Баян Дүйсебекова: «Жедел-жәрдем қызметінің мүмкіндігі зор»

Oinet.kz 22-12-2017 708

Screenshot_7.jpg

Баян Дүйсебекова, жедел-жәрдем дәрігері

Ауру аяқ астынан. Сол үшін де жедел медициналық көмектің дер кезінде әрі сауатты жасалғаны бәріміз үшін де маңызды. Заманауи жедел-жәрдем қызметі дегеніміз не? Ол ең алдымен біліктілігі жоғары, ең қиын жағдайда да алғашқы медициналық көмек бере алатын мамандар легі. Елімізде заманауи медициналық жедел көмектің жай-жапсары қандай деген сауал бәрімізді де қызықтырады. Осы орайда, осы салада жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті маман Баян Алтынбекқызымен сұхбаттасып, жедел-жәрдем қызметінің мүмкіндігі мен қазіргі медицина саласындағы маңызды мәселелер жайында ой бөлісудің сәті түсті. 

– Жедел жәрдемді ең ең көп шақыратын кімдер? Және оларды негізінен қандай ауру түрі мазалайды?

– Негізінде созылмалы аурулары бар, есепте тұратын науқастар жедел-жәрдем көмегіне жиі жүгінеді. Ауа-райының өзгеруіне байланысты, мәселен, күн қатты ысыған мезгілде, қан қысымы көтеріліп кетті деп шағымданатындар көп. Егер, нақты цифрларды сөйлетер болсақ, жедел-жәрдемді ең көп шақыратындар тізімін қан-жүрек тамырлары жүйесімен ауратындар бастайды. Біздің көмегімізге жүгінетіндердің, шамамен 25-30 пайызы аурудың осы түріне шағымданады. Екінші орында – тыныс алу органдары зақымданғандар дер едік, шамамен 20–25 пайыз науқас дәл осы аурудың себебінен біздің көмекке жүгінеді. Одан басқа түрлі хирургиялық паталогиялар (15-20 пайыз), қатты жарақат алғандар (10–15 пайыз) жедел-жәрдем шақыртады. Жедел-жәрдем көлігі түрлі жол-көлік апатына ұшырағандар да көмек көрсететінін ескерсек, осындай аяқ асты дертке, оқыс жағдайларға душар болғандар да жедел медициналық көмекке көп зәру болатындардың қатарында дер едім.  

– Жедел медициналық көмек көрсетудің ережелері қандай?

– Жедел медициналық көмек дегеніміз – денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жағдайлар туындаған кездегі медициналық көмек ұсыну.  Өзіңіз де білетін боларсыз, Қазақстан жақында ғана жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа тәртібін енгізді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жедел медициналық көмек көрсету ережелерін бекіту туралы бұйрығы бойынша, ендігі уақытта алғашқы медициналық көмекті дәрігерлер бригадасы жеткенше медициналық білімі жоқ адамдар да көрсетуі мүмкін. Бұйрықта, сонымен қатар жедел жәрдем бригадасының түскен қоңыраудың шұғылдығына байланысты келіп жету уақыты да айқындалған. 

Жедел жәрдем бригадасы уақытына қарай 10 минут пен бір сағатқа дейінгі аралықта баратын шұғыл төрт категорияға бөлінеді. Тарқатып айтар болсам, «денсаулығы мен органдарының жұмысы кенеттен бұзылмаған және айқын білінбеген», яғни, денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төніп тұрмаған науқастар жедел жәрдем қызметін бір сағатқа дейін күтуі мүмкін. Бұл науқастарға жергілікті поликлиникалар жанындағы жедел медициналық бөлімшелер арқылы көмек көрсету жоспарланған. Ереже бойынша, өміріне тікелей және аса қауіп туып тұрған науқастарға жедел жәрдем 10-15 минут аралығында жетпек. Ал денсаулығына аса қауіп төнбеген науқастар жедел жәрдемді 30 минутқа дейін күтуі мүмкін. Бұл категориядағы науқастарға жедел медициналық жәрдем станциясы қызмет көрсетеді. 

Жедел-жәрдемді шақырту санатына байланысты сараланған тәсіл қолдану тәжірибеге енгізілген. Бірінші санат – науқастың өміріне тікелей қауіп төніп, жедел түрде медициналық көмек қажет болса, бригада 10 минуттың ішінде жетуі тиіс. Екінші санат – өмірге қауіп төніп тұрса, бригада 15 минутта жетуі керек. Үшінші санат – адамның өміріне емес, денсаулығына қауіп төнсе, жедел жәрдем көлігі 30 минутта жетуі тиіс. Төртінші санат – егер науқасты өткір аурулар мазаласа немесе созылмалы аурулары асқынса, алайда, ағза мүшелері мен жүйелері бұзылмаса, өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбесе, бригада шақыртуға бір сағат ішінде бара алады. 

Осы жерде мынаны ескерте кеткен дұрыс қой деп есептеймін. Шақыртулардың алғашқы үш санатына жедел медициналық жәрдем станцияларының деңгейінде, ал, төртінші санатына емханаларда тәулік бойы жұмыс жасайтын жедел медициналық қызмет көрсету бөлімшелерінің деңгейінде қызмет көрсетіледі. 

Қазіргі таңда жедел-жәрдем көліктері заманға лайықты навигация, жаңа құрылғылармен жабдықталған. Мәселен, көліктерге GPS-навигация орнатылғалы мекен-жайды адаспай табу мүмкіндігі көп. Жедел-жәрдем бригадасы екі минутта жиналып, көлік жүргізуші 8 минутта діттеген жеріне жетіп үлгеруі тиіс жағдайлар да бар. 

Біз жасқа толмаған бала ауырды деп шақырса, бес минут көлемінде жетуге тырысамыз. Жүкті әйелдер ауруларына да бірінші кезекте көмек береміз. Аяқ асты күрделі дене жарақатын алғандарға да жедел көмек көрсетуге тырысамыз. Бұлай санамалап айта берсек, әңгімеміз ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

Жаңа ереже бойынша енді есін білмей талып қалған, тыныс алуы тоқтаған, ауыр жарақат алған науқастарға жедел жәрдем 10 минут ішінде жетеді. 2-топқа жататын демікпе, дене қызуы көтерілген 3 жасқа дейінгі балалар, уланған, басы айналған науқастарға 15 минутта медициналық көмек тобы келеді. Ал жеңіл жарақаттар, іш ауруларына жедел жәрдем қызметі 30 минутта барады.

Жедел жәрдем қызметінің уақытында әрі сапалы орындалуы үшін бригаданы шақыртарда мынандай тәртіп сақталуы керек: 

1) «103» қызметіне өтініш білдіргенде, науқастың немесе зардап шегушінің аты-жөні, тегі, нақты мекенжайы, кіретін есіктің код нөмірі,  сондай-ақ, үй ауласына кірудің төте жолы туралы ақпарат берілуі керек. Сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем қызметінің диспетчерімен қажетті бригада саласын (кардиологиялық, педиатриялық, фельдшерлік) анықтау үшін қойылған барлық сауалдарға дұрыс жауап беру керек.

2) Жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін науқастың немесе зардап шегушінің жанынан бөтен біреулерді алыс ұстаған жөн.

3) Бригада келгенге дейін науқастың ауруы туралы мәлімет беретін үйдегі бар медициналық құжаттарды (ем¬ханалық амбулаторлық карта, нау¬қастың сырқаты туралы карта, ауру тарихы, электрокардиограмма, жүкті әйелдің ауыспалы картасы және т.б.) дайындап қою керек.

4) Науқас ауруханаға жатқызылатын боп шешім қабылданған жағдайда санитарлық автокөлікте бір жақын адамының бірге баруына рұқсат етіледі.

– Маусымдық аурулар деген болады. Сөздің басында өзіңіз айтып кеткендей, күн ыстықта қан қысымы жоғарыласа, күн салқында түрлі жұқпалы аурулар, дене қызуының көтерілуі, т.б. себептермен шақыртатындар бола ма? Әлде мұндай науқасқа шалдыққандар жедел-жәрдемнің емес, жергілікті емхананың көмегіне жүгінуі тиіс пе?

– Мойындау керек, халықтың көп бөлігі денсаулығына салғырт қарайды. Әбден асқынып, көмек көрсетудің тәуекелі артқан кезде ғана жедел-жәрдем шақыртады. Мұндай жағдайда кейбір науқастар дертінен айығып кетсе, енді бірі өмірімен қош айтсып жататыны жасырын емес. Осындай оқиғалардан кейін дәрігерлерге таяқтың бір ұшы келіп тиетіні белгілі. Қазақстанда аурудың алдын алуға баса көңіл бөлінген. Мемлекет жыл сайын әрбір ел азаматының жергілікті емханаларда тегін кешенді медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасап отыр. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті халық әлі дұрыс пайдаланбай келеді. 

Қазір халықты кешенді медициналық тексеруден өтуге үгіттеп, жергілікті емхананың қызметкерлері насихат жұмыстарын жүргізудей-ақ жүргізеді. Тіпті, бұл бағытта Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы да қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ денсаулығын күтуге бет бұрған халықтың қарасы аз. Сондықтан болар, бізге маусымдық аурудан бұрын, денсаулығына салғырт қарайтыны себепті, ауруын асқынтып алғандар жиірек шақыратынын айта кеткен жөн. 

Мәселен, жедел-жәрдемді жасы үлкен әйел шақыртты дейік. Науқаспен сөйлесу барысында оның қан қысымы жиі көтерілетінін білесің. Бірақ қан қысымым көтерілді деп жергілікті емханаға барып, ем-шара қабылдамайды. Егер ол жергілікті емханаға барып, учаскелік дәрігер жазып берген дәрілерді уақытылы ішіп тұрса, жедел-жәрдем шақырудың да қажеті болмайтын еді. Ал біз ол уақытта жедел-жәрдем көмегіне шынымен мұқтаж өзге бір жанды емдеп жатар едік. 

Бүгінде дамыған елдер жоғары медициналық қызметті өркендетуге күш салып жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардан Қазақстан да ол саладан шет қалып жатқан жоқ. Сондықтан, маусымдық ауру түрлері болсын, басқа ауру түрлері болсын, медицинаның жетістіктерін пайдалана отырып, әр адам өз денсаулығына жауапкер өзі екенін естен шығармаса, көптеген мәселенің алдын алған болар едік. 

Тағы да ескерте кететін жайт, шұғыл медициналық көмек сақтандыру жүйесінен тыс барлық Қазақстан азаматтарына көрсетілетін болады. Оған жұқпалы аурулардың 16 түрі, өкпе  ауруы, қатерлі ісік пен қант диабеті, сирек кездесетін ауру түрлері мен психикалық ауытқуы бар науқастарға алғашқы көмек көрсетіледі. Ал оны тексеру, ары қарай емдеу шаралары сақтандыру аясында ғана жасалады

– Сіздерге жұмысқа жаңадан алынған жас маманға қойылар талап қандай?

– Жедел-жәрдем қызметкері әркез науқастың көңілін таба білуі керек. Жылы сөйлеп, жаны ауырып тұрған дертті адамның ауруын жылы-жылы сөздерімен де жаза білуі тиіс. Білік пен тәжірибие жыл өте жинақталар, алайда қайырымдылық, науқасқарға деген мейірім жедел-жәрдем қызметкерінің қанында болуы тиіс. Жедел-жәрдем қызметкеріне жүктелген жауапкершілік зор. Сол жауапкершілікті лайықты атқара алуы тиіс. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы.

Әсел Ергешқызы, радиожүргізуші: «Бала хақысын жемеген абзал»
Махамбет Бейсеуов: «Медицина – менің өмірім...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу