Шалатай Мырзахметов: «Жұбайыммен «разборка» шешіп таныстым»

Oinet.kz 04-03-2008 1704

34558057.jpg

Шалатай Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәслихатының хатшысы:

Үшінші курста оқып жүрген кезім. Әкемнің ағасы мен  анам «бізді Чапаевка деген жерде тұратын атаңның нағашыларына апаруың керек» деді. Бір нәрсені ішім сезді.  «Тыныштық па, өздеріңіз таба алмайсыздар ма?» демеймін бе, бұлтаққа салып. «Солармен сүйек жаңғыртамыз ба деген ой бар, ақылдасып та қойдық, енді қызды көруіміз керек». Олар енді осылайша әңгіменің ашығына көшті. Көшеден такси ұстап, айтқан жерлеріне апардым. Таксистке кетіп қалмауын ескерттім.  Әкемнің ағасы мен анам екеуін үйге кіргіздім де мен де күлбілтелетпей турасын бір-ақ айттым. «Үйленетін адам мен болсам, өзімнің екі жылдан бері сөз байласып жүрген келіндеріңіз бар. Бұл жақпен  құда-жекжат болып, қона кетеміз десеңіздер өз еріктеріңіз», - дедім де үйден  шығып жүре бердім. Сол кезде әкемнің өзі келмеуінде де бір гәп бар екенін енді түсініп жүрмін. Балам өз айтқанынан қайтпай, меселімді қайтарса қайтем деген ойда болған-ау шамасы.

Өмірлік жарымды алғаш рет жолықтырғанда ол 15-те, мен 17 жаста едім. Кездесуімізді кездейсоқ десем де болады. Менің жастығымның бір ерекшелігі құрбы-құрдастарыммен киноға, паркке, концертке баруға оншалықты құмар болмадым. Есесіне көшеде көбірек жүрдім. Бос уақытымда жаныма ең жақын серік еткенім спорт болды.  Жаттығудан қалып қоймауға тырысатынмын. Бір күні бөлмеде бірге жататын екі досым ренжіп келді. Себебін сұрасам, қыздармен паркке барғанда жергілікті жігіттер түрткен көрінеді. Бұлар екеу, қыздар үшеу. Біреуі артық болған соң тиіскен шығар, кім біліпті. Содан «әлгі жігіттеріңе алып барыңдар, көрейік кімдер екенін», дедім. Ол кезде Шымкент шағын ғана қала. Көшеде көп жүргесін «түрткіштердің» көпшілігін танимын. Жолдастарымды ренжіткен жігіттерді де таниды екенмін, өзіміздің бауырлар болады деп таныстырып қойдым. Жолдастарымның қасында жүрген үш қыздың біреуін алғаш көргеннен ұнатып, қасынан айналшықтап шыға алмай қалдым. Есімі Зина екен.

Үш жылдан кейін ол оқуын бітіретін болды. Осы жолы екеуміз екі жаққа кетсек, қайта кездесеміз бе, кездеспейміз бе, белгісіз.  Оның үстіне мен ата-анамның жалғыз ұлымын, оларға бір сүйеніш керектігін сеземін. Зинаның әке-шешесінің алдынан өтейік десек, байқаймын келісетін түрі жоқ. Перзентінің болашағына кім алаңдамайды дейсің, бір қарағанда олардікі де дұрыс шығар. Жеңгейлеріңнің туып-өскен жері облыстағы ең бір табиғаты тамаша, жері шұрайлы Түлкібас ауданы да, менің кіндік қаным Отырардың қызыл құмында тамған. Ол кезде аудан «Қызылқұм» деп аталатын. Атының өзінен шошитын жер болды ғой. Алайда, қыз келісімін бергесін екеуміз қол ұстастық та ауылдан бір-ақ шықтық. Бұл 1966 жылдың 30 маусымы еді.Үйленгенімізге 42 жыл толды.

Қазіргі жастар арасында бір-бірін толық танымай жатып, асығыс үйленетіндер көп. Олардың арасында жарасымды жұп құрғандармен қатар мінезіміз үйлеспеді деп жататындар да баршылық. Бұл екі адамның тағдыры бүлініп, бір отбасы ойран болды, екі елдің қарым-қатынасы үзілді деген сөз. Алғашында жолы болмағандар қайта үй болып жатар, бірақ «бірінші бақ – бақ» деген сөз тегін айтылмаған.

"Рейтинг" газеті (2008 ж)

«Іздеу-сұраушысы болмаса Тәшеновтің өзі де танылуы қиын»
Мұхтар Тұрысов: «Әкеме Мұхтар Әуезовтың шарапаты көп тиген»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу