. Соның екеуін жәй күлкі үшін қолданамыз. Көрермендер жалығып кетпес үшін репертуарды түрлендіріп отырмасаң болмайды. Мәселен, тәрбиелік маңызы бар, адамгершілік мәселесін қозғайтын дүниелерді көрсетсең, көрерменнің 80 пайызы жалықпауы мүмкін. Ал қалған 20 пайызының ой-өрісі, талғамы басқа болады ғой. Солардың да көңілін аулау керек. 

-Образдарды қалай, қайдан табасың?

-Жүрген жерімде қызықты образ іздеп жүремін. Адамдарды зерттеймін, әңімесін тыңдаймын. Көпшілігін базардан тауып аламын. Танымасын деп, жасырын киініп алып, көшеге шығамын, базар аралаймын. Алматыға автобуспен барамын. Кейде мас адамдар кездесіп, әрдеңені айтып, мазалайды. Бірақ, соның жүріс-тұрысын, сөйлеу манерасын зерттеп отырамын. Қоғамда не тіршілік болып жатыр, жұрттың сөз саптауы қалай, біріне-бірі қандай әзіл айтып жатыр – мұның барлығын өзің аралап шықпай біле алмайсың. Өйткені, тек өзіңнің қиялыңдағы сөздерді айта берсең, мына жақта халық «не айтып кетті мынау» деуі мүмкін. Дегенмен, әр әзілдің астарына ой салуға тырысамыз. Актер болғаннан кейін әйелдің де, жындының да, мастың да образын жасауға мін¬деттісің.  

-«Екі қошқардың басы бір қазанға сыйсайды» деуші еді ғой. Уәлибек Әбдрайымов та, Жүсіп Ақшораев та, нұржан Төлендиев те – шебер әртістер. Араларыңда « актерлік тұрғыдан мен мықтымын» дейтіндей бәсекелестік жоқ па?

-Егер Уәкең, Жүкеңдер таяз ойдағы азаматтар болса, маған деген көреалмастығы болса басты рольдерді бермес еді ғой. Уәкең - өнердің нағыз жанашыры. Менен бірдеңе шығатынын білгендіктен негізгі образдарды ұсынған шығар. Ол кісілермен ешқандай да бәсекелестігім жоқ. Оларды ұстаздарым ретінде сыйлаймын. Маған дейін сатираның қазанында қайнаған, сатираның кемесінде жүрген ел азаматтары. 

-Басты рольдерді қалай бөлісесіздер?

-Бізде мынау бастық, мынау режиссер еді, соған берейік деген мүлдем болмайды. Бұл жердегі негізгі әрі жалғыз-ақ мәселе – кім жақсы меңгеріп, алып кетеді. Мысалы, Жүкең ойнаған рольді мен ойнап көремін, менің ролімді Жүкең де зерттейді. Талай рет ауысқан кездеріміз болған. Мәселен, біздің «тема не, шешу үшін жүрміз ғой» дейтін ролімді алғашында Жүсіп ойнаған. Қарсы алдыма келіп алып, «не болды-ей, бауырым, дікең-дікең етіп?», - деп «рабочийді» сомдаған.  Ал Жүкеңнің ролін мен ойнағанмын. Бірақ, болмады. Жүкеңнің болмысына сай келмеді. Кейін ауыстық. Жүкең бастық болды да, мен «теманы шешуге» кеттім. Өйткені, мен сондай ортаны көріп өстім. Жас кезімде бұзақтау болғанмын  деп едім ғой. 

-Әзіл-сықақ, комедия жанрында биіктен көрініп жүрген әртістердің көбісі іштей қалаптұрса да, сол күйі трагедиялық образдарды ойнай алмай кетіп жатады.  Көп жағдайда халық күлдіргі әртістің тым күрделі ролін қабылдай алмай қалады. Бұл сенің қолыңнан келе ме?

-Қайта комедиялық образдардан көрі драмалық  рольдерді ұнатамын. Кезінде Түркістан театрында Бахтияр Бахадүров деген әзербайжандық танымал драматургтың «Көктүріктер» деген үлкен драманы қойдық. Сол кезде Қыйтай императорының баласы – ханзаданың ролін ойнадым. Ол - басты роль. Драма барысында менің образымды көрермендердің жек көріп кеткенін сездім.   Демек,  ролім сәтті шықты. Премьераға  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 15 минутқа келіп, бас жағын тамашалап кететін болған. Спектакль болса бір жарым сағатқа созылады. Сонда Президент спектакльді тапжылмай отырып, соңына дейін көрді. Қойылымнан соң Райымбек ағамызға алғыс айтып, театрымызға өте жоғары баға беріп, ризалығын жеткізді.  Жалпы,  Райымбек ағаның мектебінде тәрбиеленген әртіс кез-келген ролді алып кетеініне сенімдімін.

-Өзің ән айтасың. Халық арасына хит болып тарап кеткен әнің?

-«Жігітке жеті өнер»   аз дейді. Өнерім болып жатса, халық оны бағалап жатса, неге ән айтпасқа?  «Әу» демейтін қазақ жоқ, домбыра да шертемін, гитараға да ебім бар. Бір кісідей ән айта алатын сияқтымын.  Бұл жағынан кәсіби әншілерден кем түспеймін. Шыны керек,  сатира саласындағы жұмыстарым көп болып тұрған соң, әншілікке көңіл бөлуге  үлгере алмай жатырмын.  Бірақ, соның өзінде қазір жаңа ән жаздырып жатырмын. Құдай қаласа ол да хит болып кетеді деген сенім бар. 

"Рейтинг" газеті

Мұхтар Тұрысов: «Әкеме Мұхтар Әуезовтың шарапаты көп тиген»
Оңтүстікте қай ауданның әкімдері әскерге бармады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу