Аяш Байсұлтанова: «Ұзақ өмір сүру орындалмайтын арман емес»

Oinet.kz 22-11-2017 783

Screenshot_26.jpg

Фото Time.kz

Аяш Байсұлтанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас геронтологы

– Аяш Шәріпханқызы, қарттық дерт пе, қалыпты жағдай ма?

– Қартаю дерт емес, қалыпты жағдай. Өмірге шыр етіп сәбидің келгені қандай ақиқат бола, қартаю да сондай мойындалған өмір шындығы. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Жалпы адамзатқа берілген ғұмыр ғылыми түрде тәжірибеде дәлелденгендей 100-120 жас деп есептеледі. Бірақ, біз сол жасқа жетіп жатырмыз ба? Не себепті ұзақ өмір сүре алмаймыз? Біздің мақсат – ұзақ жасау ғана емес, белсенді және сапалы ұзақ өмір сүру. Ол үшін не істеуіміз керек? Бұл бағытта қандай мәселелер бар? Герантология осы мәселелерді зерттейтін ғылым. 

Герантология ғылымы қазіргі таңда Қазақстан бойынша өзекті болып табылады. Мемлекетіміз жас болса да, Тәуелсіздігіне енді 26 жыл толса да, заманауи талаптарға және өзіміздің өмір сүру салтымызға байланысты қазақстандықтардың орташа жасы 72 жылды құрайды. Осыдан 10 жыл бұрын адамдар 60-65 жаста өмірден өтіп жататын. Қырық жыл сүрілмеген уақыттар қалатын... Әрине, мұның бәрі өткен кезең болса да өкінішті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Үкімет алдына қойып отырған талаптарына сай жыл өткен сайын халықтың әл-ауқатының жақсаруы, жан-жақты, экономикалық, әлеуметтік, медициналық тұрғыда дамуымыз өміріміздің ұзаруына да оң әсерін тигізіп жатыр. Алға қойған меже бойынша әлемдегі дамып бара жатқан елу ірі елдің қатарына қосылдық. Енді Елбасы міндеттеген 30 дамыған мемлекеттің қатарына енеміз. Ол үшін елдің басты байлығы халықтың, азаматтардың қуатын аттырып, денсаулығын түзеуіміз қажет. Ұзақ жасау, белсенді және сапалы өмір сүруіміздің орташа жасы 82-84 болуы керек. Бұл өткен ғасырдағыдай арман емес, қол жеткізуге болатын мақсат, дамыған елдердің қол жеткізген жетістіктері. Ең бастысы халықтың денсаулығы, білімі, өмір сүру тәртібі дұрыс болуы керек. Сонда ғана біз өзімізді бақытты және дамыған мемлекет қатарына қоса аламыз. 

– Денсаулық сақтау министрлігінің геронтолог маманы болған соң сізді аттай қалап алдыртып, кеңесіңізге құлақ түретіндер өңірлерде көп шығар?..

– Сапалы өмір сүру дегеніміз – салауатты өмір салтын қалыптастыру, ол жас талғамайды. Саналы өмірін сапалы өткізгісі келетін кез келген есті адамнан қартайған кісіге дейін белсенді болуға ұмтылуы керек. Өмірге деген қызығушылығын бесеңдетпей, оптимист болуы тиіс. Бұл мақсатта біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі – дұрыс насихат жұмыстарын жүргізу. Соның нәтижесінде адам дұрыс күтінсе, жақсы қартая білсе, еңбегіміздің зая кетпегені. Дегенмен, мұның бәрін жалғыз өзім атқара алмайтыны анық. халықтың бәріне үлгере алмайсың. Сондықтан еліміздің ең халқы тығыз орналасқан өңірге арнайы шақыртумен келіп, ең алдымен денсаулық сақтау саласының мамандарына үш күн дәріс оқыдым. Алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында қарттар денсаулық мектептері бар. Сол жерде өткен менің семинарыма қатысқан азаматтар сапалы өмір сүрудің қыр-сырын тұрғындарға түсіндіреді. Дәрігерлер пациенттеріне алдына келгенде, болмаса учаске аралағанда айтады. Одан бөлек облыстағы денсаулық мектептерінде шеберлік сағаттарын өткіздім. Олардың жұмыстарын жандандыру, егде жастағы адамдар мен қариялардың денсаулығын күтуде насихат жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйреттім. Қарттар үйлеріне барып, қариялармен кездестім...

– Қартаю дегеннен шығады, жалпы қазақстандықтардың төлқұжаттарындағы жасы биологиялық жасымен сәйкес келе ме?

– Адамдардың төлқұжаттағы жасы мен табиғи болмысының қалыпты жағдайыының әр түрлі сәйкестігі бар. Дегенмен, отандастарымыздың төқұжаттарындағы жасы мен биологиялық жасында 5-6 жылдық айырма бар. 

Жер бетінде тіршілік пайда болғаннан бері, қай заманда болса да жоғары лауазымды ел басқарған адамдардан бастап, елмен етене араласқан басшылардың қай-қайсысы болмасын ұзақ өмір сүруді алға мақсат етіп қойған. Адам ешқашан аз өмір сүруді қаламаған. Ұзақ өмір сүру дегеніміз міндетті түрде мұнша өмір сүрем деген бағдармен өзін-өзі мәжбүрлеу болмауы тиіс. 

– Қартаймаудың жолы бар ма?

– Қартаймаудың бір жолы – миды жұмыс істету қажет. Зейнет жасындағы адамдардың шығармашылықпен айналысқаны, соған қарай бейімделгені жақсы. Тіл үйрену де миға көп көмектеседі. Жаңа мамандық таңдауына, қарым-қабылеті жетіп тұрса, қолынан келсе, кәсіпкерлікпен айналысуына болады. Қимыл-қозғалысы ширақ кісілердің белсенділігін бәсеңдетпегені абзал. Біздің арамызда қартайдым деп қайғы ойлап кететіндер аз емес. Жалпы дамыған елдерде зейнеткерлік жас адамдардың өмір сүруге деген екінші тынысын ашатын, басқа қырларынан дамуына мүмкіндік беретін кезең саналады. 

Ал одан бөлек қазіргі таңда қартаймау үшін медицинаның, әртүрлі заманауи технологиялардың, түрлі косметологиялық өзгерістердің нәтижесінде жасарып жүргендер бар. Бірақ, беттегі әжімдерді алып тастау мүмкін болғанмен ол адамның табиғи қартаюын тежей алмайды.

– Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылуы керек дейсіз. Дамыған елдерде адамдардың ұзақ өмір сүру жасы қанша? Бізде ше? 

– Дамыған елдердің көшін Жапония бастайды. Жапон халқының орташа өмір сүру жасы 84 жыл. Одан кейінді орындарды иемденетін Канада, Англия, Сингапур, Малайзия, Финляндия мемлекеттері тұрғындарының орташа жасы 82 жылды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 63 орында тұр, біздің орташа жасымыз – 72. Әрі қарай тағы 10 жыл өмір сүру үшін өнеге етіп алып отырған дамыған елдердің халқының бізден жасырып келген жасарудың құпия-сырлары не болмаса басқа да емдік дәрілері жоқ. 

Әрбір салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында қариялар мектебі болуы тиіс. Ондай мектептер елімізде бар, Оңтүстік Қазақстанда да бірнешеуін өзім аралап көрдім. Ал, емханаларда «белсенді және сапалы өмір сүрудің қандай сырлары бар?» дегенге жауап бере алатын ұзақ өмір сүру мектебі болуы қажет. Мамандандырылған медицина қызметкерлері қарияларға көп дәрі-дәрмектен гөрі зейнет жасына жеткенде немен айналысу керектігін, бұл кісілердің ағзаларында қандай резервтік күштер бар, қоғамға, мемлекетімізге және соңынан еріп келе жтқан буын өкілдеріне өнеге болатын өмір сүру тәртіптерін қалыптастыру маңыздылығын түсіндіруі керек. 

– Көріп жүргеніміздей, біздің қоғамда зейнетке шықса да жұмыстан қол үзгісі келмей, өзінен кейінгілермен жарысып жұмыс істегісі келетіндер бар. Жалпы, пайғамбар жасынан асқаннан кейін жұмыс істеген дұрыс па?

– Жұмыс істеймін деген адамды ешкім тежей алмайды. Зейнет жасына жеткендердің жұмыс ортасы өзгеруі мүмкін. Заң бойынша мемлекеттік мекемелерде бір жылдан артық жалғастыруына болмас. Дегенмен, жекеменшік компанияларда қызмет етуіне ешкім шектеу қоя алмайды. Жеке шығармашылықпен айналысып жүрген зейнеткерлердің іс-әрекеттері соның айғағы бола алады. Бұл тұрғыда алғанда елімізде әйелдердің зейнет жасын бірте-бірте, кезең-кезеңімен ерлердің жасымен теңестіру дұрыс деп ойлаймын. Көп балалы аналар, ауыр жұмыс істеген ер азаматтар 63-тен кейін жұмыс істеу алмау да мүмкін. 

– Қартайған адамды айтпағанда егде тартқан кісілердің өздерінде де ұйқы проблемасы аз кездеспейді. «Ұйықтай алмаймын» деп шағымданатындар жетіп артылады. Мұның сыры жастың ұлғаюына байланысты ма?

– Егде тартқан адамдардың арасында ұйқының азаюы физиологиялық заңдылық. Қанша ерте жатса да аз ұйықтайтыны соның белгісі. Бірақ, бұл мәселе бүгінде жастарда да кездеседі. Өйткені қоғам компьютерленіп барады. Теледидардың алдында көп отырамыз. Тіпті осы жыламасыншы деп ес біліп қалған балалары былай тұрсын, сәбилеріне де қолдарына смартфон ұстатып қоятын ата-аналарды да көріп жүрміз. Бір мезеттік тыныштық үшін оны ойыншықпен алмастыруға болмайды. Бұдан басқа балалардың өздері өздеріне білместікпен жасайтын әртүрлі стрестік факторлар да бар. Мұның бәрінің міндетті түрде кері әсері болады. Бұл ең алдымен ұйқы тәртібінің бұзылуына әкеліп соғады. 

Жұмыс тәртібі 8 сағат. Ұйқы тәртібінде адам сағат 22:00-ден түнгі 3-ке дейін міндетті түрде ұйықтауы керек. Осы аралықта біздің ағзамызда тынығуымызға байланысты мелотонин гормоны түзіледі. Ол адамның ұзақ өмір сүруіне ықпал етеді. «Ұйқы қашты» дейтіндердің көбінде осы мелотонин төмен. Біз шағымданып келетіндерді невропотолгог, геронтолог дәрігерлерге қаралуға жолдап, мелотонин гармонының түзілуін қалыпқа келтіретін дәурумендік дәрі-дәрмек тағайындау арқылы ұйқысын қалпына келтіруге кеңес береміз. Оның нәтижелері де жаман емес. Мамандардың кеңестерін бұлжытпай орындаған азаматтардың өмір сүру белсенділігі артқанын күнделікті өмірде көріп те жүрміз. 

– Егде тартқан адам ұзақ өмір сүру үшін қалай дұрыс тамақтану керек?

– Дұрыс тамақтану тәртібін бала жастан қалыптастыру қажет. 60 жастан асқан адамдарда жасару процесі жүрмейтіндіктен уақытылы тамақтану тәртібін сақтау маңызды. Майлы, асқазанға қорытуға ауырлық түсінетін тағамдарды тойып ішіп-жеуге болмайды. Оның орнына сұйық асқа бейімделген абзал.  

Сұхбаттасқан Жансая ТЕМІР

Махамбет Бейсеуов: «Медицина – менің өмірім...»
Шенол Жәдік: «Нейрохирургияның жаңалықтары көп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу