Мәди Биғалиев: «Қағазға қарап диагноз қоюды доғару қажет»

Oinet.kz 10-12-2017 888

Screenshot_7.jpg

Мәди Биғалиев, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері

– Мәди Қожаұлы, әңгімемізді пәлсапалық сұрақпен бастайықшы, адамға ауру не үшін беріледі? Ес жинату үшін бе, әлде тәубесіне келіп түзелуі үшін бе?

– Құдай сөйтіп жаратқан. Тірі организм болған соң ауырады. Сосын емделуге әрекеттенеді. Қазіргі медицина, біздің мамандық сондай ізденістердің – нәтижесі. Адамға не үшін ауру беріледі деп сұрауға да болмайтын шығар. Рас, бір ауырып тұрған соң, жаны қиналғанда ненің дұрыстығын, қай әрекетінің бұрыстығын ой елегінен өткізіп, қателігін мойындап, тәубәсіне келіп жататындар бар. Олай түзелуге ұмтылатындар біліп тұрып өз-өздеріне қиянат жасаған жандар болуы әбден мүмкін. Дегенмен, оқып-білгеніміз, дәрігерлік практикамызда кездестіргеніміздей кейбір аурулар туа бітеді. Әрине, он екі мүшесінің сау болып туылмауына ата-анасының салғырттығы да себепкер шығар. Бірақ, ешкім перзентінің дімкәс болып туылғанын қаламайды ғой. Сондықтан оған әке-шешесін кінәлауға да болмас. Сол секілді соқырішекке де қалай және қашан шалдығуымыз мүмкін екенімізді ешқайсымыз білмейміз. Апат та айтып келмейді, оның зардабы адамның қалауынсыз орын алып жатады. Жалпы, аурудың түрлі факторлары өте көп. Салауатты өмір салтын сақтамаған соң жүре пайда болатындары да бар. Олардың қатарына дұрыс күтінбеуден, суықтан, артық ас-ауқаттан пайда болатын сырқаттарды жатқызуға болады. Төтесінен бастырмалата қойған сұрақтарыңыз  осы жүре пайда болатын, ес біле дертке душар болғандарға қатысты болса керек. Нені меңзеп отырғаныңызды түсініп отырмын, «адам баласына ауру қателіктері пен кемшіліктері үшін беріледі» дегіңіз келіп-ақ тұр-ау. 

– Иә, студент кезімізде жантану пәнінен дәріс оқыған психолог «адам екі-ақ нәрседен – жасаған кемшіліктері мен қателіктерінен ауырады» дейтін. Оның ойынша, сіз айтып отырған адам бойындағы туабітті ақауларға ана-анасы кінәлі. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

– Келісуге де болатын шығар. Мен ағайыңыздың пайымын жоққа шығара алмаймын. Ол Құдай адамға сананы оң-солын ажырату үшін берген деп түсіндірген болу керек. Солай сол кездегі студент сіздерге «болашақ ата-анасыздар, өмірге сау ұрпақ әкелу өздерініңіздің қолдарыңызда» деп, қателіктен сақтанудың жолдарын атап айтпай-ақ ұғындырған екен...

– Қанша жылдан бері дәрігерсіз?

– Денсаулық сақтау саласында еңбектеніп келе жатқаныма қырық жылға таяды...

– Ақыл тоқтатқан адамның ғұмырына тең уақыт екен. Осынша жыл тәжірибесі бар кәсіби маманның, үлкен аурухананың жұмысын үйлестіріп отырған білікті басшының ойынша, дәрігер қандай болуы керек?

– Дәрігер болу үшін ең алдымен адамды жақсы көру керек. Рас, түрлі-түрлі мінезді кісілер бар. Кейбіреулер ешкімді менсінбейді. Ауруханаға жедел жәрдеммен әрең жетсе де дәрігерге шекесінен қарап, науқас төсегіне таңылып жататындар бар. Солай екен деп ерегісіп әрекет етсеңіз, ауруды асқындырып аласыз. Оларды емдей алатыныңызға сендіріп қана айықтыруға болады. Бұл кезде сіздің орынды айтылған жылы сөзіңіз де көмектеседі. Дегенмен, ең бірінші кезекте адамды жақсы көре білу өте маңызды. Олай етпейінше дәрігер болу да мүмкін емес. Екіншіден, адам қанша жақсы оқыса да, көп білсе де ұқыпты, өнегелі болмаса, жақсы дәрігер болуы қиын. Үшіншіден, өтірік айтпау керек. Қолыңыздан келетінін, емдей алатыныңызды не жаза алмайтыныңызды жасырмай айтуыңыз қажет. Мұндай қасиетіңіз болмаса, дәрігер бола алмайсыз. Рас, кейбір қиын жағдайларда науқасқа не оның туыстарына жұмсартып жеткізуге тура келетін жайттар болады. Тек алдауға болмайды. Төртіншіден, ақыл сұрай білу керек. Білгеніңізді айту – дәрігерліктен бұрын адамдық парыз! Біліп тұрып ақылыңызды айтпауды мен қылмыс деп санаймын!

– Жұртты жұбатқан кезіңіз болды ма?

– Иә, мен мұны басымнан өткізгеннен соң айтып отырмын.  

– Бұл ота үстелінде жан тапсырған пациентіңіз болғанын білдіре ме? Сол сәтте дәрігер болғаныңызға өкінген жоқсыз ба?

– Жүрегі, өкпесі ауыр жарақаттанып, көк тамыры жарылып, ауруханаға хәл үстінде жеткізілген адамның өмірі маған байланысты болмаса да абдырап қалған кезім болған. Бірақ, хирург болғаныма өкінген емеспін.  Ең қиыны – туыстарына естірту. Түсіндіріп айту өте қиын.  

– Сіз үшін сөз деген не? Сөз бен денсаулықтың байланысы бар ма?

– Науқасты сөзбен емдеп жіберуге де болады. Қатты қиналмаса да бізге түтігіп, аһылап-уһілеп жететіндер бар. Алып бара жатқан ауруы да жоқ сондай сырқаттарды сендіру арқылы жылы сөзбен емдеуге әбден болады. Неше түрлі мінез көрсетіп келетіндер де бар. Бірақ түсінбейтін адам болмайды. Тек психикалық ауытқуы барлар болмаса... Солардың талайы рақметін айтып кетіп жатыр ғой. Сондықтан мен сөз құдіретіне сенемін.    

– Дәрігер мамандығын өзіңіз таңдаған шығарсыз? Әлде бұл ата-анаңыздың қалауы ма?

– Медицинаны өзім қаладым. Бірақ, 5-6 курсқа дейін қандай дәрігер болатынымды білген жоқпын. Дегенмен, хирург атанғаным үшін бармағымды шайнаған кезім жоқ. Дәрігер болғаныма ризамын. Құдайдың қалауымен қаншама науқастың өміріне араша түстім. Ауруларынан айығуларына септігім тиді. Адамдардың алғыстарын алып жүрмін... Дәрігерге бұдан артық не керек?! 

–  Егер дәрігер болмағаныңызда қандай мамандықтың иесі болуыңыз мүмкін еді?

– Құрылысшы шығар, инженер болатын едім. Соған ебімнің барын байқасақ керек, атам сөйтіп айтатын. Жоғары білімі болмаса да молда болған менің атам «дүнияда үш мамандық қашан да керек: білім беретін мұғалім, басыңызға баспана салып беретін құрылысшы, адам баласын емдейтін дәрігер» дейтін. Ата аманатын орындадым деп ойлаймын. Инженер болатын ба едім дейтінім, құрылыстан біраз хабарым да бар. Құрылыс – аяқталғанда көзге көрінетін жұмыс, сондай ауқымды тірлік істегеніңізді сезіне алсаңыз, ол өте үлкен қуаныш!

– Дәрігерлерді, әсіресе хирургтарды жағдайы ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсетуге түн ортасында да шақыртып алып жатады ғой. Солардың арасында өзіңіздің де жүретініңізді жақсы білеміз. Күн-түн демей жүретін, оқыс жағдайларда түрлі ауыр жарақат алғандарды жедел жәрдеммен қабылдап алатын медициналық мекеменің бас дәрігері тәулігіне қанша сағат тынығады? 

– Мен аз ұйықтаймын. Негізі ол дұрыс емес. 4,5-5 сағаттан артық көз іле алмаймын. Дұрыс күтіне алатын адам тәулігіне 7-8 сағат тынығуы керек. Бірақ, мен ол жағынан қиналмаймын. Қажет болса, әскердегідей жылдамдықпен шапшаң жиналып, науқасқа көмектесуге дайын тұрамын. 

– «Ауру – астан» деп жатамыз. Дәрігерлер пациенттеріне дұрыс тамақтану туралы көп кеңес береді. Қалай ойлайсыз, олардың өздері өз денсаулықтарына күтім жасай алады ма? 

– Күн-түн демей науқастың қасынан табылатын дәрігерді дұрыс күтініп жүр деп айта алмаймын. Медицина мамандары да қарапайым адамдар сияқты. Олар да жаны ауырғанда ғана емделеді. 

– Облыс орталығынан басқа қай жерлерде ота жасадыңыз?

– Облыстың бас хирургы болып қызмет еткен жылдары Оңтүстікте мен бармаған жер қалған жоқ. Шалғай ауылдарда да талай ота жасағанбыз. Совхоздарға ұшақпен де, тікұшақпен де, автобуспен де, жеңіл машина жүре алмайтын жерлерге қара суықта жүк көлігімен де, жол жабылып қалған қыстың күндері трактормен де бардым. Кейде ешкімді күтпей қызыл «Жигулиіме» мініп алып, жолдың алыстығына да қарамастан кете беретінмін. Өзім айдаймын. Оны облыстағы бас дәрігерлер, хирургтардың бәрі біледі. Сөйтіп жүріп 4-5 жасар балаларға көп ота жасадым. Солардың алды қазір 35-тен асты. Көбісі үйлену тойларына шақырып жатыр. Әлі де рақметін айтып келіп тұрады, ата-аналары жіберетін шығар. Соларды көріп, қуанасың...

– Өзіңіз ота жасағандардың бәрін танисыз ба?

– Иә, бір көргеннен-ақ танимын.

– Қырық жылда қанша ота жасадыңыз?

– Санап көрмеппін.

– Шамамен...

– Бес мыңнан асып кеткен шығар, бәрін қосқанда. Қазір осы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында бұрын соңды болмаған ірі оталарды жасап жүрміз, бауырға, асқазанға, ұйқы безіне, ішекке, бүйрекке... Соңғы үш-төрт жылда транплантацияны сәтті жүзеге асыруға қол жеткіздік. Бүгінге дейін 90 адамның бүйрегін ауыстырдық. 10 науқасқа бауыр трансплантациясын жасадық. Бұл – командалық жұмыс. Бір отаның өзі хирург, анестезиолог, реанимотолог, терапевт, гепатолог, лаборант, УДЗ аппаратының және компьютер мамандарынан бастап санитар, мейіргерлерді қосқанда жалпы жиырма шақты адамның қатысуымен жүзеге асады. Осының бәрін бір адам үйлестіруі керек. Олар бір адамға сенуі керек. Идея менікі болған соң басшы ретінде ең басты жауапкершілікті алу, үйлестіру – менің міндетім. Бірақ, бізге мұны жасайсыңдар деп ешкім тапсырма берген емес. Өзіміз ұмтылдық, «Астанада, Алматыда жасауға болатын отаны неге біз істей алмаймыз?» деген сұраққа практикалық жауап іздедік, талпындық. Облыс әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы бізді қолдады. Байқаған шығарсыз, мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ. 

– Отандық медицинамыз қарқынды дамуда, бұрын соңды болмаған оталар жасап жатырмыз деп жаһанға жар салғанымызбен шенеуніктердің көбі неге шетелде емделеді? 

– Оны шетелде емделетін шенеуніктердің өздерінен сұрағаныңыз жөн-ау. Бірақ, солардың барлығы дерлік өзімізде медициналық тексеруден өтеді. Диагнозын қойып береміз. Емдеу біздің де қолымыздан келеді. Бірақ, жағдайы барлардың шетелдерге шипа іздеп кететіні рас. Дегенмен, соңғы жылдары өзімізде емделетіндердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. «Тура сендер қойған диагнозды қайталап айтып берді» деп оралғандар да болды. Олардың талайы шетелге барып, ол жақта жасатпай қайтып келіп, осында операция жасатты. Негізі сырт мемлекеттерде емдеу ақысы қымбат! Рас, біз емдей алмайтын, тек Оңтүстік Кореяда, Израильде жазылатын аурулар бар. Бірақ, ондайлар өте сирек, он мыңның біреуі болуы мүмкін. Ондай кез келген мемлекетте кездеседі. 

– Біздің қазақстандық қоғамда дертіне ем қонбаса не ауруы асқынса, ең алдымен медицина мамандарын кінәлау белең алып барады. «Дәрілерлердің қателігінен осындай халге душар болдық» деп редакцияға шағымын айтып келетіндер аз емес.  Осы дәрігерлік қателік туралы айтып беріңізші... Неден орын алады?

– Өте ауыр сұрақ. Дәрігерлік қателік бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да бола береді. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Бірақ соған жеткізбеуге тырысу керек. Дәрігерлік қателікке ұрынбас үшін ота жасап жатқан хирургтардың ұстаздары болу керек. Әр хирургтің қасында біліктілігі жоғары тәжірибелі маманның болуы міндетті. Өз тәжірибемде қандай жағдай болмасын кәсіби шыңдалған, тәжірибесі мол маманды аға дәрігер етіп бекітемін. Ота жасалуы керек пе, жоқ па, аға дәрігермен ақылдасып шешіледі. Онсыз ешқандай шешім қабылданбайды! Тіпті ота кезінде де жас дәрігер қасындағы тәлімгерінен дұрыс-бұрысын сұрап, әрекет етуі тиіс. Сонда ғана дәрігерлік қателік аз болады. Егер отаға қатысушылардың әр қайсысы өз саласы бойынша өзімбілермендікке салынатын болса, қателіктен көз ашпайтынымыз анық. Ұстаздарының, қасындағы тәлімгерінің мықты болуы өте үлкен маңызға ие. Ал, дәрігерлік қателік орын алды ма, жоқ па, оны тек тәуелсіз эксперт қана айтады. Теларналарға, газет-журнал, сайттарға барып, «дәрігердің қателігінен болды» деп айту өте үлкен айыпттау! Журналистер де арызданушы айтты деп хабар таратуы анықталмаған жағдайдың ушығуына себепкер болып жатады. Жамандық тез тарайды ғой. Мың адамның өмірін арашалап қалған дәрігердің беделі, бар абыройын бір қателікпен жуып-шайып тастайтынымыз өкінішті, әрине. Бір жақтама қараймыз. Бұл жағынан алғанда бізге журналистердің, сіздердің көп көмектеріңіз, сөз жәрдемдеріңіз керек. Қазір түймедейді түйедей етіп жеткізуге құмарлар көп қой. Олардың қайсысы болса да өздерін бір сәт дәрігердің орнына қойып, ойланып көрсе, олай етпеген болар еді. Өз басым осы қағиданы берік ұстанамын. Біреуді кінәламас бұрын оның әрекетін өзімше зерделеп шығамын. Оның орнында өзім болғанда не істегенг болар едім, соған дейін ой елегімнен өткізіп көремін. Сосын барып бір шешімге келемін. Әлгі эксперттерге аурудың тарихы таныстырылғанда да ота жасаған хирургтың, емдеуші дәрігердің аты-жөні айтылмауы керек. Сонда ғана әділ баға беріледі. 

– Сіздің пациентіңіз болу үшін не істеу керек?

– Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Тек маған сеніп келуі керек. Науқастың өзін алып келсе болды. Көп адамдар науқастың соңғы анализдерін алып келеді де «көріп беріңізші» дейді. Жалпы, осы қағазға қарап диагноз қоюды доғару қажет. Ауруды көру керек. Шалғайдағы ауданнан келіп тұрады, парақтарын жинап. «Неге келдіңіз? Ауруды алып келіңіз» деп қайтарамын. 

– Бос уақытыңызда немен әуестенесіз?

– Мен қайда барсам да демалысымды кітап оқуға арнаймын. Дәрігер болған соң тек медициналық кітап қарайды деп ойламаңыз. Тарихи дүниелерге көп қызығамын. Барған жерімді жаңа кәтап көрсем, міндетті түрде сатып аламын.

– Мәди Қожаұлы, арнайы уақыт бөліп, сыр бөліскеніңізге көп рақмет!

Сұқбаттасқан Заңғар ӨМІРЗАҚ

Түгелбек Қасымұлы, веломарафоншы: «Адамға ой тазалығы керек екен»
Ләззат Спанқұлова: «Денсаулық – экономикалық жағдайға да тәуелді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу