Нұржан Төлендиев: «Шаншардан» - «Алдараспанға»

Oinet.kz 19-09-2009 2860

Screenshot_4.jpg

Көптен бері айтылып келген қауесет расталды. Танымал актер Нұржан Төлендиев «Шаншар» әзіл-сықақ театрынан бөлініп шығып, өз алдына жеке «Алдараспан» театрын ашпақшы. Ел аузында «Тука» аталып кеткен әзілкештің соңынан «Шаншардың» бір топ актерлары да еруге дайын. Жаңа бастаманың болашағы қандай болмақ? «Алдараспан» көрермендеріне не ұсынады? Өзге театрлармен, оның ішінде  «Шаншармен» бәсекелес бола алады ма? Орайы келіп, көрерменді мазалап отырған осы сұрақтарды Нұржанның өзіне қойдық.

- «Шаншардан» кетсем» деген ой алғаш рет қашан пайда болды?

- Мұндай ой театрға келген  алғашқы жылы-ақ пайда болған. Ал нақты шешімді биыл қабылдадым. Әрине,  ұжымды қимайсың. Дегенмен, тәуекел! Қазірдің өзінде де «Алдараспан» бүкіл Қазақстанға танымал. Дискілерін іздеп жатады. Театрдың аты өзгеруі де мүмкін. Оны уақыт көрсетеді. Құдай қаласа «Алдараспанды» үлкен деңгейдегі сатира театрына айналдырып, жылына бір рет сапалы концерт беруді көздейміз. Қазір әртістерді іріктеп жатырмын. Екі-үш ай көлемінде театрдың толық бет-бейнесі, құрамы белгілі болады. 

-  «Шаншар» театрының бағдарламасындағы көрермендердің көзайымына айналған «Тука», «Үбән» секілді образдарыңыз «Алдараспанда» да көрініс табады ма?

- Көрінуі де мүмкін. Бірақ, айна-қатесіз көшірме болмайды. Өңделген түрде жаңа қойылымдарда пайдалануымыз мүмкін. Дегенмен, мүмкіндігінше жаңа образдар қоюға барынша тырысамыз.

- «Шаншардың» мен «Алдараспанның» қойылымдарының арасында ұқсастықтар болады ма? 

- Әзілдің барлығы біріне-бірі ұқсайды ғой. «Шаншар» ғана емес, «Бауыржан шоу», «Шымкент шоу» секілді театрлардың барлығы да бір стильді ұстанады.  Дегенмен, ерекшеліктерді енгізу жайын да қарастырып жатырмыз. Музыкалық интермедия, пародия, пантомималар қоюымыз мүмкін. Қазақ сатирасында пантомима мен пародия өте аз қамтылған ғой. Бұл ойымыздың қаншалықты сәтті шығатынын уақыт көрсетеді. 

- Елден естіген әңгімеміз: Нұржан Төлендиев «Нысана» немесе «Шымкент-шоу» секілді әзіл-сықақ театрларымен қосылып, жаңа театр ашуы мүмкін» екен. Әсіресе Берікпен бірге одақ құрудың мүмкіндігі жоғары-мыс.  Бұл қаншалықты рас?

- Оның барлығы бекер әңгіме. Бұл әңгіме Астананың тойынан соң шыққан болса керек. Сонда Берік екеумізді жүргізуші ретінде шақырды. Бірақ, интермедия ойнап, роль сомдағанымыз жоқ. Тек кешті жүргізумен шектелдік. Берікпен қосылады деген әңгіме осыдан шыққан болар. Бірақ,  ондай жолды тіптен қарастырғаным жоқ. Беріктің өзінің театры бар, оған біздің үш қайнаса да сорпамыз қосылмайды.

- Жаңа театрдың құрамына қандай әртістер кіреді?

- Әзірше құпия бола тұрсын. Бірақ, көпшілікке танымал, «Шаншарда» көрініп жүрген әртістердің көпшілігі бізден табылады.

- Жұлдызай Дүйсенбиева ше?

- Жұлдызай да болады деп отырмыз.

- Актерларды қандай критерийлер бойынша іріктеп жатырсыз?

- Басты талаптың бірі – Райымбек Сейтметов мектебінің түлегі болу. Мақсатымыз - сол кісінің шәкірттерін іріктеп, ұстазымыздың атын шығару.

 Қазір әзіл-сықақ театрларына КВН ойыншыларын көптеп тарту үрдісі байқалуда. Сізде ондай ой жоқ па?

- Жоқ, бізге ұстазымыз Райымбек Сейтметовтың шәкірттері де жетеді. Ол кісінің мектебі – Қазақстандағы №1 мектеп деп мақтанып та жүрміз. Менмін деген алты алаштың маңдайына біткен азаматтардың көбісі Сейтметовтен тәрбие алған. Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев – барлығы да Райымбек ағамыздың мектебінен шыққан азаматтар.

- Театр – тек қойылым қою ғана емес, басқа да мың сан шаруасы бар күрделі құрылым. Қаржылық қиыншвлвқтар мен ұйымдастыру жұмыстарының  жүгін өзіңізге арқалауға тура келеді. Сізге түсетін ауыртпалық тым күшейіп кетеді деп сескенбейсіз бе? Шығармашылығыңызға нұқсан келмей ме?

- Әрине, ауыртпалық түседі. Қарамағында қанша адам болса, сонша отбасының тұрмысы сенің мойында болатыны, барлығына жалақы беру оңайға соқпайтыны  айтпаса да түсінікті. Бірақ, тәуекел түбі желқайық. Ойбай, қиын екен деп қол қусырып отыра бергеннен түк шықпайды. Барлығы өзіммен үзеңгілес, қатарлас азаматтар болған соң тәуекел деп, қиыншылықты бірге көтереміз деп келістік. Бұл қиыншылықтардың шығармашылыққа да   нұқсан келтіруі мүмкін деген қорқыныш та жоқ емес. Тауды қопарып тастаймыз деп айтпаймын. Бірақ, театр мүшелерінің  барлығы  арнайы білім алған, кәсіби актерлар. Негізгі үмітім де осы.   

- Театрдың ғимараты бар ма?

- Жоқ, театрдың әлі ештеңесі де жоқ. Әйтеуір, бір-біріміздің үйімізге барып,  бас қосып еңбектеніп жүрміз. Әсті-әсті болады деп ойлаймыз. Көрермен де бірден жинала қоймайды ғой. Кезінде «Шаншар» да қаншама жылдар бойы жинады көрерменін. Сондықтан, қорқатын ештеңе жоқ. Оның үстіне, сатирамен қатар трагедиялық дүниелермен шұғалдану жоспарымызда бар. Кәсіби актерлар болған соң бұл бағытты да айналып өте алмаймыз. Жұлдызай, Еркебұлан барлығымыз спектальден өстік. Райымбек Сейтметовтың театрының қабырғасында жүргенімізде талай спектакльдерде ойнағанбыз. Тіпті Елбасының алдында да өнер көрсеттік. Драматургияға да көшіп, бәлкім, телеспектакль ретінде де шығаруымыз мүмкін.

- «Шаншарды» сағынбайсыз ба?

- Әңгіменің ашығы, «Шаншар» - Қазақстанды мойындатқан театр. Тіпті сатирадағы ең биік шыңға жетті. Оны кәсіби  театрлар да, халық та  мойындады. Өзімнің түлеп ұшқан ұям болған соң, әрине, ондағы болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп жүремін. «Шаншардың» жанашыры болып қала беремін.  Дегенмен, кім біледі, бәлкім «Алдараспан» «Шаншардың» деңгейіне жетер ме, жетпес пе.  Ол жағын айтуға әзірше ерте.

Әңгімелескен Бекбол Қалдыбек

Гүлнәр Сиқымбаев: Ұрлығым ашылып қалды
Әбілсейіт Рабаев: «Заңда мансап пен мандатқа артықшылық қаралмаған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу