«Балық басынан шіриді». Сот төрағасы Баратбеков кеткеннен бір нәрсе өзгерді ме?

Oinet.kz 18-02-2021 2144

Жоғарғы сот пен Түркістанда судьялардың «пара берді», «пара алды» деген айыптармен ұсталғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «сорақы жағдай» деп атап өтті. Құзырлы органдардың таратқан мәліметіне қарағанда, пара түркістандық судьяны бір соттан екінші сотқа ауыстыру үшін берілген.  Жоғарғы соттың судьясы М.Жанғұттинов осыған ықпал еткенге ұқсайды. 

Талғат Баратбеков.jpg

М. Жанғұттинов былтыр желтоқсанға дейін Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі болған. Бұл мәліметті Жоғары сот кеңесінің өзі таратты. Сыбайластық судьялардың біліктілігін бағалап отыратын Жоғарғы сот кеңесіне жеткен соң, басқасына не айтуға болады?! 

Түркістан облыстық соты операцияны Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі мен антикордың бірлесіп жүргізгенін, бұл жөнінде өздерінде ешқандай ақпараттың жоқтығын мәлім етті. Дегенмен сот саласында жүрген қызметкерлердің айтуынша, пара берді деген күдікке іліккен судья Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сотында істеген. Ол бұл жерге  былтыр қарашада Шымкент қаласындағы аудандық соттардың бірінен ауысып келген. Яғни осы деректерден сыбайластық әрекеттердің  былтыр қарашаға дейін болғаны аңғарылады. 

Бұл істің бір ерекшелігі, құзырлы органдарға ешкім арызданбаған. Параны беруші де, алушы да бірдей ұсталған. Шамасы, антикор қос судьяның телефонын тыңдап, олардың әрекеттерін ұзақ уақыт бойы аңдып келгенге ұқсайды. Төбебилер ақырғы сәтте, яғни ақпанда  алдын ала уәделескен параны алу, беру кезінде қолға түскен тәрізді. 

Түркістан облысында судьялардың парамен ұсталуы тоқтамай келеді. Былтыр  жыл басында облыстық соттың судьясы Ә.Рахымбаевтың 3 миллион теңге парамен, өзінің пәтерінде құрықталғаны белгілі. Маусымда облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов кәсіпкерден 300 мың теңге алды деген күдікпен ұсталып, Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Осы жағдайлардан кейін Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтың отставкісі туралы мәселе көтерілді. Тамызда кейбір ақпарат құралдары Талғат Баратбековтің Президент Тоқаевқа жазған хатын жария етті. Осы хатында төраға Рахымбаевтың судьялық қызметке тоқсаныншы жылдары, ал Бекімбетовтің азаматтық алқаның төрағалығына 2015 жылы тағайындалғанын атап өтеді. Ата заңда жазылғандай, жергілікті соттардың төрағаларын, судьяларын Жоғарғы сот кеңесінің кепілдемесі негізінде президент тағайындайды. Яғни Жоғарғы сот кеңесі кепілдеме береді, Президент тағайындау жөнінде Жарлық шығарады, ал судья парамен ұсталса, сот төрағасы жауап береді. Бұл әділетті ме? 

Ақыр аяғында Талғат Баратбеков қызметінен кетті. Жуырда облыстық сотқа басқа төраға тағайындалды. Бірақ одан өзгерген рәсе бар ма?  Сол баяғы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер. Бақсақ, судьялар параны кәсіпкерлерден ғана емес, өз-өздерінен де ала береді, ақшаға келгенде Жоғарыда отырғандар да ар-ұятты ұмытып кетеді екен. Осы сорақы жағдай «балықтың басынан шіритінін» дәлелдеп тұр емес пе?!

«Рейтинг» газеті, №7, 18 ақпан 2021 жыл

Жолаев неге екі сөйледі?
Қосанов келесі Президент сайлауына түсе ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу