Мүшел жасқа мән бересіз бе?

Oinet.kz 29-12-2010 2988

Screenshot_3.jpg

      Мүшел жас -адам ағазасының медицинада белгілі болған гармондық жүйесінің жаңару кезеңдерімен тұспа-тұс келеді екен. Адам ғұмырының ұзақтығына сәйкес он мүшел жас есептеліп алынған. Алғашқы мүшел 13 жастан басталады. «Он үште отау иесі» деп осыған байланысты айтылса керек. Одан кейінгі әр 12 жыл бір мүшел ретінде қосыла береді. Алғашқы мүшел қазақта ер жете бастау деп аталған. Одан кейін жігіттік жас, ақыл тоқтау, орта жас, кемел шақ, қарттық, кәрілік, қалжырау, шөпшек сүю, немене сүю болып бөлінеді.

       Ғылыми негіздерге сүйенсек, әрбір мүшелдің 12 жастан тұратынында астрономиялық байланыс бар. Мәселен, 12 жылда Юпитер өз орбитасымен Күнді бір айналып шығады, ал Күн жүйесі планеталарының ғарыш кеңістігінде өзара бір қалыпта орналасуы бір үлкен мүшелде (5 мүшел) қайталанады. Күнтізбекке көз жүгіртіп көрейік. Бір жыл он екі айдан, бір тәулік 2 он екі сағаттан, ал бір сағат 5 он екі минуттан, тиісінше, 1 минут 5 он екі секундтан тұрады.

        Мүшел санаудың биологиялық негіздері де өте көп. Адам ДНК-сы 12 оралымнан тұрады. Әрбір он екі жыл сайын адамның физиологиялық дамуында ерекше құбылыстар болып тұрады. Айталық, алғашқы мүшел 13 жас - жыныстық кәмелеттің басталуымен тұстас келсе, 25 жаста - бой өсіретін гормон жұмысын тоқтатады. Ал 49 жас - ұрық қабілетінің азая бастауымен ерекшеленеді.

     Қазақта әр алуан ырымдар, наным-сенімдер аз емес. Солардың бірі мүшел жас. Мүшел жасқа байланысты ел арасында не айтылады? Мүшел жасқа деген көзқарас қандай, оған қаншалықты мән беруге болады? Осынау сауалдар төңірегінде  санаулы күндерден соң табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жылда—2011 жылы мүшел жасқа толатындармен және биылғы жылмен бірге мүшел жасты шығарып салғалы отырғандармен ой-пікір бөліскен едік.  

     Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары:

         «Бір тылсымның бары рас»

  Шыны керек, бұл мәселеге аса көңіл бөле бермейтінмін. Бірақ, мүшел жас деген ұғымға сенемін. Бір тылсым құпия бар секілді осы тұста. Мүмкіндік болса, мүшел жаста ел аузында айтылып жүрген ырым-нанымдарға, жөн-жоралғыларға көңіл бөліп тұрғанның артықтығы жоқ. Сақтыққа, тазалыққа, денсаулыққа, адалдық пен адамгершілікке айрықша назар аудара түскен дұрыс. Ешкімді ренжітпеуге әрекет жасап, жақсы ойлар ойлаған да жөн. Есейген кезде өзіңмен бірге отбасыңның да жағдайы қосымша жауапкершілік жүктейді. Сол себепті ештеңеге бей-жай қарауға болмайды. Жалпы мүшел жаста табиғаттың заңдылығы, сонымен қатар физиологиялық тұрғыда да бір заңдылық бар ғой деп ойлаймын. Әрине, ғалым болмағаннан кейін толыққанды түсіндіріп айту қиын, дегенмен, адамның дене құрылысы мен өмір жолында бір өзгеріс байқалатыны анық.

     Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихаттың депутаты:

  «Әкем ауырып-сырқамаған адам еді...»

     Ата-бабаларымыз мүшел жасты қатерлі деп тегіннен-тегін айтпаған. Он екі жылда бір келетін бұл жаста аса сақ болған жөн. Адам әр нәрсені өзінің басынан өткергеннен кейін біледі ғой. Мен де жас кезімде мұндай мәселелерге көп көңіл бөле бермейтінмін. Бұған Кеңес заманындағы атеистік көзқарас та әсерін тигізбей қоймады. Қазір жағдай да, көзқарас та басқаша. Менің әкем тура төрт мүшел жасында көз жұмды. Сол жасқа дейін аурудың не екенін сезінбеген ол бір жылда-ақ жүректен кетті. Мұндай жайттар өте көп. Өмірі ауырмаған, жап-жас, зіңгіттей жігіттің мүшел жасында бақилық болғанын білемін. Мың сан ырымға сене беруге де болмайды, бірақ, он екі жылда бір айналып келетін мүшел жастың жөні бөлек. Иманымыз жүрегімізде, тілімізді Кәлимаға келтіріп, құдайға жалбарынудан жалықпауымыз керек. Құдайы тамақ беріп, жетім-жесірлерге киім-кешек таратып дегендей, қолдан келген қайырымдылық амалдарын жиі жасап тұрған жөн. Жалпы қай жаста болмасын қайырымдылық әрекеттерді үзбеген жақсы. Өз жағдайымнан байқағаным, мүшел жасқа кіргеннен бастап жиі сырқаттанатын болып алдым. Бәлкім, сәйкестік те шығар. Дегенмен, сақтанып жүрген жөн, бірақ, көңілге жаман нәрсе алмау керек. Құдай да сақтанғанды сақтаймын дейді ғой. Ал көңілге қорқыныш алсаң, сол қорқыныш шындығында болып қалуы да мүмкін. Сол себепті, жақсы ниетпен, жақсы нәрселерді ғана ойлап жүру керек. Мүшел жасқа толғаннан өзімнің жақсы көретін, қимас киімдерімді, жеке заттарымды құрбыларыма үлестіріп бердім. Таласып-тармасып алып кетті. Бұл әрі ырым, әрі қызық нәрсе. Ал алдағы тағдырымыз бір Аллаға ғана аян.  

    Серікбай Ибадуллаев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:

   «Мән беріп жүрген жоқпын»

     Мүшел жаста аса бір күрделі мәселе көзге көрініп тұрған жоқ, бірақ, ата-бабаларымыздан келе жатқан нанымды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Дегенмен, осы кезге дейін бірнеше мүшел жасты артқа тастағанымызбен, қауіпті кезеңді кездестірген жоқпын. Бағалы заттарыңды сыйға  беру керек деген секілді ырымға да мән бере қоймаппын. Бірақ, тазалыққа, сақтыққа ұдайы көңіл бөліп, құдайы тамақ беріп тұруды ұмытпаймын. Мүшел жассыз-ақ жетім-жесірге жәрдем беріп тұруға дағдыландық. Ораза ұстау, зекет беру, намаз оқу, құрбандық шалу секілді нақты бір парыз немесе уәжіп болмағандықтан мүшел жасқа қатысты ырымды орындай бермеймін. Болмаса әдеби, ғылыми кітаптарда Абай Құнанбаев мүшел жаста мынадай істепті, Шәкәрім анадай істепті немесе Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров секілді қоғам қайраткерлері мүшел жасқа байланысты түген шара ұйымдастырыпты деген қандай да бір дүниені кезіктірген жоқпын. Не аңыз, не нақтыланған сөз жоқ.

 Мұқан Егізбаев, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

    «Жөн-жоралғыларды жасадым»

     Мүшел жастан өту – ескінің өліп, орнына жаңаның пайда болуы сияқты мифологиялық үндестікпен де ұштасқан. Сол себепті де халық сенімінде мүшелдің ауысатын жылдары қауіпті кезең болып есептеліп, жаңа мүшелге келгенде адам одан аман өту үшін саналы түрде қауіп-қатерден сақтанып жүреді. Ертеректе ата-әжелеріміздің ұлдары мен қыздарына «мүшелден аман шықты» деп той жасап жататыны содан.

     Мұсылман баласының бұрыннан мән беретін мүшел жасқа қатысты жайттар жайдан-жай болмауы керек деп ойлаймын. Әрине, күнделікті күйбең тіршілік, мың сан шаруаның арасында мүшел жас үнемі есте жүреді деп айта алмаймын, бірақ, биыл мүшел жасқа кіргеннен кейін құдайы тамақ беріп, құран оқыттым, шүкіршілік ете отырып мүшел жасқа қатысты айтылатын бірқатар жөн-жоралғыларды жасадым.

Ерлан Нұрмаханов, «Ернұр корпорациясы» ЖШС-ның президенті:

«Аса көңіл бөле қоймадым»

Биыл туылған күнім қасиетті Ораза айына тұспа-тұс келді. Атап өтпедім. Мүшел жасқа қатысты ырымға аса қатты көңіл бөлген жоқпын. Кішігірім құдайы жасап, ескергеніміз болмаса басқа да жөн-жоралғыларын жасауға әуреленбедім.

Мұхит Тұрғараев, облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары:

«Көзқарасым өзгерді»

Мүшел жасқа мән бермесе болмайды. Ағайын қарындасым мүшел жасында түсініксіз дертке душар болып, ескіше оқытып жүріп, беті әрең бері қарады. Содан бері мүшел жасқа деген көзқарасым өзгерді. Өзім мүшел жасқа кіргенімде құдайы тамақ беріп, тұтынып жүрген, жақсы көретін киімдерімді сыйға тарттым. Көреген ата-бабаларымыз мүшел жаста абай болу керектігін босқа айтпаған. Тіпті, бұл адам ағзасын зерттейтін ғалымдар тарапынан ғылыми тұрғыда да дәлелін тапқан дүние.   

Бақытжан Алдияр, ақын:

«Ақырын жүріп, анық бас...»

Біздің ұлт әу бастан-ақ мүшел жасты қасиетті һәм қатерлі жас деп есептеген. Мүшел жаста абай болу керектігін есте жоқ ерте кезден ескертіп келеді. Астрономия ғылымы дамымай тұрған кезден "Он сегіз мың ғалам" деп біздің ғаламшарда он сегіз мың жұлдыз барын дәл айтқан қазақпен толық келіспеугешарамыз қайсы? Мен де биыл мүшел жасқа ендім. Кім білсін, бәлкім қатерлі жас та шығар. Данышпан Абай айтпақшы «Ақырын жүріп, анық басуға» тырысып көрерміз. Олай ете алсақ. Дегенмен, алдағыны бір Алла ғана біледі.

Сауалнаманы жүргізген Шадияр Молдабек

Мұхтар Шерім, сатирик: «Алдараспан» орындап жүрген «Еуромола» менің шығармам»
Нұрмахан Жолдасов: «Жыл сайын көкпарға автокөлік тігемін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу